Дәрі-дәрмектер, тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана сатылу керек

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Жүнісбекова мәлімдеді

Елімізде дәрілік заттарды рецептуалды өткізу денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген. Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларымен регламенттеледі. Қазақстан бойынша 2019 жылдың 21-ші мамырындағы есеп бойынша 7792 дәрілік заттың атауы тіркелген. Оның ішінде дәрігердің рецепті бойынша 6 033-і, ал, нұсқаулықсыз 1759-ы сатылады.

Ал, тұрғындардың кейбірі қатаң түрде дәрігердің нұсқаулығымен ұсынылатын дәрілер туралы білмейді. Қандай да бір аурудың белгілері байқалған жағдайда, дәрігердің көмегінсіз емделгісі келеді. Рецепт бойынша сатылатын дәрілік заттардың тізбесіне тоқталсақ: микробқа қарсы және гормональдық препараттарды; құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілік заттарды; жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді; ас-қазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттарды және т.б қамтиды.

Сондай-ақ дәрігердің рецептісінсіз мыналар сатылады: дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, шөптен жасалған шәй, сонымен қатар ауруды басатын кейбір препараттар кіреді. Дәріханада тұрған формацефттер, сатып алушыға аталмыш препараттың қолданылуы туралы ақпарат беруі шарт.

Дәрілік заттарды рецептсіз босатудың қауіптілігін түсіндіру мақсатында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұлттық сараптау орталығымен фармацевтика саласы қызметкерлерін рецептпен босатуға, науқастарға дәрігердің рецептпен дәрі қабылдауға шақыратын «Қатаң түрде рецептпен босату» апталығы жүргізілуде.

Аталған шара Қазақстан аумағындағы барлық емдеу орындары мен дәріханаларды қамтиды және 2019 жылдың мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Айта кетейік облыста қазіргі таңда 400 ден астам дәріхана бар. Олардың 90 пайызы жеке кәсіпкерлердің иелігінде.