Қаңырап Арыс қалған күн!

Босқан да босқан, босқан күн,
Жақынын тастап қашқан күн.
Тығылып жатқан оқ қойма,
Қызыл да жалын шашқан күн!
Ысқырып оқтар ұшқан күн,
Төбеден қатер қысқан күн.
Қаңғырған тиіп оқтұмсық
Азамат ажал құшқан күн!
Маңдайды терге малған күн,
Әбігер елге салған күн.
Ажырап бала анадан,
Қаңырап Арыс қалған күн!
Басына қауіп төнген күн,
Көрінген көшке ерген күн.
Ақ жүрек, дархан қазағым
Жұмылып көмек берген күн!
Жалыны өрттің сөнген күн,
Анасын сәби емген күн.
Алладан тілеп амандық,
Ертеңгі күнге сенген күн!

               Кеңшілік Тышханұлы

Арыс. Дүйсенбінің таңы. Әдеттегідей адамдар кішкентайларын балабақшаға қалдырып, бірі жұмыс орындарына барды, бірі сауда нүктелеріне келді. Әрине, ойларында ештеңе жоқ. Кенет «гүрс» еткен қатты дауыс естіліп, артынша қаланы үздіксіз бомбалап жатқандай жарылыс басталды да кетті. Жер сілкінгендей болып, терезелер шағыла бастады. Асып-сасып қалған адамдар не істерлерін білмей, үрейге бой алдырып, көлігі барлар көлігімен, көлігі жоқтар жаяулатып көше бойлап қаша бастады. Бұл кезде тұрғындар қаладағы әскери қоймалардың бірінде жарылыс болғанынан хабарсыз еді…
 Сол сәттен бастап ғаламторда әртүрлі бейресми мәліметтер жариялана бастады. Үрейге бой алдырған арыстықтар жаппай қаланы тастап шыға бастады. Бірақ жараланғандар мен қаза болғандар туралы ақпарат біразға дейін айтылмады. Түске таяу №1 Шымкент қалалық Жедел жәрдем ауруханасына зардап шеккендер көмек сұрап келе бастағанда ғана жараланғандардың бар екені белгілі болды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел іске кірісіп, өзі бастап оқиға орнына жетті. Аймақ басшысы алғашқы сұхбатында: «Әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Бұл туралы тиісті орындарға таңғы сағат 9:20-да мәлімет түсіп, облыста төтенше жағдай жарияланды. Барлық аудандар мен елді мекендер жұмылдырылып, көмек қолын созуда. Қазіргі жағдайға байланысты қала тұрғындарын түгелдей көшіру керек. Сондықтан барлық бағытта адамдар арнайы дайындалған қоныстарға тасымалданады. Әрбір қонысты аудан әкімдері басқарады. Қазіргі міндет халықты көшіру. Біз сонымен айналысудамыз»,— деді. Осыдан кейін шұғыл түрде штаб құрылып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар арнайы құрылған, атап айтқанда, Ақдала бұрылысы, 41 разъезд және Водозабор деп аталған лагерьлерге жайғастырыла бастады. Қаладағы әлеуметтік нысандарды (аурухана, балабақшалар, т.б.) полиция қызметкерлері көшірді. Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеп тұрды.
Қураған шөпке тиген өрттей тез тарқайтын қауесет деген жаман ғой. Онсыз да дүрлігіп отырған халық «Бөген су қоймасына қауіп төніп тұр, қойманың суын ағызып, жарылысты тоқтатады екен, қойманың негізгі бөлігіндегі оқ-дәрі жарылар болса, зардабы Шымкентке дейін жетеді» деген секілді алып-қашты әңгімелерден зәресі ұшып, тіпті, Шымкенттен, Жетісай, Шардара, Отырар аудандарынан сақтық үшін деп алыстағы ағайын-туыстарының үйлерін паналауға кеткендер де болғанға ұқсайды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Бадырақов «Бөген» су қоймасының басына барып, сол жерден тікелей байланысқа шығып, халыққа басу айтумен болды.
