Павлодар облысында 5 кәсіпорын өнеркәсіптік сертификат алды

Өнеркәсіптік сертификатқа ие болған кәсіпорындардың қатарында үш тігін,  кабель-сым мен жиһаз өнімдерін өндіруші фабрикалар бар. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік сатып алуларға тек өнеркәсіптік сертификатпен қатыса алады. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының сертификаттау жөніндегі маманы Светлана Воронцованың айтуынша, индустриялық сертификат біздің еліміздің аумағында тіркелген және өндірісті жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін негіз болып табылады. Өнеркәсіптік сертификат кәсіпкерлерге бірқатар бәсекелестік артықшылықтар береді.

— Алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» қорының алдын ала біліктілік іріктеуінен өту кезінде сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарлануда, — деді Светлана Воронцова. — Соған байланысты өнеркәсіптік сертификат иелері оны алдын ала біліктілік іріктеуінен өту кезінде қолдана алады және жалпы балл сомасының қосымша 20 пайызын ала алады.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік сертификат мемлекеттік сатып алуға қатысуға, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шетелде жылжыту бойынша шығындарды өтеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда облыста өнеркәсіптік сертификаттың иегері болғандардың ішінде бес кәсіпорын бар. Олар: «Tailor-S» тігін фабрикасы» ЖШС, «Қазақ зағиптар қоғамының Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны», «Қазақ зағиптар қоғамының Екібастұз оқу-өндірістік кәсіпорны», «Казэнергокабель» АҚ, «Трoya» ЖШС. Сондай-ақ, павлодарлық өндірушілердің тағы үш өтінімі қаралуда.

Маман сатып алу ережесіндегі өзгертулер осы уақытқа дейін жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қатысты екеніне қарамастан, кабель және сым өнімдерін өндіруші «Казэнергокабель» АҚ сертификат алуға өтініш білдіріп, отандық өндірушілердің тізіліміне сәтті өткенін айтады. Бұл кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің облыстық кезеңінің жеңімпазы және республикалық байқауда облыстың атынан шығады.

Индустриялық сертификатты алу үшін кәсіпкер ЭЦҚ қолдана отырып doc24.kz сайтында тіркелуі керек. Сертификат алу рәсімі екі кезеңмен жүзеге асырылады және кәсіпорын кезең-кезеңмен бақыланады. Бірінші кезеңде сала маманы өндіріс жағдайына талдау жүргізеді. Өндірістің нақты жағдайын кәсіпорын ұсынған деректермен салыстырады.

Екінші кезең — Павлодар қаласы Луговая көшесі, 16 мекенжайы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінішті тапсыру.

— Бұл кезеңде біз өндірісті, құжаттаманы, лицензияларды, рұқсаттарды, сәйкестікті растайтын құжаттарды, салық есептілігін, қауіпсіздік ережелерін тексереміз, — деді Светлана Воронцова. — Бұдан басқа, кәсіпорынның қызметкерлерін оқытуды, мемлекеттік сыйақылар мен гранттардың бар-жоқтығын қадағалаймыз. Қажет болған жағдайда құжаттар қайта қарауға жіберіледі немесе өнеркәсіптік сертификат беру туралы шешім қабылданады.

Өнеркәсіптік сертификатты алуға қатысты барлық сұрақтар бойынша кәсіпкерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына 66-03-11 немесе ішкі 5527 нөміріне қоңырау шалып, ақпарат алуына болады.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *