Дәрігердің дара жолы

 

Бұған дейін Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық аурухана басшысы қызметін ұзақ жылдар атқарған елімізге белгілі хирург-дәрігер Серім Сыздықов  медицина саласындағы еңбек жолын аяқтады. Жақында жергілікті билік өкілдері мен мәслихат депутаттары және бұрынғы әріптестері дәрігерді 67 жасқа толған туған күнімен құттықтай барып, осы күнге дейін елге сіңірген адал еңбегі үшін алғыстарын білдірді.

Серім Уақапұлы осы мекемеде қырық жылдан астам қызмет істеп, бүгінде сол еңбегін қорытындылап жатқан жайы бар. Шараға облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов қатысып, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ардақ Күзеков, облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова арнайы құтттықтап, өңірдің медициналық саласының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін атап өтті.

— Сіз өңірдің денсаулық сақтау саласына үлкен өзгеріс әкелген іскер басшы, әр науқастың денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарайтын білікті дәрігерсіз. Көпжылдық еңбегіңіз халықтың көз алдында. Осы салаға келген жылдан бастап, аймақтың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін алғыс білдіреміз, — деді Алмас Батанов.

Серім Уақапұлы Семей мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң, еңбек жолын 1977 жылы Павлодар қаласындағы № 5 емханада хирург-травматолог болып бастады. 1980 жылы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға ауысып, травматология-ортопедия бөлімшесінің дәрігері, 1991 жылдан бастап сол бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1999 жылдың сәуір айынан бастап аталмыш мекеменің басшысы лауазымын атқарды. Ол «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша жоғары санатты дәрігер. Серім Уақапұлының бастамасымен облыстық аурухана облыс тұрғындарына  толық көлемді мамандандырылған стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге көшті. Сондай-ақ, науқастарға тегін медициналық көмек көрсетуді жолға қойып, тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді реттеді. Қазір Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана еліміздегі ересек адамдарға стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар арасындағы ұлттық рейтингтің бірінші сатысында тұр. Аймақтағы ең үлкен денсаулық сақтау мекемесінің осы жетістіктері мен жоғары нәтиже көрсетуі – Серім Уақапұлының еңбегінің айқын көрінісі. Дәрігердің дара жолы мен кәсіби біліктілігі билік тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың 2012 жылғы және 2016 жылғы шақырылымдарында депутат болып сайланған. Бүгінге дейін көптеген қайырымдылық шараларына, «Мектепке жол» және «Ардагерлерді ардактайық» сынды акцияларға белсенді қатысады.

Медицина саласының ардагері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Болат Оразғалиев өз сөзінде Серім Сыздықов облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасын жетілдіру жағына ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

— Ол облыстық аурухана базасында офтольмологиялық және акушерлік корпустар ашып, іске қосты. Сол корпустарды жаңа технологиямен жабдықтады.  Бұдан бөлек сапалы кадр дайындауға назар аударды. Осы мекемеден шыққан білікті дәрігерлер қазір еліміздің әр түкпірінде жемісті қызмет етуде. Қазір №3 қалалық аурухананың және облыстық туберкулезге қарсы диспансердің басшылары осы Серім Уақапұлының шәкірттері, — деді Болат Дүйсенбекұлы.

Құттықтау шарасының соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.

Тілеуберді САХАБА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.