Павлодар облысында өткен тәулікте 7 адам санавиацияның көлігімен ауруханаға жеткізілді

Шұғыл медициналық көмек қажет болған науқастардың арасында жаңа туған нәресте де болды. Санитарлық авиация дәрігерлері ауыр жағдайдағы науқастарды аймақтың түрлі қалалары мен аудандарынан облыс орталығына әуе транспортымен жеткізді.

Санитарлық авиацияның көмегіне ең алдымен Баянауыл ауданының дәрігерлері хабарласқан. Аудандық ауруханаға мидағы қан айналымы нашарлаған ер адам келіп түскен. Сондай-ақ, тағы бір науқас инсультқа шалдығып, екеуі де Павлодарға әуе көлігімен аттандырылды.

Бұдан бөлек, тағы да екі бригада Екібастұз қаласына аттанды. Оның біреуі денесін қатты күйік шалған бір жасар баланы, ал екіншісі туа біткен жүрек  ауруы бар нәрестені облыс орталығына әкелді. Ақтоғайлық ақ халаттылар да санавиацияның көмегіне жүгінді. Таңертең мұнда «екі жақты бронхопневмония» және «ауа жетіспеушілігі» деген диагнозбен үш жасар бала келіп түсті.

Тереңкөл аудандық ауруханасының дәрігерлері санавиацияның көмегімен миокард инфарктісінің белгілері анықталған 1958 жылы туған науқасқа көмек көрсетті.

Түнде санавиацияға тағы да екі шұғыл жағдай бойынша  қоңырау түсті. Ақсуда ер адамның мидағы қан айналымы нашарласа, Тереңкөл ауданында жол көлік апаты орын алған. Зардап шеккендердің бірі Павлодарға реанимобильмен, екіншісі тікұшақпен жеткізілді.

Әлихан Рахметоллаұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *