Соңғы 10 жылда Ұлттық қордың ақшасы көп жұмсалды

Шолпан Әйтенова — мемлекеттік қаржы, қоғамдық саясат және мониторинг саласында 15 жылдық тәжірибесі бар сарапшы, қаржы магистрі. Жергілікті өзін-өзі басқару және жергілікті бюджеттің ашық индексі (OlBI), бюджеттің ашық индексі (OBI), тау-кен өнеркәсібінің ашық бастамасы сынды халықаралық бастамалар және мемлекеттік басқару стандарттары саласында танымал сарапшы. Бүгінде «Zertteu Research Institute» ҚҚ атқарушы директоры.

 

— Мемлекеттің басқару жүйесі халықтың қаржылық сауатын арттыруға мүдделі емес. Мұның себебі неде?
— Өте орынды сұрақ. Мұның бірнеше себебі бар. Мемлекет өзін халықтың қаржылық сауатынан бұрын, құқықтық сауатын ашуға міндетті деп санайды. Және де осы мақсатта бірнеше бағдарлама дайындалған. Ал қаржылық сауатын арттыруды негізгі міндеті деп санамайды. Себебі бюджетті қалыптастыратын да, оны жұмсайтын да тіпті бюджет қаржысын жинайтын да — мемлекет. Үкімет мүшелері халықтың бюджет қаржысына қатысы жоқ деп ойлайтын болар. Бәлкім, халықты бюджет шығындары мен кірістеріне сараптама жасай алатын деңгейде емес деп ойлауы да мүмкін. Рас, қоғам мүшелері көп жыл бойы бюджеттің қайда жұмсалатынына мән берген жоқ. Тұрғындардың бюджеттің жұмсалу процесіне мән беруіне бюджет жұмысының ашық жүруі мен ақпараттандырудың қарқын ала түскені әсер етеді. Біздің елде бюджет қаржысының қайда жұмсалғаны толық айтылмайды, тек белгілі бір бөлігі жайлы жария болады. Кез келген мекеме өзінің бюджетінің қайда, қалай жұмсалғаны туралы ақпарат бергеннен гөрі, заңнамалық талаптарды сақтауға көп көңіл бөледі. Мысалы, біз кез келген мектеп немесе аурухананың сайтына кіріп бюджетін көре алмаймыз.
— Бұл тұрғыда әлем елдерінің ұстанымы қандай?
— Дүниежүзілік мемлекеттік басқару трендтерін алатын болсақ, «ашық үкімет», «мөлдір бюджет» деген ұғымдарды кездестіреміз. Экономикасы мен өмір сүру сапасы жоғары мемлекеттерде бюджетті қалыптастыру барысында халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Мұның демократияға қатысы шамалы, олар бюджетті қалыптастыру, жұмсау ісіне тек экономикалық тұрғыдан зер салады. Мәселен, бюджет ақшасына бір мектеп салынады делік. Міндетті түрде халықтың сұранысы ескеріледі. Балаларға қандай мектеп керек, математика ма, әлде өнер мектебі ме? Қазір қанша бала бар? Болашақта қанша бала тууы мүмкін? Халықтың өсімі қандай? Осы сауалдың барлығы ескеріліп, тиісті жұмыс басталады. Егер ата-ана болашақта бұл мектепті қажетсіз деп тапса, бюджеттің ақшасы босқа кеткен боп саналады, сол себепті бюджет жайлы халыққа мейілінше шынайы ақпарат беріледі. Бюджетті бекіту процесіне халықты араластыру прагматикалық тұрғыда өте дұрыс.
— Қазақстанда бюджетті қалыптастыру үдерісіне халық арасынан шыққан қарапайым азаматтар қатыса алады деп ойлайсыз ба?
— Бюджетті заң бойынша бекіту процесі бар, оның жобасын жергілікті әкімдік қалыптастырады. Мәслихаттан өтпес бұрын алдымен Қоғамдық кеңес қарайды. 2015 жылдың қараша айында елімізде «Қоғамдық кеңес» жайлы заң қабылданған болатын. Оның мақсаты бюджеттің бекітілуіне қоғам мүшелерінің қатысуына қамтамасыз ету болатын. Алайда қоғамдық кеңестердің құрамына тағы да баяғы экс-депутаттар, шенеуніктер, кейбір саясаткерлер мүше болып алды. Оларды халықтың сенімді өкілі деп айта алмаймыз. Мұндай жиындар көбіне шартты түрде өтеді. Кеңес құрамында бюджет жайында жақсы білетін, ұсыныс енгізе алатын мамандар бар ма, жоқ па, белгісіз?.. Кейінгі үш жыл ішінде белгілі бір қоғамдық кеңес өкілдерінің ұсынысанан соң бюджетке мынадай өзгертулер енгізілді деген ақпарат оқыған жоқпын.
Дүниежүзі практикасында бюджетті талқылау — қоғамдық процесс. Теледидарда, газеттерде бюджетке қатысты түрлі дебаттар өткізіледі. Депуттаттар газеттер мен теледидарда сұхбат беріп, бюджетті қалыптастыруда өздерінің ұсыныстары мен қарсылықтарын айтады. Халық митингіге шығуға дейін барады. Ал біздің елдің тұрғындары пікір таластырмақ түгілі, мәслихатта қандай депутаттар бар екенін де білмейді. Әбден бюджет бекітіліп, жұмсала бастағанда ғана мойын бұрып қарайды. Әлбетте, бұл қоғамның бюджетке өте салғырт қарайтынын көрсетеді. Қоғам мүшелері өте селқос. Бұған қоса халық өзі сайлаған депутаттардың ісін жіті қадағалауы керек. Мәселен, мәслихат, мәжіліс депутаттары өз жұмысын сенімді атқара ма? Бюджет бекітуде белсенді ме, оның қабылдануына әділетті ұсыныс айта ала ма? Өзіне сенім артқан халықтың пікірін тыңдай ма?..
Егер мемлекет тұрғындары өздері сайлаған депутаттарды осы айтылған талаптар төңірегінде қадағалап отырса жұмыс алға жылжиды.

