ЕСІРТКІ САУДАСЫ — ЕСІЛ ЕРЛЕРДІҢ ЕСІН АЛЫП ТҰР… немесе Шу қасіреті бар қазақтың қасіреті

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп ресми белгілеп берді. Демек, бұл жыл — жастарды қорғау, қолдау жылы. Елбасының ізгі ниеті, ақ адал пейілі өз дәргейіне көтеріліп, елдің болашағы жастар — қамқорлық аясында шалқыса, шіркін! Осы орайда жалтақ басшылар, құр сөзден «қуырдақ қуырып», уәдені үйіп-төгіп «бізде бәрі жақсымен» іс бітпейтінін есте ұстағандары абзал. Ұлтжанды әкімдер мен келешекке сенімді шенділердің де сыналар тұсы осы! Себебі бағыт айқын. Қалайда жастарды — көздің қарашығындай сақтау. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа бастау. Оларға моральдық, әлеуметтік қолдаудың әсерін сезіндіру.
Қай заманда болмасын жастар елдің тірегі, болашағы өсіп-өнуінің көрсеткіші, дамуының барометрі болған. Жастары азғындаған мемлекеттің өсуінен өшуі, дамуынан жаңылуы, шалқуынан ал-қынуы көбейеді. «Арық атқа қамшы ауырдың» көкесі сонда болмақ.

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Бүгінгі қоғамды — адамға теңесек, оның күрк-күрк жөтеліп, қан қысымы көтеріліп, тұла бойы дел-сал болып тұрғанын аңғарасың. Себебі мұқтаждық көп. Жетіспеушілік пен зәрулік басым. Кей жағдайда тамыр-таныстық алдыңғы сапқа шығып, «бармақ басты көз қысты әрекеттердің де» салқыны сезіліп қалады. Қоғамның дамуына жемқорлықтың да зардабы шаншудай қадалап тұр. Әсіресе жастар арасындағы отбасылық кикілжің, ажырасу, арақ ішу, наша шегу секілді белең алған жаман әдеттер қаншама? Шынында да біз еліктегіш халықпыз ғой. Орыстан арақ пен темекіні үйреніп тілден, ділден айырылсақ, Батыстан «үйреніп» барымыздан айырылып барамыз. Басқа елдерден де «үйренгендеріміз» аз емес. Егер бұлай жалғаса берсе болашағымыз — бұлыңғыр, келешегіміз заңғар тау емес құр үңгір болып қала ма деп қорқамын. «Жастар жылында» осындай келеңсіздіктермен күресіп бойдағы қорқыныштан арылмасақ, шындықты айтып ағымыздан жарылмасақ ақсақалдығымыз қайда? «Бізде бәрі керемет» деп шенді-шекпендінің алдында құрдай жорғалау нағыз елге жаны ашымайтын қарттың, ашумен тіл безесек, жағымпаз қырттың тірлігі. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Ол үшін бас кетпейді. Қариялары күмілжіп, әкім-қаралары құбылып тұрған қоғамнан не күтуге болады? Әрине көпке топырақ шашпаймын. Елім деп еңіреп жүрген басшылар да бар. Бірақ «бір қарын майды, бір құмалап шірітетіні» жаныма батады… Әйтпесе баяғыда-ақ дамыған елу елдің арасында шалқып жүрер едік қой…
«Ауруын жасырған өледі» дегенді ескере отырып, әріге бармай-ақ өзім туған Шу өңіріндегі қарасораға құныққан, есірткі сатып «шыныққан» жастар жайлы айтпақпын. Себебі ел ертеңі жастардың азғындық жолды таңдауы, жұмыссыз сабылып жүріп, оңай табыс табу үшін қылмысқа барып, ол істеріне көз жұма қараулары — түйткілді мәселе қатарында тұр. Оны шешу бүгінгі билік пен ел ағаларына сын! «Ештен кеш жақсы» дейтін қазақпыз. Қазір бұл мәселені түпкілікті шешіп алмасақ, бүгінгі күнімізге зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені асқынып барады. Қай нәрсенің де асқынғаны жақсылыққа апармайды…
Гашиш, марихуана сияқты есірткі түрлері жасалатын қарасора өсімдігі Шу алқабында өсетінін барлығы біледі. Біздің елде оңай олжа табудың төте жолы — есірткі сату болып тұр. Мұны бизнеске айналдырып шіріген байлықтың иесі атанғандар жетерлік. Байимын деп құтырып, кейін тұтылып түрмеге тоғытылғандар қаншама. Әлі күнге дейін қолға түспей есірткіні саудалап жүргендерді аяймын кейде. «Бидайдың баратын жері —диірмен» демекші, ерте ме, кеш пе олардың да баратын жері белгілі…
Әңгімені әріден қозғасақ, есірткінің құрбаны болғандардың артында қаншама бала жылап қалды, соның салдарынан қаншама ата-ана құлап қалды. «Бұл жаман әдет неге соншалықты белең алды» деген көкейде қаншама сұрақ қалды? Қаншама шаңырақ қирады, қаншама нашақордың миы құрғады, осы бізді, ел жанашырларын қинады. Натуралист-құсбегі, этнограф, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, есімі “КИНЭС” рекордтар кітабына енген табиғат жанашыры Сатылғанов Жапар Тілеужанұлы мырза «Қасіреттен» қалай құтқарамыз?» атты мақаласында: «Жақында облыстық құзырлы орган басшылары «Жамбыл» телеарнасына берген сұхбатында, «Есірткі өршіп тұрған аудандарың бірі — Шу» деп қадап айтты. Расында, Қазақ хандығының туын тіккен, үш жүздің төбе биі Төле бабамыздың туған жері саналатын киелі, қасиетті өңірде — Шу ауданында есірткі бизнесі көптеген жастарды улап, жылдан-жылға өршіп бара жатқаны жасырын емес. Тіпті кей ауылдарда жақыны, туған-туысқаны, балалары істі болмаған үй жоқ. Мұны Шу ауданындағы ел-жұрттың тәлім-тәрбиесіне жауаптылардың, ұлттық тәртіпке ақылшы кәрі мен жастың бәрі білсе де, науқандық шаралардан нақты нәтиже болмай тұр. Шу өңірінен басталған сол қасіреттің өзге аудандарға да жайыла бастағанына қалың ел куә» деп жазыпты. Бұған алып-қосарым жоқ. Бұл — тайға таңба басқандай шындық!
Иә, нашақорлыққа әлем халқы қарсы. Оны тарататындарға берілетін жаза да ауыр. Қазақстанда есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыратын, бұл қылмысқа барғандарға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолдануға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Сөйте тұра қылмыс азаяр емес. Неге?

ШУ ӨҢІРІНДЕ ЕСІРТКІ ІСІНЕ ШАТЫЛМАҒАН ОТБАСЫ АЗ…

Мен 60-жылдың ортасында Жамбыл облысының Шу ауданындағы ірілендірілген Абай атындағы іргелі ауылға келін болып түстім. Бұл ауыл алдыңғы қатарлы 45 мың қойы бар, берекесі тасыған мекен еді. Халқы табан ақы маңдай терімен күнелткен, қылтың-сылтыңы жоқ, есірткіге елтімеген, көлденең пайдаға өршімеген жұрт болатын. Бүгіндері есірткі сатумен даңқы шығып тұрғаны таңдандырмай, шошындырмай қоймайды. Біздің елде есірткі сатпаса, күнкөріс шынымен-ақ қиын ба? Басқа табыс көзі жоқ па? Әлде халық барға тасып, қоныштан басып құнығып кетті ме? Бәлкім, «дәніккеннен құныққан жаман» екенін естен шығарып алды ма екен?
Өзім Жамбыл облысы Шу ауданы Мойынқұм ауылында тудым. Əкем сол өңірде басшылық қызметте жүрді. 10 жылдықты сол жерде бітірдім. Әлі есімде сол жылдары қарасора есіктің алдында өсіп тұратын. Тірі жан оған көңіл бөлмейтін. Тіпті оның жаман атын да ауызға алмайтын. Бірге оқыған ұлдар да жаман қылықтан ада еді… Бертін келе 80-жылдардың ортасынан бастап осы шөптің «аты» шыға бастады. Есім сойы есімде қалмапты біздің ауылға шет жақтан бір ұйғыр көшіп келгені бар. Өзі қазақшаға судай аңқылдаған жан-тын. Аңқылдаған қазақ кімді жатырқаған, (орыс-немісті бауырға басқанда, діні бір ұйғыр жат бола ма) өз баласындай қабылдады. Оған шама-шарықтары жеткенше қарасып тұрды. Уақыт өте берді зымырап. Әлгі тұрмысы нашар ұйғыр көз алдымызда байи бастады. Қиналып қатты жұмыс істемесе де шаруасы дөңгеленіп, үй-жайы оңалып қалды. Оны жіті көз қалайша аңғармасын. Шалғайдағы құмға барғыштап, ақыр аяғында, (ол кезде Фрунзе деп аталады) Бішкекке қатынайтын күйге жетті. Сол кездегі көне көз қариялар, «қарасораны кәдеге жаратып, мына ұйғыр саудагер бір істі бастады. Артының қайырын берсін», — деп отыратын. Шынымды айтайын, ол ұйғырдың кейінгі тағдырынан мүлде хабарым жоқ. Еліктегіш халықпыз ғой, орыстан арақ ішуді, оны қайнатып сатуды үйрендік. Одан кейін, оңай баюдың жолы деп қарасораны өсіріп, үгітіп сатуға бейімделдік… Осылайша тақсірет пен қасіреттің ауылына өзіміз қоңсы қондық. Бұл пәлеге қалай ғана тап болдық дегенде ойға мына жайт оралады.
Совет үкіметі тарап, нарықтық экономика алдымызды орап, қолында барлар бар байлықты тонап, жұмыссыздық белең алып, күнін әрең көрген халық, ауыртпашылықтан жастар сенделіп қалғанда, Шу өңіріндегі пысықайлар жаппай есірткі саудасымен айналысты. Расы керек, Шудың маңайы кеңес заманынан бақылауда болған. Сол үрдіс сақталып, қиын кезеңде де Үкімет назардан тыс қалдырмады. Облыстағы наркомания бөлімдері үздіксіз жұмыс жасап жатты. Алайда иненің көзінен өтетін пысықтар жолын тауып, өз бизнестерінің өркендеуіне қол жеткізді. Соның салдарынан есірткі саудасы өршіді. Аты әлемге мәшһүр Шуда әлі күнге небір қулық-сұмдықтар жасалып жатыр. Шудың бойын жайлаған елді мекендердің қазіргі жағдайы өте күрделі. Күрделі деймін-ау, өте аянышты! Келешегіміз саналатын жастардың халі мүшкіл… Ашығын айтайын, кей ауылдарда есірткіге есі кеткен, заң шеңберін кесіп өткен, сөйтіп шалыс басып аяғы көктен келген жастар жетіп артылады. Тіпті осы есірткінің зардабын тартпаған бірде-бір шаңырақ жоқ десем, сөге жамандамаңыздар. «Ұрлық — түбі қорлық» екенін ескермей, есіріп жүрген қанша жасты абақты күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі. Ашынғаннан шығып тұр жанайқайым, ағайын! Менің де жақын-жұрағаттарымның ішінде есірткінің торына шырмалып, түрмеге қамалып, ол жақтан оралып жатқандар да бар. Бір ғана менің аулымда тепсе темір үзетін небір жігіттер оңай олжа табамын деп шатылды. Енді сабақ болады-ау дегендер, кейін де бір-екі рет түрмеге барып қайтты. «Ол жақтан» оралғандардың денсаулықтары да сыр беріп, түрлі аурулармен алысып жүр. Ең жанға бататыны — ажырасқан жастар көбейді. Асыраушысы сотталып, шиеттей баласымен әлеуметтік жәрдемақыға қалт-құлт етіп отырған жанұялар тағдыры алаңдатады… Жетім-жесірдің де саны артып келеді. Бұдан асқан қайғы бар ма, ата-ана үшін? Таза жүріп өмір сүруге қызықпай, дені сау болса да жаны мүгедек, жасы 40-тан асса да отбасын құруға талпынбаған жігіттер саны көбеюде. Бұдан асқан қасірет бар ма, ағайын?! Бауыр еті баласынан тірідей, енді бірі өлідей айрылған ата-аналар қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын.
Баяғыда «бəленшенің баласы сотталыпты» десе бір ауыл емес, бар аймақ, «Ойбай, ұят болды-ау. Ата-анасы дұрыс тәрбие бермеген болды ғой», — деп кінәлап, жағаларын ұстаушы еді. Бүгіндері еттері әбден үйренген бе, жаманат хабар естіп жатса да селт етпейді-ау, селт етпейді. Бұл бойымыздағы ұлттық намыстың, асқақ жігердің, заңғар ар-ұяттың, жайдары қазақылықтың жоғалып бара жатқан бейнесі ме деп шошимын. Есірткі бүгінгі қоғамның асқынған дерті болып тұр. Қазақ біртұтас тірі организм. Демек, оның бойындағы кесел барлық ағзаны зақымдайды. Ендеше, Шу өңіріндегі проблема, бір қазақтың емес, бар қазақтың сырқаты. «Қолымды кесе бер, басқа мүшем аман болсын» деп кім айта алады? Олай болса ағайын, «Өгізге туған күн, бұзауға да туатынын» ұмытпайық… Бәрімізде ұл-қыз өсіріп отырмыз.

СТАТИСТИКА МЕН ДЕРЕКТЕРДЕН ЖАН ШОШИДЫ

Бүгінде Шу алқабындағы қарасора шөбі Ауғанстанды он орап алатын деңгейге көтерілді. Географиясы да кеңейді. Сөзім жалаң болмасын енді нақты фактілерге жүгінейін. Ақпараттың aqjolgazet.kz сайтынан алынғанын еске саламын. 2018 жылдың соңғы айында ғана, ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың мәлімдеуінше, Жамбыл облысының аумағында 19,6 тонна марихуана тәркіленген. «Көкнар — 2018» шұғыл-профилактикалық шаралары барысында Меркі ауданы құмды аймағының 23 шақырымында облыстық ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері 38 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған. Ұсталған азаматтан үш қап — барлығы 38,8 келі марихуана тәркіленіпті.
Облыстық наркобизнеспен күрес басқармасының қызметкерлері «Дельта-Долина» тобымен және Шу аудандық ІІБ учаскелік инспекторымен бірлесіп жүргізген жедел шара барысында Белбасар ауылының маңында Қордай ауданы Қайнар ауылының 21 жастағы тұрғынын құрықтаған. Оның қабынан 10 келі 550 грамм кептірілген марихуана табылған.
Есірткіні бизнеске айналдырғандар дайындалған марихуананы полицияның көзіне түспей алып шығатын болса, солтүстік өңірлерге қарай жібереді екен. Демек ол жақтарда да қолданушылар, сатып алушылар бар деген сөз. Бірақ басқа өңірлерде де республикалық «Көкнар» операциясы жүріп жатқандықтан, бұл жақтан ұсталмаса да, сол жақтан ұсталады. Бірақ дәл Шу өңіріндей есірткі саудасына арбалып, кейін зардабын тартып жатқандар аздау секілді…
Былтыр Шу аймағында 12,3 гектар алқапта өсіп тұрған 91 қарасора плантациясынан алынған 102 тонна (одан 20,5 тонна марихуана алуға болады) өсімдік өртелген. Сарапшылардың айтуынша, бұл 25 млн. атым есірткі екен, ал ақшаға шаққанда оның құны 45 млн. АҚШ долларын құрайды.
