ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІН ҚҰРУ ИДЕЯСЫ ШАРАСЫЗДЫҚ ПА, ЗӘРУЛІК ПЕ?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ қоғамына үлкен реформа керек және реформа биліктің тап өзінен басталуы тиіс. Әйтпесе бүгінгі соққан дауылдың арты қарлы боран мен ақшұнақ аязға айналып кетуі бек мүмкін. Оның бетін Алла Тағала алыс қылсын! Ондай күн туса кімге қарғыс, кімге алғыс айтылатыны тағы белгілі.
«Жуас түйе жүндеуге жақсы» десек те, оның да өзіндік «мінез-құлқы» барын бағаламау опық жегізбек. Сондықтан ауру асқынбай тұрғанда, жедел алдын алмаса тағы болмайды. «Бізде бәрі керемет, бізде бәрі күшті!» дегеннің заманы өтіп барады. Нақты іс болмаса, мұндай ертегіге енді ешкім сенбейді. Халық оянды, оны қалың ұйқыдан оятқан жетіспеу- шілік пен мұқтаждық… «Мені құртқан Көкшолақ» демекші, біздің билікті де тығырыққа тіреген, түбіне жеткен мақтан мен мадақ па деп қорқамын. Менің бұл пікірім Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін жоққа шығару емес. Керісінше, Шерхан ағам айтқандай, «Президент біреу, қасындағылардың оған тіреу» бола алмағанына күйіну…
Назарбаев дәуірі Президент Тоқаевқа аласапыран ғасырдың алпауыт жүгін артып кетті. Себебі жеріне жетпеген бағдарламалар, орындалып бітпеген уәделер мен үндеулер қаншама? Ең қиыны халық пен билік арасындағы сенімсіздік шарықтау шегіне жеткенде билік ауысты. Бұл да президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сын болғалы тұр.
Қоғамдағы дүмпуге қарап отырып, алысты болжайтын көрегендік, бақсы-балгерліктің қажеті жоғын бағамдайсың!
Көпшіліктің қалауы — өзгеріс..! Тек эволюциялық жолмен ғана… Қазір кіммен сөйлессең де билікке өкпе-наз айтуға құмар. Тіпті тілін шықырлатып, азуын айға білейтіндер де табылады… Биліктің өз ішінде де күрескерлік қабілеті мол, мансапқорлыққа жаны қас азаматтар көп деп ойлаймын. Небір әділетсіздіктерге күйініп, өз қолын өзі кесе алмай тістеніп жүргендер де аз болмас. Бұл өзгеріс сананың сілкініп жатқанына бір дәлел. Дүрбелең дүниенің дүбірі де алыстан естіліп, қажыған халықтың делебесін қоздырып жатпасына кім кепіл?
Халықтың ашу-ызасын туғызатын жемқорлыққа белшесінен батқан шенділер шеттетілмей, бюрократия шырмауына шырмалған шенеуніктер тазартылмай, бүгінгі биліктің алысқа шабуы екіталай. Оны өздері де түйсініп отырғандай. Уақыт ескі мен жаңаның аражігін ашты, кәрі мен жастың арақашықтығын көрсетіп берді. Қоғам толқыныс алдында. Одан хабары мол билік ұлттық кеңес құру жайлы шұбалаңқы ойдың ұшын шығарды. Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 12-сі күні Нұр-Сұлтанда өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту» мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын мәлімдеген еді. Бұл сөзге елеңдеген халықтың бірі мен едім. Сол күні Тоқаев қол қойған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа сәйкес, президент әкімшілігі бір ай ішінде саяси партиялар және азаматтық қоғам өкілдерімен келісе отырып, жаңа кеңестің құрамы мен жұмыс форматын белгілеуі тиіс-тін. Кеңестің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланған. Сондықтан екі айға жуық аралықта қызу жұмыстың жүруі де заңдылық!
Сонымен ұлттық қоғамдық кеңес құру идеясы биліктің шарасыздығы ма, жоқ әлде, расымен-ақ зәрулік пе? Бұған бір-ақ жауап бар: «Тоқпағы мықты болса темір қазық жерге кіреді».

 

ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРУ ИДЕЯСЫ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫНАН ТУЫП ОТЫРҒАН СҰРАНЫС!

Халықпен санаспаудың арты қайда апарып соғатыны билікке үлкен сабақ болғаны анық. Алайда қоғамдық кеңес құру идеясын тың жоба, алғыр шешім, дара бағыт деуге келмес. Бұған дейін Ұлттық қоғамдық кеңеске ұқсас орган бұрын да болғанын еске саламын. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрылған еді. 2004 жылы қараша айында парламент сайлауынан кейін сол кезде билік басында отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ол президент жанындағы консультативтік-кеңесші органға айналып, ұлттық кеңес деп аталды.
Одан кейін 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғаммен келісімге келу мақсатында Жер комиссиясы құрылып, жұмыс істеді.
Сондықтан Ұлттық қоғамдық кеңес құру идеясы — «Аспаннан аяғы салбырап түсе қалған» ой емес, бүгінгі қоғамның талабынан туып отырған сұраныс! Тек соның «ғұмырының» келте болмауына тілектеспін.
Қазір халық Ұлттық қоғамдық кеңеске «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кебімен қарап отырғаны жасырын емес. Көбі сенбейді. Себебі жалтақ, билікке тәуелді адамдар өтіп кете ме деген қауіп те бар. Халықтың ішінде жүргесін естіп жатамыз, «қоғамдық кеңеске кімдер кіреді? Сол баяғы «дежурный» шал-шауқандар, биліктің ұры-қаралары немесе биліктің лақтырған сүйегіне мәз болып жүргендер кірсе жетіскен екенбіз. Егер де шынымен ел жағдайын ойлайтын ұйым болса, әр облыстан дауыс беру арқылы және халықтың мұң-мұқтажын жоқтап жүрген белсенді азаматтарды мүшелікке кіргізу керек. Әйтпесе анау президент аппараты жазып-сызып берген жолдан аспайтындар, өзіндік ойы жоқтар не үшін керек? Олардың қалай «жазатыны» бізге белгілі. Қазір халықты алдай алмайды, бәрін көріп сараптап отыр» дейді ашынған жұрт.
Көпшіліктің көкейіндегі сондай бір пікірді фб парақшасында жас жазушы Аягүл Мантайқызы жазды: «…Парламенттің дəрменсіздігін, биліктің іші пысқанда ойнайтын ойыншығы екенін ашық мойындап, таратып, орнына ұлттық кеңесті құрсаңдар басқа əңгіме! Марғұлан Сейсембаев Ақордаға барып келгелі «менің ұсынысым» деп жазба жазатындар көбейді. Биліктің пиар-менеджерлері, Ұлттық кеңесті тіпті құрмауға болмаса, фейсбукта жұлдыз боп, лайк санап отыратындарды емес, «ертең маған мынау пиар жасап береді» деп емес, əлеуметтік желіде отыруға уақыты жоқ мықты ғалымдарды, медицина, білім, экономика саласында жүрген мықты қайраткерлерді шақырыңдар. Əйтпесе Ұлттық кеңесті де отандық арналар секілді шоуға айналдырып жібересіңдер. Өздеріңе əлеуметтік желіде пиар жасап беретін серіктестерді жинап, мемлекет мүддесі кейінге ысырылып қалады», — деді ол. Жастыққа тән албырттық сөздерінен «атойлап» тұрғанымен, негізгі түйіні ескеруге тұрарлық!
«Үмітсіз шайтан» демекші, ұлттық кеңеске менде үміт басым. Ел басшылығының көзіне тіктеп қарайтын, өткір сауал қоя алатын, қоғамдағы проблемаларды жасқанбай айта алатын, бірлесіп оңтайлы шешім әзірлейтін, қоғамды реформалауға бастайтын орынға айналады дегенге сенгім келеді. Өйткені енді қателесуге жол жоқ…

 

МАРҒҰЛАННЫҢ
ТАЛАП-ТІЛЕГІ
ЕСКЕРІЛЕ МЕ?

Кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев Ақордаға барып келгесін былай деп ағынан жарылды. «Бүгін мені президент әкімшілігіне кездесуге шақырды. Кездесуді президент әкімшілігі басшысының орынбасары — Дархан Қалетаев бастады. Кездесуге мен, Дархан Қалетаев және ҚР Президентінің кеңесшісі — Ерлан Қарин қатысты. Бірнеше сұрақтарды талқыладық.

