Ел келешегін ойласаң, ғаламторыңды жүгенде!

Әйтпесе, ұрпақ санасына сіңген у ұлтты өлтіреді

Аждаһа аранына жұтылған жастар

kurrree-copy-296x300Таяуда ұшақ ішінде бір кексе әйелмен сапарлас болдым. Кезінде болып-толған жанға ұқсайды. Көзі ашық, көкірегі ояу. Сөзі де салмақты. Күйеуінің «ана жаққа» кетіп қалғанына да біраз болыпты. Карьера қуамын деп жүріп, бір баламен шектелгенін де жасырмады. Әңгіме арасында сол жалғызының да келінімен ажырасып жүргенін тіліне тиек етті. “Неге ажырасып кетті деп сұрамайсың ба?” — деді ойға шомып, қалғып кеткен мені сөзге тартып. Құлағымды түре қалдым. “Бәріне анау интернет кінәлі”, — деді ол ашулы кейіпте. Мен ештеңе түсінбеген сыңайда бажырая қарап қалсам керек. “Иә, кәдімгі интернет…”, — деп, ол сөзін жалғастырды.

— Келін байғұстың қолынан сотка түскен емес. Тамақ істеп жатса да, кір жуып жатса да соған үңіліп отырғаны. Көп сөйлемейді. Бар ынта-жігері соған ауып кеткен. Бірнеше мәрте ескерттім де. Менің көзімді ала беріп, соткасының бетін түрткілей жөнеледі. Ол өзі сау адамды ауру қылатын құрал шамасы. Бір жолы ұлым келді де, екеуі шартпа-шұрт ұстаса кетті. Араға түскенімнен не пайда, мені тыңдайтын жастар қайда? Ұлымның оған кіжініп, айтпаған сөзі жоқ, ол да қайтпай жатыр… Осылайша олар ажырасып тынды. Кейін балама: “Қызбалық жасама, ақылға кел, келінге бар”, — десем, ұлым: “Мама, ол “ватсапты”, “фейсбукті” күйеуі қылсын”, — деп қарап тұр…

Әлгі әйелдің осы бір әңгімесі көпке дейін ойымнан шықпай жүрді. Бұл өзі бір ананың ғана емес, тұтас бір қоғамның дертіне айналып бара жатқаны жасырын емес. Бесіктен белі шықпай жатып, ғаламтордағы атыс-шабысты, зұлымдық пен қатыгездікті, ұрлық-қарлықты, өсек-аяңды, қару-жарақ құрастыруды үйреніп жатқан баланың келешегі кемел болады деп кім айтар?! Әлемге үстемдік құрған ғаламтор бетінде не жоқ дейсің қазір? Бәрі тұр самсап. Анайылықтың, жабайылықтың небір түрін табасың. Интимдік қатынастар ашық түрде насихатталуда. Біреуді даттағың келсе, қара күйе жағып, боқтағың келсе, қолыңда тұр оның да тетігі. Ғаламторға жалған атпен тіркел де, ұра бер. Ешкім қой демейді. Айыппұл салып, мазаңды алып жатқан тірі жан жоқ. Рақат!

Біз жас мемлекетпіз. Бізге белгілі бір дәрежеде ұстаздық етіп отыратын сақтық жүйелері керек. Ұлтымыз оң-солын танып, өркендеп өскенше оны әлемдік ақпараттық тасқын мен дауылдардың алдына бозбала қалпында тастай салуға болмайды. Әйтпесе көп өтпей зардабын тартарымыз анық.

Ұлттық мемлекеттің шекарасы барын бәріміз білеміз. Кез келген бұйым, амал-әрекет тексерістен өтеді. Бұл халқымыздың мемлекеттігі үшін қажет. Ал шетелдерден келіп жатқан ақпараттық тасқынға неге қадағалау жоқ, бар болса да мардымсыз, өте әлсіз, әлжуаз. Халық рухани тұрғыдан азып, бүлінсе, кедендік және шекаралық тұрғыдан қамқорлық көрсетудің қандай мән-мағынасы қалады? Осыны ойлаған жан бар ма?!

