ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ

Ержан ЖАУБАЙ,
Argymaq.kz ұлттық-танымдық порталының бас редакторы
Арғымақ текті қазағым, айыл тартар сәт келді

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «әлемнің жеті кереметі» деген секілді, қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. «Жеті қырдың» алғашқысы атқа міну мәдениетіне арналуы заңды да. Себебі, өзін көшпенділердің тікелей ұрпағымыз дейтін қазақ баласы үшін атқа мініп, ысқырып жылқы айдап, көпіртіп қымыз сапырып, қиялай кесіп қазы жеуден рақат дүние жоқ.

Сонымен, жеті қырлы алмастың әуелгі қырына, гауһардай жарқырап күллі көшпенділер дәуіріне, адамзат дамуына сәуле түсіріп тұрған атқа міну мәдениетіне тоқталайық. «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі», — дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Осындайда әйгілі Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймылдан жаралса жаралған шығар, қазақ жылқыдан жаралған» дейтін сөзі еске түседі. Иә, қазақтың арғы-бергі тарихын саралап қарасаңыз ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпегенін көруге болады. Дала тарихын ат тұяғының ізімен жазған көшпенділердің соңында Ботай, Берел, Есік секілді тарихи қорғандар қалды. Бұлар жылқы тарихының, жылқыны қолға үйрету тарихының бастауы екенін қазіргі тарих өзі-ақ айқындап берді. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп Елбасы да өз мақаласында бұл жайға тиянақты тұжырым жасайды. Кешегі Геродоттың, Рубруктың, Страбонның, Марко Полоның жазбаларынан көшпенділердің ат жалындағы мәдениеті, ат жалындағы соғыс өнеріне жетіктігі, ат жалындағы рухани қазынасы қаншалықты тереңде, қаншалықты бай болғанын көреміз. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», — дейді Елбасы мақаласында. Иә, қазақ даласында қолға үйретілген жылқы жануары әлемдік өркениетті алға сүйрегені анық. Әсіресе ауыздық пен үзеңгіні ойлап тапқан бабаларымыз әлемнің тізгіні мен тіреуішін қолына ұстады десек болады. Бұл туралы тарихтың атасы атанған әйгілі Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазса, араб саяхатшысы Ибн-батута «…Дешті Қыпшақтарда төрт доңғалақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлығына қарай қара мал немесе түйе пайдаланылады. Айдаушы салт атқа мініп, ұзын бишікпен немесе ұзын шыбыртқымен бағыттап, оларды жолға түсіріп отырады. Арбаның үстіне бір-бірімен жіңішке қайыстармен байланыстырылған әрқилы ағаштардан құрастырылған үйшіктер орнатылады. Үйшіктердің сырты киізбен немесе басқа да материалмен қапталады. Бұл арбалардың алмалы-салмалы терезелері болады. Үйшіктің ішінде отырып, сыртта не болып жатқандығының бәрін аңдауға болғанымен, оның ішінде отырғандар көзге түспейді» дейді. Екеуі де тарихта болған, екеуі де ежелгі қазақты көзімен көрген тарихшы.
