Азаматтарға арналған үкімет басшысының орынбасары тағайындалды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары болып Мәди Саданов тағайындалды. Бұған дейін ол мемлекеттік корпорацияның Нұр-Сұлтан қаласының филиалын басқарған.

Саданов Мәди Амангелдіұлы 1979 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша білім алған, Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Құқық» мамандығы (2008 ж.) бойынша дипломы бар.

Еңбек жолын Мәди Саданов «Тау-кен» ЖШС көлік жүргізушісі болып бастаған, кейін өзге өнеркәсіп орындарында менеджер, өткізу бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2006-2010 жж. аралығында «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚ кәсіпорнында жетекші маман, бөлім басшысының орынбасары, директор орынбасары сияқты лауазымдарында жұмыс істеген. Кейін ол аталмыш институтқа қарасты «Патенттік-құқықтық консалтинг орталығы» филиалының директоры болып тағайындалды. 2010-2016 жылдар аралығында Мәди Саданов ҚР Әділет министрлігінде зияткерлік меншік құқығы комитетінің басқармаларына жетекшілік етті. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясындағы жұмысын ол 2016 жылы бастады. Әр жылдары ол Ақмола мен ШҚО филиалдарында жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Кейін 2018 жылдың мамырында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры болып тағайындалды.

Жаңа лауазымында Мәди Саданов мемлекеттік корпорацияның жер кадастры және жылжымайтын мүлік салаларындағы қызметіне жауап береді. Сондай-ақ оған таяуда ҚР Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған үкімет» құзырына өтетін заңды тұлғаларды тіркеу қызметінің берілу жұмыстарын үйлестіру жүктеліп отыр.

Айта кетейік, корпорацияның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры қызметіне Венера Калимова тағайындалды, бұған дейін ол мемлекеттік корпорацияның орталық аппаратында Жылжымайтын мүлік департаментін басқарды.