Инга Сикорская: Журналист аңдамай сөйлесе, өрт шығуы мүмкін

24-25  мамыр күндері Алматы қаласында  «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы InternetCA-2017» атты сегізінші Орталық Азия форумы өтті. Форумның биылғы тақырыбы — «Шындыққа жанаспайтын шындық дәуіріндегі негізгі қатерлер». InternetCA-2017 қатысушылары желідегі деструктив контенттің әртүрлі форматта белең алуын, оған жол бермеу әдістерін, жалпы қазіргі заманда контентті реттеу ережелерін талқылады. Сонымен қатар, сөз бостандығын шектемей, контентті қалай реттеуге әрі қадағалауға болатыны жайлы да ой бөлісті. Форумға Еуропа, Франция, Украина, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің сарапшылары, журналистер, блогерлер, ғалымдар, заңгерлер, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі және өзге мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Форум аясында интернеттің шынайы өмірге тигізер әсері, әлеуметтік және өзге де проблемаларды әлеуметтік желілер арқылы шешу, пікір білдіру еркіндігінің принциптеріне нұқсан келтірместен, «уытты» мысалдармен қалай күресуге болады, манипуляция, фальсификация (бұрмалау), насихат, ксенофобия, екеуара жауласуға, деструктивті контентке қарсы тұрудың тиімді құралдары айтылды, нақтыланды.  Форум барысында  ғасыр дертіне айналған терроризммен күрес мәселесі де талқыланды. Осы тақырыпта арнайы  баяндама жасаған қырғызстандық маман Инга Сикорскаямен сұхбаттастық.

─ Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.

─ Мен Орта Азиядағы «Бітімгершілік және медиатехнологиялар мектебінің» директоры болып қызмет етемін. Біздің орталық жалпы медианы дамыту, қоғаммен байланыс жасау, әртүрлі медиалық сараптама жүргізумен айналысады. Сондай-ақ, тілдік жаулық және ксенофобия, медиа мен интернеттегі тартыстар, журналистика және қауіпсіздік сияқты мәселелерді де қамтимыз. Сонымен қатар, әлеуметтік медиа бойынша радикализация үшін бірлескен жобамен айналысудамыз. Сол жобаның негізінде, Қырғызстанда әртүрлі аймақтан 8 жастар тобын зерттедік. Негізгі нысан ретінде көп мөлшерде террористік топтарға қосылған жастардың мекенжайы таңдалынып алынды. Біз сауалнама жүргізу барысында, кейбір топтарға «назардан тыс қалған жастар» деген атау бердік. Яғни, олар толықтай «вербовкаға» (арбауға) қосылып кетпеген, бірақ діни сенімі тұрғысынан әлсіз жастар болатын. Біздің басты мақсатымыз — оларды дұрыс жолға бағыттау, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету. Өзіміздің басты қаруымыз — ақпарат арқылы олардың теріс жолға кетуіне жол бермеу, керісінше дұрыс жолды сілтеу.

ДАИШ жастарды қалай арбайды?

─ Сіздің Орталық Азиядағы интернет форумында көптен бері «екеуара жауласу», «ксенофобия» сияқты күрделі мәселелерді айтып жүргеніңізден хабардармыз. Осы жолы неліктен ДАИШ тақырыбын қозғадыңыз?

─ Расымен де, жыл сайын сіз атап өткен «екеуара жауласу», «ксенофобия» мәселесі туралы айтып жүрміз. Биыл енді жаңа бір өзгеше тақырып ұсынғым келді. Сол мақсатпен аталған бағыттағы зерттеулеріммен бөлістім.

─ 2015 жылы осы форумда бол-гариялық зерттеуші Қырғызстанда медакадемияда оқып жүрген сту-денттердің оқуын бітірместен ДАИШ-қа қосылып, Сирияға кетіп қалғанын айтқан болатын. Осы сияқты Сирияға «жиһадқа» кеткендер жайлы нақты бір статистикалық зерттеулер бар ма?

─ 2016 жылдың желтоқсан айында жүргізілген зерттеулерге қарағанда, Қырғызстаннан 800 адам кеткен екен. Бұл жөнінде ішкі істер органының сайтында ресми түрде жарияланған. Сонымен қатар, мұнда этникалық статистикада Оңтүстік Қырғызстанның 80 пайызын өзбек этникасы құрайды. Дегенмен, олар Қырғызстан азаматтығын иеленген. Болгариялық зерттеуші өз сөзінде ДАИШ өкілдері арнайы дайындаған роликтерде міндетті түрде таныс адамның образы пайдаланылатын болғанын айтады. Мысалы, туысқан немесе көрші бейнесі міндетті түрде қолданылады дейді. Егер бейнежазба Оңтүстік Қырғызстанда көрсетілетін болса, сол өңірден шыққан жауынгер образы кездеседі. Бұл арбаудың ең алғашқы кезеңі деуге болады. Арбаудың келесі кезеңі радикалдық мақсатындағы контентті оқыған қарапайым адам белсенді түрде өзі оқыған ақпаратты растайтын материалдарды іздеуге кіріседі. Соның нәтижесінде, түрлі ағымдағы форумдарға тап болып, соның тұрақты қолданушысына айналады. Сонымен қатар, өзін мазалайтын сауалдарды қойып, пікір алмасады. Өйткені оның басына «Менің танысым, туысым немесе көршім жиһадқа жол тартты, ал мен неге мұндамын? Мен де соның қатарына қосылуым керек» деген сияқты көптеген сұрақтар келеді. Ал 3-кезең арнайы менторлардың іске араласуымен тікелей байланысты. Яғни, менторлар «тұзаққа түскен» адаммен байланыс орнатып, өзіне ілестіріп әкетеді. Одан кейінгі 4-кезең — логистикалық кезең. Бұл «барар із бар, қайтар із жоқ», яғни, ашығын айтқанда, «біржақты бағытқа ғана» билет сатып алумен байланыстырылады. Ақпараттар ағыны күшейген сайын бұл мәселе де күшейген үстіне күшейе береді деп ойлаймын. Қазіргі кезде «вербовка» барлық тілде орын алып жүр. Бастапқы кезде 2015 жылға дейін жалпы, контенттің басым көпшілігі орыс тілінде жазылған болатын. Ал бүгінде өзбек және қырғыз тілдерінде де материалдар жетерлік. Соның нәтижесінде, бүгінгі күні кез келген адам, әсіресе жастар жағы өзіне қажетті ақпарат іздегенде басын қатырмайды. Себебі қажетті ақпараттар саны шексіз. Зерттеу барысында түсіндіру жұмыстарының қарапайым әрі түсінікті тілде жүргізілетінін байқадық. Оны жастардың өздері айтты. Бұлай болудың басты себебін тілдік заңдылықтардың қыр-сырын жетік меңгерген мамандар жұмылдырылатынынан көруге болады. «Тіл — ұлттың жаны» деген сөз бар ғой, сондықтан контентті дайындауда басты назар ұсынғалы отырған тіл маманын дайындайды. Бізде көптеген бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе Бішкекте мәтін түпнұсқа ретінде орыс тілінде жазылады. Кейіннен қырғызшаға аударылады. Негізінен, Қырғызстанда сапалы контент түпнұсқада орысша болып жазылады. Демек, олар түпнұсқа контентті жасауда сол тілдің барлық заңдылықтарын меңгерген маманды таңдап алады деп айтуға болады.

Журналистер халықты ақпараттандырумен қатар, сол жолды насихаттап отырады

─ Баяндамаңызда ДАИШ контентін дәстүрлі БАҚ арқылы таратады деп қалдыңыз.

