Бәйге! Бәйге! Бәйге!

2017  жылы тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған «Қазақстан Zaman» газеті  мен Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан — ұлы дала елі» атты республикалық байқауының жеңімпаздарына сертификаттар мен заттай сыйлықтар табыс етілді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасын жүзеге  асыру бойынша түрлі мекемелер мен ұйымдардың, ресми орындардың бір кісідей атсалысып жүргендерін көз көріп, құлақ естігелі де біршама уақыт болды. Осы орайда біздің басылымымыз халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтан, жаңа дәуірге қадам басуға жетелейтін мемлекет басшысының бағдарламасын іске асыру мақсатында білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздар мен оқушыларға арнап, Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы қарсаңында халықаралық «Қазақстан Zaman» газеті мен  Білім және ғылым министрлігі бірлесіп «Қазақстан — ұлы дала елі!» атты  жалпы республикалық «Бәйге» ұйымдастырған болатынбыз.

Еліміздің түкпір-түкпірінен  250-ге жуық мұғалімдер мен оқушылар қатысқан байқаудың басты мақсаты — кешегі  тоз-тозы шыққан тарихымыз бен әдебиетіміз үшін,  жойылмақ болған тіліміз бен дінімізді қайта жаңғыртқан талай боздақтардың азапты да қастерлі күнін ұмытпау. Ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, рухы биік, намысы берік халық екенімізді дәріптеу.

Редакциямызға келіп түскен толассыз хаттардың ішінен «Бәйге» шартына сәйкес келген тек 70 шығарма ғана комиссия мүшелерінің шешімімен байқауға жіберілді. Оның 25-і редакция алғыс хатына ие болса, 10 үміткер жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Атап айтсақ, «Ең үздік мектеп», «Ең үздік пән мұғалімі», «Ең үздік оқушы» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Желтоқсанның 21-ші жұлдызында редакциямызға бәйге жеңімпаздарын  шақырып марапаттарын табыс еттік.

Салтанатты жиында «Қазақстан Zaman» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы өз сөзін: «Құрметті әріптестер, қош келіпсіздер.  Ұстаздық жол —  ауыр жол.  Мен де осы жолда тер төккен адаммын. Сіздер маған бөтен емессіздер!..» — деп бастады.

«Мен де өздеріңіз сияқты еңбек жолымды мұғалімдіктен бастап, отыз жылдай ұстаздық еттім. Ауылда бір шаңырақтың келіні бола жүріп мектепте мұғалім болдым. Ол кезде мынадай компьютер жоқ. Бәрін қолдан жасайтынбыз. Қазір, шүкір, бәрі бар ғой. Кейін Алматыдағы саз мектебінде басшылық қызметтерді атқардым. «Қазақтелекомда» мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге қолымнан келгенше үлесімді қостым. Алпыс үш жасымда журналист мамандығына келіп, өткір-өткір материалдар жаздым. Мұны айтып отырғаным, осындай жауапты қызметтерді ойдағыдай атқаруыма осы ұстаздық мамандығым көмектесті деп сеніммен айта аламын.

Құрметті әріптестер, сіздер үшін, кішкентай ғана балапандарымыз үшін ұйымдастырған республикалық  «Қазақстан — ұлы дала елі!» атты байқауымыздың тақырыбы да көп нәрсені ұқтырады. Тұран даланың төсінде бейқам күн кешіп жатқан қазақ, кешегі басынан кешкен  азапты күндерін  қалай ұмытсын?!

Сондықтан Тәуелсіздік туралы  өскелең ұрпаққа үнемі, үздіксіз айтып жүру жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат пен азаматшаның басты міндеті деп білемін. Өйткені әрбір саналы азамат үшін  тәуелсіздік көздің қарашығындай сақталуы тиіс ең қасиетті де қастерлі құндылық. Еліміздің ертеңі жастарда екенін ескерсек, тәуелсіздігіміздің баянды болуына, кең құлаш жаюына, бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуымызға себепкер болатын  да осы бүлдіршіндеріміз.

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бүгінде білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Білім мен ғылымның, экономика мен бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестік қарыштап дамыған бүгінгідей жаһандану кезінде Елбасы көрегендік танытып отыр.

