Өңір әлеуетін көтеретін жобалар

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясы өтті.
Конференция облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтті. Өз сөзінде Ералы Лұқпанұлы, наурыз айында елімізде қоғамдық-саяси үлкен өзгеріс болғандығын, Елбасының өз өкілеттілігін тоқтату жөнінде қабылдаған шешімінің тарихи маңызы зор екендігін және бүгінгі конференция Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кезекті ХVIII съезінде жүктеген тапсырмаларына және еліміз үшін өте маңызды шара — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 9 маусымында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Үндеуіне байланысты өтіп отырғандығын айтты.

 

Конференцияда Ералы Тоғжанов, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Елубай Жақайұлы Әбіловты көпшілікке таныстырды.
Конференция жұмысына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйым-дарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Айта кету керек, Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың ақпан айында өткен съезде инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды, перспективалық ауылдарды дамытуға бағытталған «Ауыл — ел бесігі», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» жобаларын жариялап, жаңа міндеттерді атап көрсеткен болатын. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова баяндама жасады.
Оның айтуынша, аталмыш партиялық 4 жоба туралы 11-13 сәуір аралығында 158 бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен 7 аумақтық филиал-дардың конференцияларында кеңінен түсіндірілген.

«ХАЛЫҚҚА КӨМЕК» жобасы

Оның аясында өңірдегі қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жанынан 8 бірыңғай әлеуметтік терезе ашылды, онда әр азамат өзіне ыңғайлы тәсілмен (келу, call орталық, электрондық пошта арқылы, әлеуметтік желі арқылы) өтініш білдіре алады. Әр қабылдау бөлмесінде мобильдік топтар құрылған, оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес өкілдері кірді. Өтініштер «осы жерде және қазір» принципімен қаралады. Қабылдау уақыты таңертең сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін. Осы кезеңге дейін қабылданған арыз-шағымдар саны — 464. Оның ішінде баспана жөнінде — 210, жұмыссыздық — 48, пособия туралы — 198, қалғаны — 8 (денсаулық, квота, портал).
Көпбалалы және әлеуметтік қиын жағдайдағы отбасыларға облыстық, қалалық, мәслихат депутаттары, «Берекет-Ф» ЖШС — 40 отбасына, «Біз адамдар-біз біргеміз» қайырымдылық қоры — 50 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, «Берекет-Ф» ЖШС 180 отбасына 20 пайыз жеңілдікпен «Ақ НЕК» өнімдерін алуға сертификат берді.

 

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» жобасы

Оның аясында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған Балалардың құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобын жасақталып, жұмыс жоспар бекітілген. Құрамында мемлекеттік органдардың, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, партияның белсенді азаматтары және блогерлер бар. «Nur Otan» партиясының «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы бойынша өңірлік ведомствоаралық сараптама тобы құрылды. Аталған топ өңіріміздегі 134 мектептің 93-не мониторинг жүргізген. Бұл жұмыс әліде жалғасын табады.

 

«АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ» жобасы

Жобаның мақсаты — ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытуға, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік қызметін жаңғыртуға және олардың өмір сапасын жақсартуға жастардың белсене қатысуын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Биыл өңірде жалпы 3 коворкинг орталығы ашылады. Соның ішінде Мұнайлы ауданында бұл бірден қолдау тапты. «Мектеп спортзалын жаңғырту» жобасы бойынша өңірде 5 мектептің спорт залы жаңартылады. Ақтаудағы — 3 мектеп, Мұнайлы ауданы бойынша — 2 мектептегі спорт залдар жаңғыртылады. Екінші — ауылды кадрмен қамтамасыз ету. Қолдау шараларын жақсарту есебінен «Дипломмен ауылға» жобасының аясында 500 мамандарды тарту жоспарланған. Үшінші — ауылда жастар кәсіпкерлігін дамыту. Ағымдағы жылы 2000 жас маман 500 шаруа қожалығына тағылымдамадан өту үшін жіберіледі. Тағылымдама қорытындысы бойынша кем дегенде 500 жасты ірі шаруа қожалықтарына жұмысқа орналастыру, агро-өндірістік кешен саласында кемінде 200 жастар жобасын іске қосу жоспарланған.

 

«ҚҰТТЫ МЕКЕН» жобасы

Жобаның мақсаты — инженерлік және әлеуметтік инфрақұры-лымның даму барысына партиялық бақылау. Осы мақсатта үш деңгейлі бақылау жүйесі құрылды. Яғни аудандар мен қалалар деңгейінде мониторингілеу топтары жұмыс істемек. Олар тікелей объектінің өзінде бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар облыс деңгейінде мәслихаттардағы депутаттық фракциялар, партиялық бақылау комиссиялары және өзге партиялық органдар қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізеді, сонымен қатар жағдайға талдау жасап, жергілікті сипаттағы ұсынымдар әзірлейді.
«Осылайша, жергілікті жердегі, ауылдардағы, аудандардағы және қалалардағы біздің партияластарымыз тұрғындардың азаматтық белсенділігін ынталандыру, азаматтарды әлеуметтік маңызды іске тарту үшін мүмкіндік алады. Лауазымды тұлғалардың арасында сыбайлас жемқорлыққа, ұрлыққа, немқұрайлылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жағдайлары жасалады. Бұл дегеніміз — бюджет қаражаты мақсатты жұмсалмақ. Халық белгіленген мерзімде сапалы жолға, тұрғын үйге, коммуникацияға, өзге де әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізеді», — деді өз баяндамасында Звира Есбергенова.
Өз сөзінде Ералы Тоғжанов, Партия төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХVІІІ-ші съезінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән бергендігін еске салып, облыстық филиал осы бағыттағы жұмыс-тарды күшейтуі тиіс деді және келесі мәселе-лерге назар аударды.
Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов, сөзінің соңын Елбасы жүктеген міндеттерді орындауға маңғыстаулықтар үлкен үлес қосатын-дығына және халық таңдауын көрсете-тін президенттік сайлауға қатысты іс-шаралар барысында жауапкершілік танытатындықтарына сенімдімін деп шараны қорытындылады.

Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы