Павлодар облысының әкімі аймақтың құрылысшылары мен тауар өндірушілеріне кәсіби ассоциация құру туралы ұсыныс жасады

Өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында аймақтың құрылысшылары мен тауар өндірушілері бас қосты. Жиында мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмай жүрген отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі сөз болды.

Жергілікті құрылыс компанияларының басшылары жергілікті тауар өндірушілері жасап шығаратын өнімдердің бағасы кей-кезде шарықтап кететіні сондай, қажетті материалдарды шет елден алдырған тиімдірек болып шығады. Сонымен бірге, құрылысқа қажетті кей тауарлар елімізде мүлдем шығарылмайды.

— Бізге бетон араластыратын құрылғылардың қалақшалары, экструдерлер, ұнтақтағыштарға қажетті биобалғалар қажет, Ал, Қазақстанда бұл тауар атымен жоқ, — деді кездесуде «Вершина» ЖШС-ің жетекшісі Әлібек Қуанышев. – Жыл сайын біз бұл құралдарды сатып алуға 100 миллиондаған қаражат жұмсаймыз. Ақшаның бәрі шет елге кетеді, ал, бұл жабдықтар өзімізде шығарылса, елімізде қалар еді.

Мердігерлер мен тауар жеткізушілердің арасындағы түйінді шешу үшін аймақ басшысы Болат Бақауов құрылысшылар мен тауар өндірушілердің ассоциацияларын құруды ұсынды. Бұл бірлестіктер екі тарапқа өзара мәмілеге келуге мүмкіндік берер еді.

— Біз Түмен облысында болғанда жергілікті құрылысшылар ассоциациясының өкілдерімен кездестік, — деді Болат Бақауов. – Аталмыш ассоциация жергілікті атқарушы биліктің өзімен тең дәрежеде сөйлесіп, облыстық заң шығарушы жиынның депутаттары арқылы өзінің мүддесін қорғай алады.

Кездесу соңында облыс әкімі отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі комиссияға өзі төрағалық ететінін жеткізді. Комиссия мүшелері тоқсан сайын жиын өткізіп отырады. Ал, шұғыл мәселелер туындаса, жоспардан тыс та кездесе алады.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.