Күйеуіңіз қол көтерсе не істеу керек?

Айтар насихатымыз: үндемеңіз!

Бір әйел күйеуіне шағым жасау үшін әйгілі данышпанға барыпты.

– Күйеуім болмашы нәрсеге мені ұрып-соға береді, – депті.

– Шынында да, солай ма?

– Иә, солай.

– Онда оның емі менде бар. Мен саған шипалы тас берем. Күйеуің сені ұру үшін жақындап келгенде, сол тасты тіліңнің астына сал да, қатты қысып тұр. Сонда күйеуің сені ұрмайды, – депті.

Сөйтіп үйіне барса, күйеуі тағы да ашуға мініп отыр екен. Қазір келсе, бұл қатынның сазайын тартқызайын деп тістеніп отыр. Соны байқаған әйел дереу данышпан берген шипа тасты тілінің астына салып жібереді. Сөйтеді де, оны бар күшімен тілімен басып тұрады.

Күйеуі жүгіріп келіп: «Сен қайда жүрсің?» деп тиісуге сылтау іздей бастайды. Әйел жауап қайтарайын десе, ауызында тасы бар. Үндемей тұра беріпті. Үнсіз тұрған әйелді ұруға қолы бармаған күйеуі терең бір күрсініпті де, сыртқа шығып кетіпті.

Сіз үндемеу арқылы шайтанның азғыруына тосқауыл боласыз. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Ібіліс тағын судың бетіне құрады. Содан кейін әскерін адам баласын азғырып жолдан тайдыру үшін жан-жаққа жолдайды. Әскерлері оның алдына келіп, жасаған істерін айта бастайды. Олардың ішінен біреуі: «Мен бәленшені азғырып, ақыры оны зина жасауға итермеледім», – дейді. Келесі біреуі: «Мен бәленшені азғыру арқылы оған адам өлтірттім», – деп мақтанады. Шайтан болса: «Сендердің жасағандарың түкке тұрмайды», – дейді. Сонда араларынан біреуі: «Мен ерлі-зайыпты жандардың арасын бұздым», – дегенде, шайтан: «Міне, міне, нағыз ерлік, жарадың!» – деп оны өзінің қасына алады», – деген.

Өзіңіз айтыңызшы, жанып тұрған отты өшіру үшін оған май құю даналыққа жата ма? Әрине, жоқ. Ендеше, сіз де әрбір ісіңізді даналыққа негіздеңіз. Егер ашу қысқан кезде, өзіңізді ұстай алмайтын адам болсаңыз, тұрсаңыз – отырыңыз, отырсаңыз – жатыңыз немесе бөлмеден шығып кетіңіз.

Егер сіздің үндемеуіңіз күйеуіңіздің ашуын одан сайын келтіріп жатса, барып құшақтап алыңыз! Иығына басыңызды қойып, кешірім сұраңыз. Мәселе бірден шешілетініне күмәніңіз қалмасын.

Сіз білесіз бе, адам бойындағы ашу, қуаныш, жы- лау, күлу т.б. мінездердің көрініс табуы уақытымен әрі уақытша ғана. Яғни, алдыңызда ашуланып тұрған адам, бір қарасаңыз, түк болмағандай сізбен күліп-ойнап отырады.

Мына нәрсені де естен шығармаңыз. Адам бойындағы эмоциялық мінездер ерте ме, кеш пе сыртқа шығып тұрады. Мысалы, ашуға берілмей тып-тыныш жүрген адам бір күні шарт кетеді. Танымай да қаласыз. Сол себепті алдыңыздағы адамның ашуланғанын, жылағанын, күлгенін көрсеңіз, осы мінезінің шығатын уақыты келген екен ғой деп қана қараңыз және ол уақытша екенін ұмытпаңыз.

Мына бір ғибратты оқиғаға назар аударыңыз!

Бірде Әбу Муслим Хәулани бір топ адамның әңгімесін естіп қалады. Олар бір-біріне әйелдерінің мінезін айтып шағымданып жатыр екен. Жандарына барып әңгімелерін тыңдап үнсіз тұра береді. Мұны байқаған бір кісі:

– Сен неге үндемейсің? Әлде әйелің әулие ме? – дейді. Әбу Муслим:

– Жоқ, менің де әйелімнің кемшілігі жетерлік, – дейді.

– Онда онымен қалай тіл табысып жүрсің?

– Менде түсініспеушілік пен жанжалдан қашып құтылудың өзіндік әдісі бар, – деп жауап береді Әбу Мүслим. Жиналғандардың барлығы жалт бұрылып:

– Ол қандай әдіс? – деп сұрайды. Сонда Әбу Мус- лим:

– Ақыл мен ашу бір жерде өмір сүре алмайды. Ашу адамның санасын жаулап, ақыл-есінен айырады. Бұл мәселеде әйелім екеуміз мынадай келісім жасадық: «Ашуланған адам ақыл-есі дұрыс емес адамның іс- әрекетін жасайтын болғандықтан, мен ашуланғанда, әйелім мені емдеуші дәрігерім іспетті болады. Маған түсіністікпен қарап, айығып кеткенімше қас-қабағыма қарайды. Ал егер ол ашуланатын болса, мен де дәрігердің міндетіне көшіп, емделушіме (яғни, әйеліме) бар жағдайды жасаймын. Міне, осылайша біз тату-тәтті өмір сүріп келеміз!» – деп жауап береді.

Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