Дәл осы тарихшылар келтірген мәліметтің жалғасындай, Нұрсұлтан Назарбаев та өз мақаласын-да: «Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп жазды. Иә, сан ғасырдан бері тақымынан тұлпары, қарынан құрығы, қолынан найзасы түспеген қазақты 18 ғасырдың соңында орыстың Ақ патшасы түсіруге талпынды. Тіпті бүгінде аңызға айналған ІІ Екатерина айтты дейтін сөз көкейімізде сайрап тұр. «Қазақтарды атқа мінгізбеңдер. Олар атқа мінсе кімді болса да таптап кетуден тайынбайды» деген қатын патшаның қаймығуы орынды да еді. Себебі «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» еді. Ал әлем сахнасына атпен шыққан көшпенділер өркениетінен нәр алған бүгінгі Еуропа адамбасты, жылқы денелі кентаврлардан бекер сескенбесе керек. Себебі де жоқ емес, бабаларымыз жылқы жануарының арқасында тізеліні бүктіріп, мойындыны иілткен. Тіпті, адамзат әлі күнге қуат күшін аттың күшімен есептейтіні тегін емес. Дана халықтың барлық сөздік қоры, тіршілік-тынысы, тіпті әні мен күйі де жылқыдан бір елі ажыраған емес. «Дәйім менің мінгенім ал қарагер, Ауыздығын шайнайды сол қарагер. Оралыңның барында ойна да күл, Жалмайды барлығын да сұм қара жер…» – деп қара өлеңнің қаймағына айналған жылқы малы, «ат баспаймын деген жерін үш басатынын» айғақтап мақал мен мәтелге де айналды. Бұл жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткен бір көрінісі ғана. Ендеше, Елбасы айтқандай, «біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз».
Елбасы тұжырымдап отырған атқа міну мәдениетінің тағы бір көрінісі – адамзат өркениетіне киім кию мен ықшамдылықты алып келді. «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» дейді Елбасы. Демек, ауыздықтап ат мінген бабаларымыз адамзат тарихына өлшеусіз үлес қосып, өркениет көшін дамудың жаңа сатысына көтергенін байқау қиын емес. Атқа міну мәдениеті кешегі бабаларымыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалардың ұрпағы аттың оң-терісін ажырата алмайтын жағдайға жетті. Жоғарыда айтқан ІІ Екатеринаның айтқаны айдай келіп, қазақ баласы «аттан түсті». Анығы түсірді! 300 жылдық патшалық сүргіннен әупіріммен аман қалған ұлттық руханияттың жұрнағы 70 жылдық кеңестік езгіде ессіздікке айналды. Қазіргі ұрпақ жылқы көрсе құлағын бір қағып тұра беретін есекпен шатыстыруға айналды. Дәл осы тұста Елбасының кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бір дем беріп тастаған еді. Ал бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тақым қысар, айыл тартар сәттің келгенін көрсетті. Енді қазақ халқы үшін арғымаққа алтынды ер салып, төс айылды бос тартып, шап айылды берік тартып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, атқа қонар сәт келді.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын:
— «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері — ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын — «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», — деді.