─ Бұл біз үшін жаңалық емес. Ашық түрде айтылып жүрген тақырып десе де болады. «Жиһад журналистерге қарсы» деген тақырыптың төңірегінде материалдар жарияланған болатын. Ол дүниежүзіне тарап кетті. Қандай жолмен тарап жатыр дегенге келер болсақ, мысалы егер теракт бола қалса немесе сол жайында айтылған жағдайда, дайын бейнематериал арасынан арнайы ДАИШ содырлары жасаған дайын өнімдер пайдаланылады. Яғни, журналист репортаж дайындау барысында бейнематериалдан үзінді береді. Ол 1 секунд көрсетілсе де, оның ішінде адам өлтіру не болмаса өзін-өзі жарып жіберу сияқты эпизод көрсетіліп қалады. Яғни, мұнда журналист өзі ақпарат берумен қатар, ДАИШ содырларының экстремистік ісін алға жүргізіп отырғанын өзі де білмей қалады. Мұндай үзінді дәстүрлі медиада қолданылып жүр. Мұндай кезде журналист екіұдай таңдау шегінде қалатын деңгейге жетті. Өйткені ол халықты ақпараттандырумен қатар, сол жолды насихаттап отырады.

─ Шешімі неде деп ойлайсыз?

─ Бұл мәселеден шығу жолы оңай. Ол — қашықтықтан көрсету. Бұрындары ДАИШ болмаған кезде, «әл-Жазира» сияқты кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Усама Бен Ладеннің түрлі ойларын берді. Бұны БАҚ тікелей таратты. Мысалы, бүгін қандай да бір телеарна ресми түрде жарылыс болғанын хабарлады. Олар сол ақпараттар арқылы халықты қорқытып отырмыз деп ойлады, бірақ ол олай емес. Ол ой қате. Себебі түрлі ағымдағы топтардың орналасқан жері, шоғырланған аумағы жайлы ақпаратты ашық түрде таратуға болмайды. Бұлай көрсетуді азайту қажет. Сонымен қатар, «сақалды ислам» деген сияқты тіркестерді қолданудан да қашу керек. Өйткені ол сөз де халық арасында стереотиптің қалыптасуына ықпал ететіні анық. Ондай сыртқы көрінісіне қарай салыстырудан гөрі, гуманистік көзқараспен келген дұрыс бұл мәселеге. Өкінішке қарай, бұл нәрсе қазіргі кезде өте өзекті болып тұр. Батыстық журналистика аталған мәселеде теңеу, салыстыру арқылы халықты қорқытқанша, сол адамдарға барынша көмектесіп, бұл түйіннің шешу жолы қандай деген сияқты қырынан келеді. Негізінде, террористердің арасында да бәсекелестік бар, яғни қай телеарна немесе басылымнан біз жайлы көп айтады деп олар да өздеріне статистика жүргізіп отырады. Сондықтан ең әуелі журналист өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, этикалық норманы алдыңғы орынға шығарғаны дұрыс. Дегенмен, бізде көбісі редакциялық көзқарасқа сүйеніп, таралым мен рейтинг үшін жұмыс істейтіндіктен, қиындау.

«Көк құстың» сыры неде?

─ ДАИШ террористік ұйымы әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатынын білеміз. Оларды қалай анықтап алуға болады?

─ Вашингтон университетімен бірлесіп жүргізген зерттеу барысында зерттеушілер «твиттер» әлеуметтік желісіндегі радикалдық және террористік бағыттағы аккаунттарды анықтаған болатын. Олар ДАИШ «твиттерде» жаңа инновация әкелді деген шешімге келді. Зерттеу барысында анықталған теріс бағыттағы аккаунттар өшірілген болатын, бірақ өшіріліп кетпей, жаңадан 12 аккаунт қайта ашылғаны байқалған. Яғни, олар өшірілген аккаунттың таратқан ақпараттарын қайта жариялап, тіпті мол ақпарат тарата бастаған. Қазіргі кезге дейін зерттеушілер әлеуметтік желілердің қарым-қатынастағы басты құрал екенін ескерген. Әлеуметтік желіде үлкен бір логистикалық топ тұр ма, әлде бұл «роботтардың» ісі ме деп басын қатырып жүр. Бұған қалай қарсы тұруға болады? Оларды мүлде өшіріп тастағаннан пайда жоқ екеніне көзіміз жетті. Бір ғана жолы — оларға қарсы тұратын күшті ресурс жұмылдыру керек. Біз желі қолданушыларының парақшасындағы аватарларына зерттеу жүргіздік. Сонда байқаған бір нәрсе, ДАИШ содырларының көбісі жасыл түсті құс бейнесі бар аватар қояды. Жасыл түсті құс ұшып бара жатқаны немесе отырған бейнесі. Ол қолданушылардың аккаунтына сараптама жасаған кезде, жасыл түсті ұшып бара жатқан құс бейнесіндегі аватарлар көптеп кездескені анықталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл халық ұғымындағы «шаһид ұшып кетті» түсінігімен ассоциацияланатын болуы мүмкін. Дегенмен, бұл, әрине, 100 пайыз дәлелденген нәрсе емес, тек тұжырым ғана.

─ Жастардың террористке айналуының басты себебі неде?

─ Жастардың террористерге қосылуының басты себебі дұрыс ақпарат таппауда деп айтар едім. Себебі, жастар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жастайынан біліп өспейді. Біз сауалнама жүргізген кезде, олардың өздерінен сұраған кезде, олар «біз 3-сынып оқып жүргенде мұғалімдерден дін жайлы сұрадық, бірақ олар бізге жауап бере алмады. Сондықтан біз (светский образование) дүниелік білімді тастап, медреседе білім алуды шештік» деп жауап беріпті. Яғни, ол кезде мектепте негізгі немесе әлемдік діндер жайлы ешқандай пән болмаған. Қазіргі кезде зерттеушілер мынандай шешімге келді, негізінде, мектепте базалық біліммен қатар, дін жайлы айтылуы керек. Қазіргі кезде белгілі бір базалық білім алған соң, қателеспесем, 4-5 сыныптан бастап, белгілі бір деңгейде діннің әліппесі оқытылады. Бұл өте маңызды. Жастардың адасуының ең бірінші факторы осы жалпы дін жайлы толық білмегендіктен деп есептеймін.

─ Қырғызстанда соңғы 1-2 жылдың ішінде бірнеше теракт орын алды. Халықтың исламға деген қандай да бір көзқарасы өзгерді ме?

─ Бізде исламофобия процесі өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Тіпті, бір кездері халық көшеге ұлттық киім киген және хиджаб киген әйелдер бейнеленген плакаттармен шығып: «Біз қайда кетіп барамыз?» — деген сияқты лозунгтермен шыққан болатын. Бұл да салыстыру әрі қоғамда ислам діні жайлы негативті образ қалыптастыру болатын. Соңғы кездері бұл нәрсе бәсеңдеді. Бұл — қуантарлық жайт. Осы ретте біз журналистерге қоғамдағы ислам дініне қатысты стереотиптерді болдырмауға байланысты тренинг өткізген болатынбыз.

Атамбаев: «Қысқа юбка кисең ки, бірақ адам өлтірме»

─ Қырғызстан президентінің бұл сөзін қоғам қалай қабылдады?

─ Менің ойымша, саяси биліктегі адамдар, спикерлер дінге келгенде саналы түрде қоғамдық пікірталас тудыратын мәселелерді қозғағанда өте абай болу керек. Өйткені олардың қандай да бір ойлары халық арасындағы пікірдің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан олардың мета тілінде дін сияқты өте «сезімтал» тақырыптар аса жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Дін өте маңызды тақырып болғандықтан, бұл мәселеде толеранттықты ұстану қажет. Осы ретте біз контур норативті бағыттамыз. Біздің мақсатымыз — «назардан тыс қалған жастарға» жеткілікті деңгейде дін, жиһад деген не деген сияқты дүниелерді түсіндіру. Жиһад деген — ең алдымен, адамның өзі және өзінің ата-анасын қуантуы. Дін жайында қажетті мөлшерде білмегендіктен, жауапты интернеттен іздейді. Біз қарапайым да түсінікті тілмен, өзін мазалаған сұрақтарға жауап табуды көздейміз.

─ Діни көзқарастар тұрғысынан келгенде, сіз бен біздің қандай ұқсастығымыз бар?