Ерік-жігерді баурап алған, «көзіңді ашып- жұмғанша жылдам хабар алғызған» ақпараттар ағыны төпеп жатыр. Осы бір «мылтықсыз майданға» екі білекті сыбанып қазақ қоғамы да араласып кеткелі қашан. Артының не боларын бір Алла біледі. Заман көшінен қалмау уақыт талабы десек те, ғаламтор атты аждаһаның аранына тоғытылып жатқан жас ұрпақтың мемлекетке, билікке, ынтымақ пен бірлікке тас атып жүрген ойы бұзық арандатушылардың «жемтігі» болып кетпесіне кім кепіл?! (Ондай жолға түсіп адасқандар аз ба?). Демократияның шапанын жамылған баз біреулердің идеологиясы жастардың санасын улап жатпағанына сенім бар ма? Аурудың алдын алмаса не болатыны бесенеден белгілі жайт қой. Әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалмау, әрине, қазақ үшін аса қажеттілік. Мұны барлығымыз білеміз. Бірақ біз сол ақпараттық тасқынды өзіміздің ұлттық мүддемізге жарата алып жүрміз бе!? Ол үшін бұқара халықты қандай біліммен және пайым-парасатпен жарақтандыруымыз керек еді?..Ұлттық сана әлемдік ақпарат тасқынынан қорғана отырып, пайдасын көздейтіндей ортақ ұстаным, тұтыным ереже-баянына қол жеткізді ме?..

Телібековтің тақиясы теріс айналған ба?

Жастардың қызыл дау, көк езу болып кез келген тақырыпқа белсеніп араласуы саяси сауаттылықтан гөрі жалақорлықтың, іштарлықтың, көргенсіздіктің, надандықтың, мәдениетсіздіктің көрінісін көз алдыңа әкеледі. Сол желбуаз сөздерге қарап отырып еліміздің болашағы мен табан тіреп отырған бұқара халқының қаншалықты жүйелі «күшке» ие екенін көруге, байқауға болады.

Шындап келгенде, бар мәселе сырттан құйылған ақпараттың шамадан тыс қоқыс болып келуінде жатыр. Оны қадағалау, сүзгіден өткізу ісі биліктің назарында болуы керек еді, ол жақтан ондай кеп байқалмайды. Сөйлегеннің жөні осы деп, өз арамыздан шыққан сайқымазақтар аузына келгенін құсып жатыр.

Кеше ғана «нұр.кз» сайтында “Телібеков жыныстық қатынастан түскен салық қиын кезде ел қазынасын толтыратынын айтты” атты мақала жарық көрді.

Масқарасы сол, ол өзі Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы екен. Әлгі сайтта Телібеков: «Ер адам мен әйел адам бір-біріне жақындаса, сол үшін үкіметке салық төлеуі керек. Қазіргі қиын кезде, дағдарыс кезінде бұл үкіметке үлкен қамқорлық, үлкен жәрдем болады» деп айды бір-ақ аспанға шығарыпты. (Бәлкім, бұл аңқаусып, билікті келекелегені шығар!)

Ең сорақысы, (атамыз қазақта жоқ әдетпен) жыныстық қатынас құнын белгілегені болып тұр. «Заңды некедегі адамдар бір рет төсектес болғаны үшін 584 теңге, азаматтық некедегілер 748 теңге, егер ойнас жасаса, 1893 теңге төлесін» дегені кімді мазақ еткені?! Ал қызтекелер үшін әлдеқайда қымбат баға ұсыныпты.