Бұл ретте біздің басылымымыз  осы саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді  қатар жазып,  тұрақты түрде оқырман назарына беріп отырады. Ұстаздар  қауымын қағазбастылықтан арылтып, жан-жақтылығын дамыту, заман талабына сай жаңартылған білім мазмұнын жіті меңгеруі сынды өзгерістер өркендеуге бастайтын ең үлкен қадам екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Өздеріңіз қатысқан республикалық «Қазақстан — ұлы дала елі!» атты байқауымыздың қорытындысын шығару комиссия мүшелеріне оңайға түскен жоқ. Себебі еліміздің түкпір-түкпірінен редакциямызға келіп түскен хатттардың есебінде шек болмады. Әрине, ол бізді қуантады. Елім, жерім деп жанын беруге құштар патриот жастардың, оқушылардың Тәуелсіздікке тебіреніп жазған шығармаларына еріксіз сүйсіндік.

Мен бүгін сіздердің  алғыс сезімге толы сөздеріңізді естіп, қуанып отырмын. Мұндай байқау, бәйге өткізу көптен бергі арманымыз болатын. Сіздерге кішкентай болса да шабыттарыңызға шабыт қосқанымызға, қуандырғанымызға, көңілдеріңізге сенім ұялатқанымызға біз де қуаныштымыз. Сіздер де біздің газетіміздің таралымының өсуіне қолғабыс тигіздіңіздер. Рақмет. Осындай алмағайып заманда бірлесіп жұмыс істесек, алынбайтын асу болмайды.

Елбасымыздың Рухани жаңғыруға өзі бастауы біздің ұлтымыздың еңсесін бір көтеріп тастады. Еліміз аман болып, ынтымақ-бірліктің арқасында мына жаңа жылда зор табыстарға жете берейік. Тәуелсіздігіміздің қарсаңында ұйымдастырған бәйгеміз дәстүрлі түрде өз жалғасын табатын болады. Ендігі жылы жеңімпаздар саны бұдан көп болады деп сенеміз!» — деп сөзін аяқтады.

Марапаттау рәсіміне «Ақ отау» отбасылық интеллектуалдық білім саласындағы жобалардың авторы Рамазан Жәшиев, «Қазақстан Zaman» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, бас редактордың орынбасары Жанбақыт Мерекеұлы,  республикалық балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Жанастан Кучукова, қалалық лицей-гимназиялардың ұстаздары мен мектеп оқушылары қатысты.

Марапаттау рәсімінде бастан-аяқ сөз сөйлеп, арасында әнін айтқан кешіміздің жүргізушісі Жанбақыт Мерекеұлы аудиторияны бірден өзіне ұйытып әкетті.

Бұдан кейін сөз сөйлеген басылымымыздың бас редакторы Ертай Айғалиұлы: «Мектептің мемлекетімізде, ұлтымызда алатын орны ерекше. Ол біздің болашағымызды тәрбиелейтін қасиетті орын. Бірақ біз оның осы ерекшелігіне мән бермей келеміз. Дамушы отыз мемлекеттің қатарына енсек деген құлшынысымызды қолдаймын. Ал ол мемлекеттердің қатарына тұру үшін балабақшамызды, мектебіміздің жағдайын жасауымыз керек. Ұстаздардың, мұғалімдердің айлықтарын барынша көтеріп, олардың еш жаққа алаңдамай шәкірттерін тәрбиелеуіне  жағдай жасамай, ештеңе болмайды. Дамушы мемлекеттер несімен мықты? Осы ұстаздарға жақсы, қолайлы жағдай жасауымен мықты.

Тәрбиелі, білімді түлектер елін қуатты етеді. Біздің бұл жасап отырған шарамыз қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, мұғалімдеріміздің көңілдерін көтеру. Біз осы үдеден шыққандаймыз. Сіздердің жүздеріңізден шаттықты, қуанышты көріп отырмын. Алған бәйгелеріңіз құтты болсын!» — деп, келген қонақтарға  ерекше ықылас танытты.

Салтанатты кеште ән айтылып, жырдан шашу шашылды. Жеңімпаз атанған оқушылар мен ұстаздардың ұжымымызға алғыстарын айтып, өзара бір-бірлерін жүлделі орындарымен құттықтап жатты.

Кеш қонағы Рамазан Жәшиев те «Қазақстан — ұлы дала елі!» атты сөздің өзі «Жұмбақ» деген сөзден мағынаны білдіретіндігін, тылсым табиғатымыздың біз білмейтін сырын айтып, жұртшылыққа тереңінен түсіндіріп берді.

Марапаттау  рәсімінде ұстаздар мен оқушылар Білім және ғылым министрі Б. Сағадиевтің алғыс хаты мен қомақты жүлдеге ие болды. Атап айтсақ, «Ең үздік мектеп» номинациясы бойынша І орын алған Алматы қалалық Махатма Ганди атындағы  № 92  мамандандырылған лицей директоры Ерулан Жиенбаевқа ноутбук;

ІI орын алған Алматы қалалық № 177 жалпы білім беретін мектеп директоры Тұрсын Таңатұлына  тоңазытқыш;

ІII орын алған Алматы қалалық Д. Бабаев атындағы  № 115 жалпы білім беретін мектеп директоры Әлия Сыбанқұлқызына теледидар бұйырды.

«Ең үздік  пән мұғалімі» номинациясы бойынша    І орын алған Алматы қалалық № 167 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ізбасарова Гүлбақыт Қабайқызына теледидар;

ІI орын алған Ақтөбе қалалық № 51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Смайлова Нургуль Нурсултановнаға кір жуатын машина;

ІII орын алған Алматы қалалық № 67 жалпы білім беретін мектеп  директоры Бейбітгүл Демеуоваға мен  № 98 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі  Мақпал Нұрланқызына  шаңсорғыш берілді.

«Ең үздік  оқушы» номинациясы бойынша І орын алған Ақтөбе  қалалық № 31 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Мөлдір Даулыбайқызына,    ІI орын алған Алматы  қалалық № 151 жалпы білім беретін мектептің оқушысы  Бөбей Баласағұнға,    ІII орын алған Алматы қалалық №  167 жалпы білім беретін мектептің 4-сынып оқушысы Атымтай Арайлымға  орын дәрежесіне қарай планшеттер бұйырды.

Марапаттау кезінде  «Ең үздік мектеп номинациясы» бойынша I орын алған Ерулан Жиенбаев сөз алып: «Мен еларалық «Қазақстан Заман» газетіне, ұжымына ұстаздар мен оқытушылар атынан алғысымды білдіргім келеді. Түрлі саяси тақырыптарды да, проблемалық, жаһандық ахуалға қатысты материалдарды басылым бетінен жиі көріп қаламыз…

Білім саласын терең қаузап, мектеп, лицей, гимназиялармен тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтарыңызға бүгін марапаттау кезінде куә болып отырған жайымыз бар. Біз лицейімізде биыл 4 ірі жобаны қолға алып жұмыс жасадық, нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта сіздермен шығармашылық байланысты үзбей, бірлесіп жұмыс жасайық деген ниетім бар.

Шындығында, мен таңғалып тұрмын. Мектебіміз байқауға қатысқанымен, жүлдеге ілінеміз деп, тіпті, ойламадық та. Расымен байқау  100 %  әділ өтті деп нық айта аламын. Үлкен рақмет!» — деп сөзін қорытындылады.

Ал ұстаз Гүлбақыт Ізбасарова: «Мен халықаралық «Қазақстан Zaman» газетінің тұрақты оқырманымын. Еліміздің өзге басылымдарынан ерекшелігі сол, қарапайым халықпен үнемі тығыз байланыста жүреді. Соның бір дәлелі болса керек, «Ең үздік пән мұғалімі» номинациясы бойынша I орын алғанымды естігенде қатты қуандым. Нағыз әділ байқау болды. Бәріңізді құттықтаймын, ұлық мерекеміз тәуелсіздігіміз баянды болсын, келе жатқан жаңа жыл құтты болсын!» — деп ағынан жарылды.

Шарамызға №115 мектептің кітапханашысы Дәмет Тоқсанбаева «25 ән, 25 кітап» жобасы аясында  көптеген  мәдени, әдеби шаралар мен кештер өткізіп жүргендігін тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде көрсете білді. Редакциямызға оқушыларын әкеліп, патриоттық әндер айтқызып, жатқа тақпақтарын оқытқызып, көптің қошеметіне бөленді.

Кеш соңына қарай ұстаздар мен оқушылар ұжымымызға ақ жарма тілегін айтып, естелік суретке түсті.

Сонымен, қадірлі оқырмандар, ұстаздар, жас ұландар, бәйге биыл да жалғасын табады. Ол тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына арналады. Алдағы нөмірлеріміздің бірінде ол байқауға қатысудың мән-жайын, жолдарын беретін боламыз. Жеңімпаздарды тағы да бәйгелерімен құттықтаймыз.

                                                                                                   Жұлдыз Әбіл