Елді мекендерден 100-150 шақырым қашықтықтағы құмның ішінде өсетін есірткі плантациясын табу қиындығын алға тартады мамандар. Есірткі алатын қарасораны 3-4 метрлік сексеуілдің ішіне жасырып, 20 сотыққа дейін егуге болады екен. Мұндай плантацияларды полиция тікұшаққа мініп, спутник немесе дрон арқылы төбеден бақылайды. Сөйтіп барып қана қылмысты айқындайды. Ал әлі күнге жасырынып жатқан, құпиясы ашылмаған қарасора плантациялары қаншама? Кейбір қулар есірткіні жаз айларында жинап, жерге көміп кетеді де қыста келіп алады екен. Өздерінше сақтанған түрлері. Сондықтан аса ірі көлемде «шөп» жинайтындар кейінірек, қыс мезгілінде ұсталып жататыны содан.

ҚАРАСОРАНЫ ИГІ ІСКЕ ЖАРАТУ НЕГЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ?

Кеңес үкіметі кезінде Шу алқабынан жинап алынған қарасора шөбінен кендір жіп пен өте сапалы кендір майын дайындайтын ірі зауыттар болды. Кейін оның барлығы жабылып тынды. Өкінішке орай елімізде қарасораны кәдеге жарату ісі әлі күнге жолға қойылмай отыр. Мамандар Шу алқабындағы жабайы қарасорадан дәрі жасап, қатерлі ісік ауруларын, семіздік пен қан қысымын емдеуге болатынын жиі айтып жүр. Тіпті 2004 жылдары Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды қолға алған да екен. Бірақ басталған іс соңына дейін жетпей тоқтаған. 2014 жылы 14 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде есірткінің шикізат базасы болып табылатын қарасораның проблемасын шешу қажеттігін көтерген кезде депутат Дариға Назарбаева бұл мәселені Шу өңіріне дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салу арқылы шешуді ұсынып еді. Халық қалаулысы Д.Назарбаева Шу өңіріндегі 140 мың гектарға тарта қарасора алқабынан жыл сайын 5 мың тоннаға жуық марихуана (есірткі затын) әзірлеу ықтималдылығын алға тартты. «Сондықтан оны криминалдық мақсаттарға емес, халыққа пайдалы істерге қолдануымыз керек», — деп игілікті іске бастамашы да болды.
Дариға ханымның сондағы айтқан мәнді сөзі тарих бетінде қатталып тұр. «Мен біздің қарасораға қатысты көзқарасымызды тұтастай өзгертуді ұсынамын. Қарасора — бұл криминалдық мақсаттарда пайдаланылатын есірткі заты ғана емес, бұл сонымен қатар ауыл шаруашылығының түрлі бағыттағы пайдалы дақылы. Қарасорадан жасалатын препараттар бүгінде әлемде ракпен, ЖИТС дертімен сырқаттанғандарға пайдаланылады. Мәселен, бұлар Израильде, Чехия мен Канадада, Голландияда қолданылып жүр. Онымен қоса, қарасора есте сақтау қабілетіне қатысты ауруларда, альцгеймер науқастарына қолданылады. Сондықтан да әлемнің бірқатар елдерінде қарасораны арнайы өсіру қолға алынған. Тіпті қарасорадан әлемде 25 мыңға тарта өнімдер шығарылады. Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жылдар бойы Шу алқабындағы жабайы қарасорамен күресіп келеді? Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды. Бұл тиімді ме? Жыл сайын сол баяғы сауалдар қайталанып жатыр. Ендеше, бүгінгі күні жабайы қарасораны пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жетті. Сондықтан Шу алқабындағы жабайы қарасора қаптаған жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға беруіміз қажет. Мұндай компаниялар осы алқапта зауыт салып, пайдалы өнімдер шығаратын еді». Өте орынды уәж!
Шынында да қарасораның пайдалы жағын ескеруіміз қажет-ақ секілді. Егер осы іске инвестиция тартып, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салатын болсақ, бұл бюджеттің бүйірін толтырып, сол аймақтағы тұрғындарды жұмыспен қамтыр еді. Қалай десек те, осы аймақты күзету үшін бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оның орнына өндіріске қаражат жұмсасақ, мұның пайдасы мол болатыны сөзсіз ғой. Егер осы айтылғандар жүзеге асса қылмыстық істерге де бөгесін боларына кім дау айтар?!.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Шудың шөбін кəдеге жарату үшін кореялық инвесторлармен келіссөз жүргізілуде деген ел арасында жаңалық тараған. Яғни, шетелдік инвесторлар Шу өңірінен зауыт салып, қарасора шөбінен дəрі жасамақ болған. Олардың пайымдауынша бұл шөптен сансыз ауруларға ем болар дəрі жасауға болатын көрінеді. Алайда осы бастама белгісіз себептерге байланысты аяқсыз қалды… Осы іске облыс əкімі Асқар Мырзахметов қайта жан бітіріп, бастаманы қайта көтерсе, шулықтар ғана емес, бүкіл облыс үшін толайым табыс, əрі игілікті іс болар еді-ау!!!
Қалай десек те, қоғамға қаншама зиянын тигізіп отырған есірткіні пайдалы іске жаратуға да болады екен. Шу алқабындағы жабайы түрде өсіп жатқан есірткі шөптерді пайдалансақ, одан мол табыс табуға болатынын мамандар да айтып отыр. Бірақ өкінішке орай, бізде кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасайтын бюрократиялық кедергілер өте көп. Әйтпесе дамыған елдердің көбі мұндай өсімдіктерді өздері арнайы өсіріп, пайдаға белшесінен батып отыр. Біздегідей у-шу жоқ. Ал біз болсақ, Шу өңірінде табиғи жолмен пайда болған қарасораны өртеп құрта алмадық. Жыртып жоя алмадық. Шауып бітіре алмадық. Ақыр аяғында пайда қуғандардың құнығуына жол ашып қойдық. Оның арты қайғы-қасіретке ұласып барады…

ТҮЙІН СӨЗ

немесе облыс әкімі Асқар Исабекұлына өтініш

Президентіміз өзінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында ұлттық болмыстың жаңаруын, заманға сай бейімделіп жаңа технологияларды жастардың меңгеруін, дәстүр сабақтастығын жоғалтпауды, ар-намысты жоғары ұстауды шегелеп жазды. Биылғы жастар жылы да жоғарыдағы құнды мақалалардың заңды жалғасы деп білемін.
Осы орайда президент бастамасын қолдай отырып Шу өңіріндегі жастардың түйткілді проблемасын сөз етіп отырмын. Бұл жастар арасындағы күрмеуі қиын шетін мәселенің біреуі ғана. Тізе берсем кем-кетік, жетіспеушілік т.б атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен.
Жастардың болашағына алаңдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Жапар Сатылғанов мырза: «Бұл кесапатты бүгін тоқтатпасақ, ертең кеш болады. Аудандағы ардагерлер, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар, қоғамдық кеңес өңірдің ілгерілеуіне күш салу керек шығар. Не болса да жастарды есірткі ауруынан құтқару жолын іздеуге тиіс. Мұндай дертпен тек полицейлердің күрескені аз, билік, бүкіл ел болып күреспесек, жағдайымыз қиын… Иә, сонау жылдары облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болып түскенімде сол қариялардың нұсқауымен өңірдегі есірткі мәселесін біраз зерттегенім бар. Сонда төбе шашымды тік тұрғызған шындық: «Тараз қаласындағы түрме-колонияларда жатқандардың басым көбі шулықтар екен», — деп жазғаны айна қатесіз шындық. Оған менің де көзім талай рет жетті. Осымен сабақтас тағы бір проблема түрмеден шыққан 18-30-дағы жастарды мемлекеттік қызмет түгілі, жай жұмысқа жолатпайтыны. Бұл да жастарды қоғамнан шеттетіп, керексіз болып қалуға итермелейді. Ақыр аяғы белгілі… сондықтар оларға араша түсу жағы да кеңесуді қажет етеді.
Қазіргі таңдағы жаңа қылмыстық кодексте есірткіге қатысты 11 тарауда толық қамтылған, ол 8 баптан тұрады, яғни 296, 297, 298, 299, 300, 301, 302, 303-баптарында толық көрсетілген. Жаңа қылмыстық кодекстің есірткіге қатысты осыншама көп баптан тұруының басты себебі, аталған дерттің біздің мемлекетімізге қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді. Есірткіге қарсы күресті күшейтудің басты міндеті нашақорлыққа қарсы насихатты күшейту деп санаймын, есірткі бизнесіне қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту де күн тәртібінде тұруы тиіс.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, қай жерде билікте жүрсе де артына жақсы сөз қалдырған, жақсы-жайсаңның ризашылығына бөленген бір шенеунік болса, ол иман жүзді азамат — Асқар Мырзахметов болар. Жамбыл облысына басшы болып келгелі білімі мен біліктілігін көрсетіп, көне шаһарды жаңа қырынан танытып, сән-салтанатын келістіріп халықтың ақ батасын арқалағаны шынайы болмысына берілген әділ баға!
Жыл аяғында парасатты əкімнің кеудесіне Елбасы «Парасат» орденін қадады. Бұл елдің ақ тілеуі мен сіңірген еңбегінің өтеуі! Алла қаласа биыл облысымыздың 80 жылдығы Шу ауданының 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы үнемі елдің қамын «тойлап емес, ойлап шешу керегін» айтып жүр. Келгеніне жылдан асқан Асқар секілді ұлтжанды басшының Шу өңіріндегі есірткі проблемасын білмеуі мүмкін емес. Онда жүрегінің қан жылап, бұл мәселенің тезірек шешілуін ойламай жүр деуге аузым бармайды. Бәлкім бақылауда ұстап отырған да болар.
Біз мақалада сөз еткен мәселелерді ой елегінен өткізіп, «Жастар жылы» қарсаңында Шу ауданының орталығынан «Qazaqstan dauiri» газетінің мұрындық болуымен Республикалық дөңгелек үстел өткізсек дейміз. Оған облыс басшысы, игі істердің жаршысы Асқар Исабекұлы қол ұшын созса, тығырықтан шығар жол іздеп отырған халық риза болары даусыз. Дөңгелек үстел басына облыстағы аузы дуалы ақсақалдар мен зиялы қауымды, Жамбыл облысы Полиция департаментіне қарасты барлық құрылымдық мекемелердің басшылары мен өкілдерін, Облыстық білім беру денсаулық сақтау басқармасының шенділерін жинасақ деген ой бар. Келелі әңгіме-дүкен құрсақ. Ғасыр індетіне айналған, Шудың бойын жайлаған, есірткінің шырмауына шырмалған жастарды қалай құтқару жағын талқыласақ дейміз. Кейін комиссия құрылып, арнайы жұмыс тобы нақты мәселелермен айналысса деген де ой-арманымыз бар. Тек осы мақсатқа жету үшін Асқар Исабекұлы секілді білікті басшының қолдауы бізге ауадай қажет!