«Радиация қаупі жоқ»
Жарылыс жалғасып жатты. Арыстықтар шамасы келгендер өздері, шамасы келмегендерін әскерилер мен полиция қызметкерлері оқшаулаумен айналысты. Осы кезде Арысқа ҚР Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев пен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер де ұшып келді. Жағдаймен танысқан олар кешкі сағат 18:00-ден өткенде Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Ж.Жабаев атындағы мектепте республикалық телеарна арқылы көрермендермен тікелей эфир арқылы байланысып, соңғы жағдайлар бойынша сұхбат берді. Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев былай деді: «Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықталған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан аталған оқиға себептерін арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады. Мұнда ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ». Жараланғандар жайлы алғашқы ресми ақпарат та осы брифинг барысында айтылды. Белгілі болғанындай бұл кезде көлігіне снаряд түскен бір адам қаза болып, 31 адам зардап шеккен. Оның екеуі ауыр халде болған. Қазір қаза болғандардың саны үшеуге жетті. Оның екеуі әскери қызметкер. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, қазіргі кезде зардап шеккендердің ішінде 70 адам ауруханада жатыр. Оның 30-ға жуығы облыстық клиникалық ауруханада болса, қалғандары балалар ауруханасында және бірнеше аудандық ауруханаға орналастырылған. 4 науқас ауыр халде екен. Барлық эвакуапункттер толықтай тегін дәрі-дәрмектермен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан соңғы ресми мәліметтеріне жүгінсек, қазіргі таңда қала аумағын түні бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетіп жүр. Олар ұрлық-қарлықпен айналысқан 3 адамды ұстады.
Қазіргі таңда Арыс қаласына кіру қауіпті. Жан-жағы қоршалған. Бұл мақсатта ҚР Ішкі әскерінің 1800 әскери қызметкері және 50 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ оқиға орнында 75 арнайы көлік, 51 шұғыл жәрдем экипажы қызмет етуде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша ТЖД тарапынан 359 қызметкер, 40 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде.
 Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты сол күні кешқұрым Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты. «Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл — төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі. Алаңдамаңыздар, бәрі жақсы болады! Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды, cодан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Арнайы келіп отырмын»,— деді Мемлекет басшысы тұрғындарды сабырға шақырып.
«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан — 40 адам) азамат бекітілді. Тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларына келтірілген шығындар бойынша бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасайды. Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», — деді Ө.Шөкеев.
Ата-анасынан адасқан бала, баласын шарқ ұрып іздеген ата-ана…
Төтенше жағдай барысындағы ең қиын жағдай — адамдардың бір-бірінен, әсіресе, ата-ана балаларынан, балалары ата-аналарынан көз жазып қалғандығы болды. Жарылыс кезінде аман болса болғаны деп ата-аналар балаларын көшеде кездескен көліктерге салып жібере берген. Олардың көлігінің не мемлекеттік нөмерін, не маркасын, тіпті, оның түсінің қандай екеніне де мән бермеген. Ал балабақшадағы балаларды ата-анасының келуін күтпей, қауіпсіз аймаққа жаппай алып кеткен. Олардың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Осыдан келіп, 200-ден астам балақайларды шарқ ұрып іздеген ата-аналарға жергілікті еріктілер, блогерлер мен журналистер көп жәрдемін тигізді. Әлі де ватсап желісі арқылы балаларын таппай жүрген ата-аналардың көмек сұраған бейнелері кездеседі, бірақ, көпшілігі іздегендерін тауып, көңілдері жайланды.
 Еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Қаладан 41 мың адам көшірілді. Оның 39 мыңы өз күштерімен кеткен. 2815 тұрғын арнайы көлікпен көшірілді. Қалада 23 өрт сөндіруші жұмыс істеп, он тоғыз тұрғын үйдің және тоғыз қоражайлардың өрті сөндірілді»,— деп хабарлады.
Ескерту болмады емес…
Өкінішке қарай, бұл Арыстағы алғашқы жарылыс емес. Дәл осы оқ-дәрі қоймасында бұған дейін де бірнеше рет жарылыс болған. Он жыл бұрын, яғни 2009 жылы наурызда қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген. Сондай-ақ, 2014 жылы да Арыс қаласындағы “Қазақжарылысөнеркәсібі” акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам көз жұмса, 2015 жылы қарашада полигон аумағында болған жарылыс барысында бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған. Міне, осындай қайғылы оқиғалардың бір емес, бірнеше рет қайталанса да тоқтайтын түрі жоқ.
 Арыста түбір бір жойқын жарылыстың болатыны жайында осы саланың білгір мамандары да күн тәртібіне көтерумен келеді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ержан Исақұловтың 2009 жылдың 25 наурыз күні болған мәжілісте жасаған баяндамасында былай деген: «Қорғаныс министрлігінің Арыс қаласындағы қоймасында Кеңес армиясының Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін әкелінген көптеген миллиондық оқ-дәрі мен снарядтары сақтаулы тұр. Мұндай жағдай болашақта да қайталануы мүмкін. Және көлемі де үлкен, зардабы да ауыр болуы ғажап емес».
Жарылыстан кейінгі Арыс қазір қандай күйде?
 Жарылыс болған күннің ертеңіне де қауесет тоқтамады. Тіпті, үдей түсті. Арысты былай қойғанда Шымкенттің тұрғындары да әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан қай ақпаратқа сенерін, не істеу керектерін білмей дал болды. Шынайы жағдайды көзбен көру үшін ертеңіне бір топ журналистер (оның ішінде осы жолдардың авторы да болды) Арысқа қарай жол тарттық.
 Әзірге Арыс қаласына кіру мүмкін емес. Қорғаныс министрлігі мен арнайы өкілетті органдар қалаға кірер жолда бірнеше блокпосттар орнатып тастаған.  Бірақ осыған қарамай, адамдар қалаға кіруге ұмтылып жатыр. Мұнда бірінің құнды заттары, бірінің қажетті дүниелері бар. Соны алғылары келеді. Енді бірінің малы қараусыз қалған. Бірақ адам өмірі бәрінен қымбат. Полицейлер өлермендікпен ішке ұмтылған азаматтарға қалада әлі жарылыс қаупі бар екендігін түсіндіріп, кері қайтарып жатыр. Бірақ тұрғындар қайтпай, блокпост маңында қарақұрым болып жиналып тұр.
Арыс көшелері тым-тырыс, үйлер қаңырап бос тұрғанымен, қалып қойған бірен-саран тұрғын бар болып шықты. Қалғандары түгелдей қауіпсіз жерге жеткізілген. Қорғаныс министрлігінің мамандары қаланы әлі залалсыздандырып жатыр. Әзірге қаланы қауіпсіз деуге келмейді. Жарылыстар орын алуы мүмкін. Сондықтан да тұрғындар қала жарылғыш заттардан толықтай залалсыздандырылып бітпейінше кіргізілмейді. Снаряд түскен ғимараттар қираған, жарамсыз күйде. Кейбір үйлерде әлі өрт болып жатыр. Өрт сөндірушілер жүгіріп жүріп өртті ауыздықтауда.
 Жай күндері адам деген құмырсқадай қаптап жүретін теміржол вокзалында өлі тыныштық. Жарылыстағы ауа толқыны ағаштарды да сұлатып түсірген. Ал тойхана иелері біраз шығынға батыпты. Даңғарадай ғимараттарының терезелері шытынап сынып, бірнеше жеріне зақым келген. Ғимарат сыртын сәндеуге арналған қымбат құрылыс материалдары қирап, жерде шашылып жатыр. Жолдағы шыны терезелі, аялдамалардың да шынылары шашырап жатыр.
 Тек малдар ғана алаңсыз жүр. Бірақ Арыста күн «жанып» тұрғандықтан, олардың шөлден қаталап, су іздеп жүргенін байқауға болады. Шөлге шыдамағандары әлдене іздеп (бәлкім, егелерін) мөңіреп қояды.
 Қаланың орталық базарындағы сауда орындары бос. Тауарлары жаймада самсап тұр. Дүрбелең болған кезде жұрт жапа-тармағай қашқан кезде, кей көкөністер жерге шашылып түскен. Жерде әлі де домалап жатыр.
“Бүлінгеннен бүлдіргі алма” дейді. Дегенмен осындай аласапыран кезді пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де болмай қалмапты. Қаланы күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің айтуынша, қалада ұрлық фактілері тіркелген. Мысалы, кеше бір кісі әлдекімнің көлігін айдап кетпек болған. Оны полицейлер тез арада құрықтап, қолға түсірген. Кей адамдар блокпосттан өте алмайтын болғасын, шеттен қыр арқылы асып өтіп, қолына ілінгенді алмаққа әрекеттенген. Бірақ полицейлер оларға жол бермеуде. Олар қалада әлдеқандай себеппен қалып кетіп, көлікпен ызғытып жүргендерді ұстап, не үшін жүргендерін тәптіштеп сұрап, тексеруге алуда.
Бұйыртса, қойма өрттен толық залалсыздандырылса, тұрғындардың өз үйі — өлең төсегіне оралу сәті де жақын қалған сияқты.
Шадияр Молдабек,  
Түркістан облысы, Арыс қаласы 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *