Елді газбен қамтамасыз етуді Жамбылдықтар жалғастыруда

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы  «Бес әлеуметтік бастама» баршамызға мәлім дүние. Соның ішінде «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты Елбасының бесінші бастамасы елдің миллиондаған тұрғындарын газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын жəне орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға өз ықпалын тигізеді.

«Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі.  Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.  9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» — деп Елбасымыз өз сөзінде айтқан болатын.
Газ саласын дамыту бағытында Жамбыл облысында 377 елді мекен бар. Оның ішінде қазіргі таңда газдандырылғаны 181, немесе 48 пайызы. 2019-2027 жылдары 196 елді мекенді газдандыру жоспарлануда, нәтижесінде 377 елді мекен газдандырылып, үлесі 100%-ға жеткізіледі.

2008 жылы облыс бойынша 48 елді мекен тауарлық газ тұтынған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарында 181-ды құрады. Демек, соңғы 10 жыл ішінде газдандырылғаны 133 елді мекен.

Газдандырылмаған 196 елді мекен мәселесін шешу мақсатында, 2019 жылдан бастап, үш жылда бөліп қаржыландыру үшін, Энергетика Министрлігіне елді мекендерге газ келтіретін 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілген.

Құрылыс жұмысын 2019 жылы бастау үшін облыстық бюджеттен Байзақ ауданына (21 е.м. халық саны – 17 241 адам), республикалық бюджеттен Шу ауданына (18 е.м. халық саны – 22 130 адам), Жамбыл ауданына (13 е.м. халық саны – 12 631), Жуалы ауданына (15 е.м. халық саны – 9 457 адам), Сарысу ауданына (14 е.м. – 39 539 адам), оның ішінде Жаңатас қаласына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды 2021 жылға дейін аяқтау көзделуде.

2019 жылы 9 елді мекен газдандырылады. Оның ішінде Сарысу ауданының 4 елді мекенінде газ тарататын құбыр құрылысы аяқталған (Әбілда, Тоғызкент, Майлыкөл, Досбол). Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Талас ауданының 5 елді мекеніне ауыл ішінде газ тарататын құбыр құрылысын жүргізіп (Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр), газдандыру жүмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. (халық саны 6 035 адам).

Бөрі Сұлтан