 

Азаматтық қоғам құруда маңызды фактордың  бірі — сенім

— Азаматтық қоғамның белсенділігі жайлы айтып қалдыңыз. Елімізде азаматтық қоғамның дамуы қай деңгейде?
— Скандинавия елдеріне (Швеция, Норвегия, Дания) халықтың 80 пайызы кем дегенде бір қоғамдық ұйымға мүше болады. Орташа есеппен бір адам 3-4 қоғамдық ұйымның мүшесі болып тіркеледі. Қазақстанда белгілі бір ұйымға мүше болу, еріктілер қатарына қосылу, уақытын қоғамның пайдасына шешілетін қандай да бір шараға жұмсау дағдысы қалыптаспаған. Оның себебі де әртүрлі. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін экономикалық, қаржылық дағдарыс басталып, халық күнкөріспен, жан бағумен ғана шектелді. Бюджеттің ашықтығы туралы ойлануға уақыты да, мүмкіндігі де болған жоқ. Арада 20 жылдан аса уақыт өтті. Халықтың тұрмысы түзелген сияқты, экономикамыз да жақсарды. Дегенмен азаматтық сана-сезім нығайған жоқ, адамдар бір-біріне сенім арта алмайды. Сенім — экономикалық өсімнің кепілі, азаматтық қоғам құруда маңызды фактордың бірі.
— Бес сәбидің қазасынан кейінгі қоғамның әрекетін қалай бағалар едіңіз?
— Белгілі математик, философ Нассим Талебтың «Антихрупкость» кітабында «Қоғам жаңа бетбұрыс жасау үшін мемлекет өте қиын жағдайды бастан кешіру керек» деп жазады. Бұған қаржы дағдарысын бастан кешкен мемлекеттерді мысал етуге болады. Экономикалық, әлеуметтік, саяси дағдарыс қайталанбас үшін мемлекеттер, басқарушылар, халық қоғамға ерікті түрде өзгеріс енгізе бастайды. Болашақта мұндай дағдарысқа жол бермеудің амалын қарастыру маңызды. Міндетті түрде келешекке болжам жасап отыру керек. Нассим Талебтың теориясын біздің елдегі «бес сәбидің қазасы» растап отыр. Құрбан болмағанда біздің Үкімет көпбалалы аналардың жағдайына назар аудармайтын еді. Бұл билік жүйесінің әлсіздігін айқын көрсетіп тұр. Біздің биліктің әдеті қайғылы жағдай болғанда ғана бір проблемаға мән беріп қарайды. Егер ел ішіндегі жағдай әбден ушығып, шегіне жетпейінше үнсіз отыра береді. «Реактивті ұстанымдағы» жұмыстар қысқа мерзімге арналады. Нәтижелі мемлекеттік жүйеде «проактивті ұстаным» болу керек. Яғни, қай іске де мемлекет бастамашы болады. Мәселен, көпбалалы аналардың әлеуметтік тұрмысын зерттейді, проблемаларды анықтайды, бюджетін бекітеді. Егер бюджет қаржысы аз болса, 5-6 жылдың ішінде басты проблемаларды шешудің жолдарын ұсынып, нақты қадам жасайды. Оның жүзеге асуын қадағалайды. Халық арасына анық ақпарат таратып, ағарту жұмыстарын жүргізеді.