 

Ұлы жібек жолы қалай жаңғыруда?

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы 21 қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы жібек жолы тарихын ерекше басымдықпен атап өтеді. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда Жібек жолының жаңғыруының тарихи және экономикалық мәні бар. Мемлекет басшысы «еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды деп жазады.

Ұлы Жібек жолы — адамзат өркениетінің керемет ескерткіші, тарихи куәсі. Себебі, ол бірнеше ғасырлар бойы көптеген елдер мен халықтардың экономикасы мен мәдениетінің дамуында ерекше рөл атқарды. Б.з.д. II ғасырдан бастап іске қосылған бұл құрлықаралық күрежол XV ғасырға дейін Еуропа мен Азия арасын, яғни, Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір болды.
Осындай тарихи мәліметтерге сүйене отырып қазақ елінің қалыптасу тарихындағы Жібек жолының дамуы тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар саяси және мәдени құндылықтарының даму сатысының негізін қалағанын аңғаруға болады. Тәуелсіз Қазақстанғада рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде Жібек жолының негізгі даму концепциясының бір бөлігі болу заңдылық. Көрші Қытай мемлекеті де осы Жібек жолы маңыздылығын түсініп, «Бір белдеу — Бір жол» бағдарламасын жүзеге асыра бастады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ-станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан хал-қына арнаған жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымның дамуына ерекше басымдық берді.
Логистикалық инфрақұрылымның басты нысаны болып табылатын авто жол желісі. Осы бағытта көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Солардың бірі еліміздің 4 400 километр авто көлік жолын салу мен оны күрделі жөндеуден өткізіп, «Батыс Қытай – Батыс Европа» жобасын аяқтау. Осы мақсаттарды жүзеге асыру мен дамыту барысында республика аумағында, яғни, Астана, Шымкент, Актөбе, Павлодар, Семей қалаларында халықаралық стандарттарға жауап беретін, аймақтық көліктік логистикалық орталықтардың желісінің жоспары кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Астана қаласында орналасқан көліктік логистикалық орталық 2015 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Осы аталмыш нысан 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашып, заманға сай логистикалық қызмет түрлерін атқаруда.
2014 жылы Қытай Халықтық Рес-публикасының солтүстік шығысында орналасқан Ляньюньган қаласының 21 гектар аумағында «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы қытайлық әріптестермен бірлесе жүк терминалын құрылысын бастап, сол жылы аяқтап пайдалануға берді. Жобаның жалпы құны 99.4 млн АҚШ долларын құрады. Яғни, аталмыш терминал арқылы өзінің жүктерін Онтүстік Азия мемлекеттеріне атап айтқанда, Индонезия, Вьетнам, Малазия, Камбоджа, Лаос, Мьянма, Филиппин, Бруней Тайлант және Сингапур мемлекеттеріне апарар жолдың қақпасы болып табылады. Жалпылама алғанда 600 млн. аса тұрғыны бар аймақ (бүкіл әлемнің адам санына шаққанда 8% құрайды). Қазақстан осы мүмкіндікті өзіне тиімді пайдалану керек.
Дегенмен, осы тауарды тасымалдайтын логистикалық шешімдердің қазіргі таңда тауардың өзіндік құнын бірнешеге арттырып, бәсекелестікке түсе алмай тұр. Сондықтан осы жобаны іске асырып, мемлекетіміздің қолдауымен Бандер Аббас портында өзіміздің терминал соғылып, кәсіпкерлермен бірге отырып міндеттелген жүк көлемдерін бекітіп жеңілдіктер жасау механизмін жүзеге асыру керек. Сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін субсидиялардың көлемі артып, алғашқы кезеңдерде кәсіпкерлерді қолдауды қажет етеді.
Осы жобаларды іске асыру барысында кездесетін қиыншылықтарда аз емес. Солардың бірі маман тапшылығы. Яғни, арнайы халықаралық логистика санатындағы кадрларды дайындайтын оқу орындары санаулы. Онда да көптеген оқу орындары студенттерді іс жүзінде нарықка дайындау барысы деңгейінің сапасы төмен екендігі байқалады. Шетелдерден оқып келген мамандар көбінесе сол мемлекеттердің транспорттық жүйесін меңгергенімен жалпылама алғанда, әлемдік деңгейдегі трансконтинентальдық логистикалық жүйені енгізу, сонымен қатар, сол жүйеде Қазақстанның рөлін айқын көрсетпейді. Тағы бір қиыншылдық тудыратын факторлардың бірі — ол валюталық тәуекелдер. Көптеген жобалар АҚШ долларымен немесе евро қаражатымен бағамдалады. Осыған орай мемлекетіміз теңгемен жобалық сметаларды белгілеп, оның төл теңгеміздің девальвацияға ұшырағанда көптеген шығындарға әкелуі мүмкін.
Қорыта алғанда, Қазақстанның болашақта отыз елдің қатарына енуі үшін әлемдік нарыққа шығу және оны жүйелі жүргізіп, дамытудың ғылыми да, өмірлік те маңызы өте зор. Яғни, елімізде аймақтық және құрлықтағы нарықты игерудің тарихи негізі ерте заманнан қалыптасқан. Сондықтан еліміздің әлемдік нарықта жетекші орын алуы үшін Ұлы жібек жолын жаңғырту, сол арқылы әлеуметтік экономикалық үдерістерді жаңа форматқа сай дамытуды қолға алу қажет.

Б.Б.Енсепов, тарих ғылымдарының кандидаты,

Е.Е.Тулендиев, экономика ғылымдарының кандидаты

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.