«Қазақ тілін толық білетін адамдар үшін 50 пайыз жеңілдік болсын» дегені тұтас ұлтты мазақ етуі демеске шара жоқ. Мұнысы енді шектен шыққан сұмдық қой! Телібеков бейбақ, кімнің қашан және қанша рет жыныстық қатынасқа түскенін білу үшін арнайы полиция құрып, жұрттың үйіне ешбір ескертусіз баса-көктеп кіріп тексеруді қолайлы көретінін жасырмапты.

Қазір мұны бала да, шаға да оқып шықты. Бұл өзі есі дұрыс адамның сөзі ме? Билік не қарап отыр? Мұндай “арам бездерді” бүгін сылып тастамаса, уы күні ертең тұтас денеге шауып кетуі ғажап емес.

Шіркін-ай, Абай атам айтқандай, қолымда закон қуаты бар адам болсам, Телібековты тезге салып, тізесін дірілдетер едім-ау, шіркін!

Ұрпақ қамын ойласаң…

Ғаламтор — ұлттық сананың өзегіне түскен қара құрт. Ол дендеп еніп барады. Аждаһадай жалмаған тажалдың бұғауынан босау үшін, көптеген мемлекеттер аяқтарын тарта бастады. Әсіресе мұсылман елдері бейәдеп желілерді бұғаттап, «аяқ-қолын» матап тастады. Демек, ел келешегін ойлаған билік бұл істі атқара алады деген сөз. Бізде әлі самарқаулық басым.

Мен жаңалыққа, жақсылыққа жаны құмар жанның бірімін. Сөз жоқ, ғаламтор — ғасыр жетістігі! Бірақ оны игі мақсатта пайдалану бір басқа. Мына дүниеде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, ғаламтор әлемінде де екеуі итжығыс түсіп жатыр. Небір құнды жәдігерлер «шаң-тозаңнан арылып» кішкентай ғана құрылғының ішіне сиып кеткенінің өзі неге тұрады? Білім қуған жастарға қажетті мәліметтер шоғыры бір төбе! Осыншалықты пайдасы бола тұра, зияны да шаш етектен. Оны күнделікті көріп жүрміз. Жариялылықтың шапанын жамылған көптеген сайттар мен әлеуметтік желілер дәлелденбеген, нақтыланбаған, елді арандататын мақала жазуға құштар. Себебі белгілі: сенсация жасап, оқырман жинау. Мені қатты алаңдататын тағы бір жайт — әжептеуір айтары бар біраз жастарымыздың Елбасы, еңбегі бар азаматтар туралы небір тұрпайы да анайы пікірлерін жүрегім езіле оқимын, жаныңды жаралайтын осындай пікірлер ортасынан танымал бола бастаған, болашағынан үміт күттірер деген жастардың пікірлері бой көрсетіп қалатыны да жаныңды ауыртады. «Біреудің мінін тергенше, жамандығын көргенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен күрес өлгенше». Шәкәрім Құдайбердіұлының осылай дегені еске түседі. Тіпті балаларын түгендеп, олардың жүрген-тұрғанын аңдып, реті келсе аяқтан шалып қалуға әуес. Иә, басбұзар, әдепсіз, надан, байлыққа мастанған шендінің балалары жоқ дей алмаймыз. Ондайлар әділ жазасын алуға тиіс. Бірақ жақсы тәрбие алған, қазақылығы басым, халқына жақын болып өсіп келе жатқан жастарға орынсыз соқтығу әбестік. Естеріңізде болса, ұлы Абай, Шоқан, Ыбырай, Әлихан т.б. көрнекті тұлғалардың біразы байдың балалары. Заманында әкелері оқытты. Сенімді ақтаған олар әлемді мойындатты. Жасыратын несі бар, бүгіндері шетелдің жақсы оқу орындарында оқу үшін қаржы керек. Көп жағдайда шенді-шекпенділердің балалары барып оқып жатады. Жоғары қызметке де солардың арасынан шыққандар көтеріледі. Бірақ бұл олар жаппай билікті жаулап алды деген сөз емес қой. Мен білетін бүгінгі билік сатыларында қарапайым отбасынан шыққан азаматтар жетіп артылады. Кімнің болса да еліміздің азаматы ретінде білім алуға, еңбек етуге құқығы барын естен шығаруға болмайды. Бізде бәрі керісінше: «жаптым жала, жақтым күйе». Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Сын шын болсын, шын сын болсын» дегім келеді әрдайым.

Тарихты былғап, тарихи тұлғаларды қаралап, ел ішіндегі көрнекті азаматтарды күйелеп, бір-біріне сөздің зәрін құсып жатқанын көру біз сияқты ата-аналарға өте ауыр. Сөз бостандығы керек, пікірсайыс та жастарды өсіреді. Бірақ ұрыс-керіс пен арсыз, намыссыз дау-дамай мен жаладан өсіп-өнген, өркениетке жеткен елді көргеніміз бар ма!? Тіпті, сыбаға талас заманда, арнайы тапсырыстармен жасалған қызыл кеңірдек айтыстарға да куә болып жатамыз. Солай екені көрініп тұрады. Осының барлығы өсетін елдің балаларына жараспайтын әдет. Сондықтан жастарға ғаламторды дұрыс пайдаланудың бағдарлама, заңнамаларын жасауды кешеуілдетуге болмайды.

Тағы айтамын, әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалмау қазақ үшін аса қажеттілік. Мұны барлығы біледі. Бірақ біз сан тараптан құйылған ақпараттық тасқынды өзіміздің ұлттық мүддемізге жарата алып жүрміз бе!? Ол үшін бұқара халықты қандай біліммен және пайым-парасатпен жарақтандыруымыз керек?! Бұл әлі жүйеге түспеген мәселенің бірі екені даусыз! Мұны да шешудің жолдары бар. Телеарналарда Мәдениет министрлігі, ақпарат жүйелері, жастар қоғамы, әдебиет майталмандары және кәсіптік салалар мен заң қызметкерлері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері біріге отырып, ғаламтордағы кеңістікті ұлттық мүддемен ұштастыра меңгерудің амал-әрекеттерін айқындауды қолға алып, тіпті заң тармақтарымен бекітуге күш салу керек.

Кейде еліктегіш қазақтың ұлттық санасы әлемдік ақпарат тасқынынан қорғана отырып, пайдасын көздейтіндей ортақ ұстанымға табан тірей алды ма деген сұрақ алдымнан шыға келеді кес-кестеп. Бұған нақты жауап беру қиын.

Жастарымызда ғаламтор пайдалану мәдениеті ақсап жатқаны жанға батады. Қазақстандағы сайттар мен порталдардың «есігі» күндіз-түні ашық. Жазылған мақаланың астына пікір (комментарий) қалдыру үшін көп қиындық тумайды. Көрсетілген ирек-ирек сандарды теріп түсірсең болды, «арғы әлемге» еніп жүре бересің. Бұл дегеніңіз мақалада көтерілген проблеманы талқылауға таптырмайтын мүмкіндік. Жеке бір адамға қатысты болса, оны балағаттауға, сынап-мінеуге тура жол! Ішкі мәдениеттің аздығы осы кезде байқалады. Ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шыққан» небір «шешендер» төбе көрсетіп, тасадан тас атып, «тістерін қайрап» отырады. Арнайы тіркеліп кірмегеннен кейін оларды нақты анықтап, жауапқа тарту да оңай емес. Заң жүзінде шара қолдануға қол қысқа.

Ал ислами сайттар туралы әңгіме басқа. Мысалы, «muslim.kz», «islam.kz» т.б. ізгілікке насихаттайтын сайттарға электронды поштаңды тіркетіп, мәліметті тексертіп барып қана кіре аласың. Оның нәтижесі белгілі. Қаралау, жүректі жаралау атымен жоқ.

Соңғы уақыттары жалған сенсация іздеген сайттар Ақорданың «ішіне» кіріп, шенді-шекпендінің жағасынан алып, жеке бастарына шүйіліп, «кландар шайқасы» жүріп жатыр деп даурығып, ақырында «майдан даласын» тастап қашқандарды жарыса жазды. Сол-ақ екен, оқырмандары артып шыға келді. Әлеуметтік желіден көзін алмайтын қауымның санасын жаулап, билікті қаралау арқылы ойын өзгерту, пікірін бұзу процесі жүріп жатқандай көрінеді маған.

Ұлттық мүддеміздің айнасына айналсын!

Сөз соңында айтқым келгені: ғаламтор ұлттық мәдениетіміз бен білім-білігіміздің және тұтастығымыз бен өміршеңдігіміздің, бейбітшілік пен тыныштығымыздың айнасына айналғанын қалаймын. Өсек пен жалаға және ұятсыздық пен обал-сауаптан қорықпайтын мінезге ие болып қалыптасқан жастар мемлекеттігіміздің қас жауы екендігін ұмытпайық. Тағы айтамын, ғылым мен өркениетке қарсы емеспін. Ұлттық тәрбие мен сананың бүлінуіне қарсымын. Ғаламтор белгілі бір дәрежеде жастарды ата-анадан, ұстаздардан, қоғамдық жүйеден және ұлттық тамырынан алшақтата бастады. Мұны мойындауымыз керек. Жоғарыда мен сөз еткен ананың халі бар қазақтың басына төніп тұр. Балаларымыз ғаламтордың құлына айналып, оңаша күй кешіп, тіпті үй ішінің өзінде өгей-өрістеніп, туыстық пікірлесумен, бауырластық қарым-қатынастардан суып барады. Дүниеде жүйесіз ағым жоқ. Жүйесіз жел мен күн жарығынан, су тасқындарынан қуат көздерін алып, адамзаттың мүддесіне жаратуда. Ғаламторды біз де ұлттық мүддеміздің пайдасына айналдырып, жүйелі мақсатқа қоғам болып жұмылайық! Ең бастысы, арсыздық пен әдепсіздіктен, қаскөйліктен, жүгенсіздіктен, жалақорлықтан, ішмерездік пен рухани іріп-шіруден сақтанайық. Әлемде 2 мыңға жуық ұлт бар деседі… Солардың 200-нің ғана өз Отаны бар! Таңдаулы топ жарған тізімде біз де тұрмыз маңдайымыз жарқырап! Аллам сол шексіз бақытты бізге, қазаққа, бұйыртыпты! Кейде өзіміз қадірін біліңкіремейтін сол барымызды бағалай білейік… Сол бақытымызды көп көрмесін… Көзіміздің қарашығындай болған, бәрімізге ортақ шаңырағымызды шайқалта көрмесін! Шалқып, шіреніп, еркелеп, алшаң басып, жұмыр жерді теуіп жүргеніміз біреулерге орындалмас арман болған өз Отанымыздың арқасы!!! Сын әділ, сөз сұлу, ой терең, пайым-парасат мол, иманды және ұятты сөздер мен қарым-қатынас аясында елді түзеуге атсалысайық! Ғаламторды қолдану мәдениетін отбасыдан бастап, балабақша, мектепте, оқу орындарда ұрпағымыздың көкірегіне мықтап құялық. Ғаламтор ұлттық мәдениетіміз бен білім-білігіміздің және тұтастығымыз бен өміршеңдігіміздің, бейбітшілік пен тыныштығымыздың айнасына айналсын. Билік тұтқасын ұстаған азаматтардың құлағына алтын сырға! Болашағымызға балта шаппайық. Мен шамам жеткенше өз ойымды айттым. Алдағы уақытта елге жаны ашитын, ұлтқа бүйрегі бұратын азаматтар мені қолдап, игі істі тезірек қолға алуға күш салады деген ойдамын.

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері