«Боися враг 9-го сына!..

» Иә, сонымен сайлауалды дода басталып та кетті. Бір дұрыстау дүние жазбаққа оқталып жүр едім, тек мынау сағат сайын өршіп бара жатқан өрт айналасын түгел жалмамай тұрғанда бір су сеуіп қою керек сияқты және онымды оқырман дұрыс ұғар деген ойдамын. Әлқисса! «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дау сол 9 дың ішіндегі бір төбесі — Әміржан туралы әңгіме. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе!» демекші шынында да осы Әміржан Қосанов деген кім?! «Қазіргілердің» тілімен айтқанда ол жапон жансызы екен… Елдегі болып жатқан барлық азып-тозудың да басты күнәһары осы пенде көрінеді… Ақордамен ауызжаласып жалғыз өзі елді ірітіп жүр-мыс! Ширек ғасырға жуық шындық іздеп шырылдап жүрген жігітті бұндай жексұрын етіп көрсету кімге тиімді? Ал енді солардың сөзіне келер болсақ: Ол жиырма бәленбай жыл елде қалай тірі жүр? (бұл билікке берілген әділ баға. Өз тараптарынан) Ал амалсыздан елден кетуге мәжбүр болған азаматтар туралы: Неге елден қашады, мықты болса елге келіп, елдің ортасында айтсын, айтарын дейді. Логикаларыңызды түсіне алмадық тоқылдақ мырзалар! Сонымен нақты не істеуі керек?! Сонау атышулы Желтоқсан-86 да сотталып бара жатқан біздерді өз басын дауға байлап араша түскен студентті де, соңынан xалық жауына теңегендер аз болмаған. Одан кейін де талай сұмдықтарды басынан өткерген Қосановты митингіге жібермес үшін қаладағы пәтерінің есігін түнде арматура қосып тұрып бетондап тастағанын неге ұмыттық? Үйінің қабырғасына қызыл сырмен (краска) Амиржан, ты труп! деп жазып, сол жазу өшкенше балаларының псиxикасына әсер етпес үшін мектепке де апармай үйде тығып ұстағанын неге ұмыттық?! Қабірдегі қарындасының атынан «Әміржан, мен сені күтіп жатырмын» деген теллеграм жіберген сұмпайылар бүгін тағы неше түрлі сұмдықтарды үйіп-төгері анық. Сонау Қажыгелдиннен кейін билік қанша қызмет ұсынса да бірде бірін қабыл алмаған Қосановты қолдамайтындары боса да белгілі. Басқа-басқа, ел танитын азаматтар Сіздер адаспаңыздар. Сіздер адассаңыздар Сіздерге ерген Ел адасады! (кімнің сөзі екенін білерсіздер деген үміттемін) мұндайда тек бірігу керек! Сол жылдары билікпен келісе қоймадың деп апақ-сапақта шабуылдап, ұрып, аяғын сындырып, жеңгеміздің құлағындағы сырғасына дейін сыпырып кеткендер қызбен келе жатқан еркекке ешқашан тиісуге болмайды деген ережені де ескермепті, неге? Мұны неге ұмыттық?! Бұл мың мысалдың мысқалы ғана. Ал жарайды, Әміржан тентек екен, кім келініне араша түсті? (Құлағыңа алтын сырға, жеңеше.) Бұны неге ұмыттық?! Соққыға жығылған Әміржан үйде жатқанда, көрші тұратын қазақтың Қадыры (Мырзали) келе сала көңілді дауыспен Әміржанның анасына: әй, бәйбіше! сен неге жылап отырсың, мұндайға қайта қуанбайды ма?! десін. Жұрт аң-таң… Сонда Қадекем: ұруға тұратын Ұл болады, тұрмайтын құл болады, қуан оған! деп еді-ау, жарықтық! Қалай тауып айтқан… Атышулы Алпамыс жырындағы дарға асуға алып келген Жәдігердің: Ертең көкем келгенде, Ұлым қайда дегенде, Не деп жауап айтасың? Тарта бер, жұртым, тарта бер! деген сүйек сырқыратар сөздерін құлағыма бір жылы жел жеткізіп жатқандай… Судың да сұрауы барды атам қазақ бекер айтпаған шығар, бір күні бәрі үшін сұраларсыздар! Ал әзірге, тарта бер, жұртым, тарта бер!

Жарлы БАЙҒАНИН (Нұрымжан Керейұлы)