 

Халық әлеуетінің артуы бюджет қаражатының тиімді жұмсалғанын көрсетеді

— «Нұр Отанның» соңғы съезінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Ұлттық қордан 1 триллион 250 миллиардқа жуық қаржы бөлінетіні айтылды. Ұлттық қордың қаржысын қайта-қайта жұмсау қауіпті емес пе?
— Ұлттық қордың екі функциясы бар: тұрақтандыру және жинақтау. Тұрақтандыру экономикамызға ақша жетіспей жатса, дағдарыс болған жағдайда ұлттық қордан ақша алып, экономиканы тұрақтандырамыз. Соңғы 10 жылда біз Ұлттық қордың ақшасын шектен тыс көп жұмсадық. «Нұр Отанның» соңғы съезінде Ұлттық қордағы ақшаны әлеуметтік саясатқа бөлу туралы айтылды, бұрын-сонды мұндай шешім болған емес. Мен мұны саяси тұрғыдан асығыс шешім деп білемін. Бюджет қаражаты о бастан-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалуы керек. Қазіргі бюджет жүйесі адами капиталды дамытып жатқан жоқ. Әлеуметтік саясатқа бөлінетін қаражат бойынша экономикасы дамыған Батыс елдерін былай қойғанда, көрші Ресейден де кейін қалдық. 2003 жылы республикалық бюджет 500 млрд. теңгені құраған, бұл қазіргі Алматы қаласының бюджетімен пара-пар. Қазір бюджет 20 есе ұлғайып, 10 трлн. теңгеге жетті. Тұрмыс сапасы мен әлеуметтік капитал оң бағыт алды ма?.. Жоқ!.. Меніңше, бұл жолы Үкіметтің дұрыс болжам жасауға уақыты болған жоқ. Бөлінген қаржы халықтың өмір сүру сапасын қаншалықты жақсарта алатыны беймәлім, тіпті бөлінген қаржының қалай жұмсалатыны, қанша уақытқа жететіні де белгісіз. Мәселен, үш-төрт жылға жетеді делік, ал бесінші жылы қайтеміз?.. Медбикеге үш жыл қатарынан жоғары айлық төлеп келіп, төртінші жылы азайтып жібермейміз ғой. Нарық жағдайында қызметкерлердің айлығы жылдан жылға көбеймесе, азаймауы тиіс. Оның үстіне, бұл қаржы салық төлеушінің есебінен алынды ма, әлде басқа қаржыдан алында ма, ол жағы да бұлыңғыр.
— Мұнайдан түсетін қаржыны есептемегенде, бюджеттің көлемі қандай болмақ?
— Еліміздегі жалпы экономикалық өсім тау-кен өнеркәсібінің арқасында көтерілді, экспортқа шығарылатын тауарлардың 70%-ы минералдық шикізат, негізгі капиталға салынған инвестицияның 40%-ы өндіруші кәсіпорынға бағытталған. Қазір бұл өзгерді, бірақ әлі де мардымсыз. Әр бес жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жасалады, онда мұнайға ғана тәуелді болмай, экономиканы әртараптандыру керек екені айтылады. Десе де нақты қадамдар болмаса, бұл шаралар тек емеп, декларация күйінде қалып қояды.
2019 жылға бекітілген бюджеттегі жалпы бюджет дефициті ЖІӨ-нің 1%-ы деңгейінде, ал мұнай емес дефицит 6,9% немесе 4,4 трлн. теңге деңгейінде болмақ, бұл республика бюджетінің табысты (кіріс түсіретін) бөлігінің 45%-ын құрайды. Атап айтқанда, 2020 жылға қарай мұнай емес дефицитті ЖІӨ-ге қатысты 6,3%-ға түсіру жоспарланған, ал 2019 жылдан бастап бюджет дефициті ЖІӨ-не қатысты 1,5%-дан аспауы керек. Мұнай болмағанда бюджет екі есе аз болады. Бюджет (мұнайдан түсетін қаржыны есептемегенде ) 6 трлн. болмағанда, шенеуніктер қалай жұмсар едім, әлеуметтік міндеттерден қалай құтылар едім деп бас қатыруы керек. Барлық әлеуметтік міндеттерді өтеу — Ата заң талабы. Ұлттық қорға иек арта бермей, бюджет ақшасын нәтижелі жұмсау үшін нақты шаралар атқарылуы керек.
─ Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан —
Бауыржан КАРИПОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.