─ Діни түсінік жайлы айта алмаймын. Дегенмен, былтырғы жылы бірлескен жоба аясында Астанада 3 аптаға жуық уақыт тренинг өткізген кезде бір жайтты байқадым. Бұл өте қорқынышты нәрсе еді. Тренингте біз екеуара жауласу, исламофобия жайлы сөз қозғадық. Сол кезде біз медиамониторинг жүргіздік, қателеспесем, қазақстандық бір басылымның «Сіз үшін хиджаб киген әйел деген не?» деген сауалына берген оқырман жауаптары қорқынышты болды. Себебі олар бір аптадан соң шыққан қорытындысында, «террористка», «радикалка», тіпті көбісі «шаһидка» деген сияқты негативті пікірмен жауап берген екен. Яғни, халық арасында «жаудың образы» ретінде қалыптасқан. Бұл пікірлерді практикалық сабақ барысында аудиториядағы тыңдаушылармен бөліскен кезде, олар да өз өңірлерінде өте қауіпті жағдай орын алғанын айтты. Батыс Қазақстан аумағында орын алған бір оқиғада автобусқа никап киіп кірген әйелге қоғамдық көліктегі адамдар қарсы болып, түсіп қалсын деп наразылық туғызғанын жеткізді. Бұл стереотип медиа құралдарының әсерінен шыққан деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды, халықта үрей бар, халық киімге қатысты туындаған стереотиптің әсерінен қорқады. Бұл жерде толеранттылық мәселесіне төзбейтінін байқауға болады. Мүмкін, мен қателесетін шығармын, себебі мен Алматы, Астана сияқты ірі қалалардағы жайтты ғана айтып тұрмын, ал жергілікті жерлердегі ерекшеліктерді ескеретін болсақ, мүмкін жағдай мүлде басқаша, кім білсін… Дегенмен, Қырғызстанда бұл мәселеге басқаша қарайды.

─ Түркияда өткен жылдың 31 желтоқсанында болған терактіге басында Қырғыз азаматын кінәлі деп көрсетті. Алайда, медианың жарыса жазған бұл жаңалығы шындыққа жанаспады. Сонымен қатар, Ресейде болған терактіні де Қырғыз азаматының мойнына ілді. Мұндай келеңсіздіктерді қоғам қалай қабылдады?

─ 31 желтоқсанда орын алған Түркиядағы терактіде өзбек және Қырғызстан азаматы деп жариялаған болатын. Бұған түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кінәлі, себебі олар ақпаратты нақтыламай жариялады. Иә, олардың түрлері өте ұқсас болды. Бірақ, оның сыртқы бейнесінің ұқсас болуы, шынымен террорист дегенді білдірмейді ғой. Сыртқы образ ол факт емес. Петербургке сауда мақсатымен барған адамды Ресей бұқаралық ақпарат құралдары «Қырғызстан азаматы және өзбек ұлты» деп астын сызып көрсетіп өтті. Біздегі қоғам бұл нәрсеге үлкен наразылық туғызды. Өзінің азаматтары сондай жаман образда көрінгені қай мемлекетке ұнасын? Негізінде, ресейліктер ұлттық ерекшелікке назар аударып, айтып өтпеуі керек еді. Бұл тұрғыда, ұлттық ерекшелік пен азаматтық мәселесінің маңызы жоқ. Шынымен де, жалпы сараптама тұрғысынан келгенде, этниканың және қай елдің азаматы екені қаншалықты маңызға ие? Ешқандай. Террорист болған күннің өзінде де, егер ол Қырғызстан азаматы болмаса, одан аз адам зардап шеге ме? Қазіргі кезде медиа жақсы әлеуметтік құрал болып отыр. Сондықтан үлкен жауапкершілік қажет. Журналист аңдамай сөйлесе, өрт шығуы мүмкін. Бүгінгі кезеңді «дезинтермедиация дәуірі» деп атап жүр ғой, яғни бұрын медиа мен аудитория арасында көпір болатын, ал қазір ол көпір жойылды. Қазіргідей интернет жоқ болғандықтан, сол көпірдің рөлін теледидарлар атқаратын. Ал қазір ол кезең артта қалды. Себебі адамдар өзіне қызықты ақпараттың бәрін интернет арқылы оқып, танысып жатады. Сондықтан өте абай болу керек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан БАУЫРЖАН КАРИПОВ