Шығыс Қазақстанға жол тартты

Ағымдағы жылдың  25-31 мамыры аралығында Павлодар облысының журналистері мен блогерлері Шығыс  Қазақстан облысының киелі жерлерін аралайды. Ақпараттық баспасөз тур жобасы екі облыстың ішкі саясат басқармаларының  бірлесуімен ұйымдастырылуда.

Журналистер Шығыс Қазақстан жерінің  тарихи мәні зор орындарын көріп, олардың тарихымен және қасиетімен танысады. Баспасөз туры Павлодар-Жидебай-Өскемен-Қатонқарағай-Павлодар бағыттары бойынша жүргізіледі. Алдымен Абайдың «Жидебай Бөрілі» тарихи-мәдени, әдеби мемориалдық  қорық музейіне, Қоңыр әулие үңгіріне барады. Содан соң «Аблайкит» бекініс монастрін, Табынатынтас пен Рахман бұлақтарын, Берел қорғандарын көріп, Белуха тауына шығады.

Павлодар облысы экспедициясының құрамында  «Ertis» телеарнасының түсіру тобы, облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттері мен  «Pavlodarnews.kz» ақпараттық порталының журналистері және блогерлер бар.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің сөзінше, осы жылы екі облыс арасында бірқатар рухани-мәдени іс шара ұйымдастырылмақ.

— «Ақпарат толқыны»  кіші бағдарламасы шеңберінде Ертіс-Баян және шырайлы шығыс өңірлерінің қасиетті жерлерін танымал ету, сондай-ақ өңіраралық қарым-қатынастарды нығайту  мақсатында бірнеше жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, «20 суретші» пленэрі. Аталмыш іс-шарада  екі өңірдің суретшілері қазақ халқының құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, Павлодар және ШҚ облыстырының  қасиетін суреттейді. Павлодар облысында  алдағы маусым айы қасиетті жерлерге бару айы болып жарияланатын болады, — деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ернұр Дәуенов.

Павлодар облысында  2017 жылы ішкі саясат басқармасы  «Қасиетті жерлерге саяхат» ауқымды акциясын өткізді. Акция нәтижесінде Ертіс өңірінің қасиетті жерлеріне 30 мыңнан астам адам барды.

Қазіргі күні Павлодар облысының сакралды орындарының картасы әзірленді. Оған тарихи, табиғи-ландшафттық  және қоғамдық-саяси маңызы бар 78 объект енгізілді. Олардың 36-сы зерттелді,  5-уі республикалық сакралды орындар тізіміне енгізілді.

Өз тілшімізден

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.