1. Менің кеше жазған ұсынысым жайлы. Жүзеге асырудың техникасы мен механизмін қалай көріп тұрсын деп сұрады. Мен оларға өз көзқарасымды айтып бердім. Азаматтық қоғамда көшбасшылыр пайда болу үшін съездер мен жиналыстарды ашық өткізуге және барлық қауымдастықтардың «Саяси Жаңғырту жөніндегі Ұлттық Кеңеске» өз өкілдерін таңдауға мүмкіндік беру қажеттігін айттым. Олардың тарапынан партиялардың, президенттікке бұрынғы кандидаттардың және Атамекен өкілдерінің автоматты түрде қатысуы туралы мәселе көтерілді. Мен сол кезде бұл кеңеске деген сенімнің жоғалатынын айттым. Мен әр саяси партиялардан бір өкілден шығып, ұсынуына келістім, бірақ Атамекен және президенттікке ұсынылған бұрынғы кандидаттар қайтадан 10 мың қолдан жинап шығуын талап еттім. Менің ойымша, бұл әділ болады. Кейбір кандидаттардың бұл санды жинай алатынына күмәнім бар.

2. Қолдарды санау және тексеру жайлы. Менің ұстанымым бойынша, тексеру комиссиясын 50/50 қатынасында билік пен азаматтық қоғам өкілдерінен құру керек. Азаматтық қоғамнан біз өткен сайлауда принципті жағынан өздерін жақсы көрсеткен белсенділерді сол жерге жібере аламыз. Тексеру комиссиясы азаматтық қоғамның өкілдерінің қолдары мен мандаттарын растағаннан кейін президент «Саяси Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның» жұмысы басталатынын жариялайды.

3. «Ұлттық қоғамдық сенім комиссия» жұмысы бойынша. Мен Ұлттық комиссияның ең маңызды және қарастыратын негізгі мәселелердің бірі ол «Сайлау туралы заңға» өзгерістер мен толықтыруларды еңгізуі және ҚР Парламентінің сайлауын ұйымдастыруы екенін айттым.

4. ҚР Парламенті бойынша. Мен парламенттің кем дегенде 50%-ы мажоритарлық принцип бойынша, ал қалған 50%-ы пропорционалды принцип бойынша қалыптастырылуы керек деген пікірімді білдірдім. Бірақ бұл жағдайда да сайлауға кем дегенде екі жаңа партияны жіберу мүмкіндігін енгізу керек».

Марғұлан мырзаның осы жазбасынан-ақ билік тарапының халықпен қоян-қолтық жұмыс істемекке ниеті барын аңғаруға болады. Өйткені бүгінгі Президент маңына шоғырланған азаматтардың көпшілігі жастар. Оларда жаңашылдыққа деген құштарлық, халыққа деген үлкен жанашырлық байқалады. Бір кездері өздері де халықтың арасында жүріп, көптеген келеңсіздіктермен талай рет бетпе-бет келген кездері де болған шығар.

 

ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНЕ ҰЛТ МҮДДЕСІН ОЙЛАЙТЫНДАР ЖИНАЛСА ИГІ…

Маусымның 14-і күні шетелдік басылымдарға берген сұхбатында Тоқаев елде жақында болған қарсылық акцияларында көтерілген талап-тілектерді ескеретінін, ол үшін үкімет елдегі саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға наразы жұрттың үнін билікке жеткізуге мүмкіндік беретін форум құратынын айтты. (Ол форумы біз сөз етіп жатқан мәселе ғой). Тоқаев «саяси өзгеріс болмаса Қазақстан табысқа жетпейді, саяси реформасыз экономикалық реформа да алға баспайды» деп мәлімдеді. Президент наразылыққа экономикалық қиындықтар мен теңгенің құлдырыауы да себеп болды деп санайды. Демек мемлекет халықтың талабын естіді! Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік «Euronews» телеарнасына берген сұхбатында мұны тіпті жасырмады. Президенттің айтуынша, жұрт наразылығы кедейшіліктен туындап отыр. «Олардың талаптары негізінен әлеуметтік мәселелер. Әрине, ондай мәселелер жоқ демеймін. Жұрт кедейленген. Барлығы содан шығып отыр. Олар Үкіметтен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуді талап етеді», — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қойып отырған талабын, ел билігі естігенін, енді соған байланысты жұмыс істейтінін қадап айтты. Президент сондай-ақ, елдегі толқулар кезінде қаннен қаперсіз кетіп бара жатқандардың да полиция қолына түсіп қалғанынан хабардар. Сондықтан мемлекет олардың алдында кешірім сұрайтынын және дереу босатылатынын да еске салды.
Бұдан не түюге болады? Биліктің халықпен санасатынын, олардың талап-тілегіне немкетті қарамайтынын сезінуге болады.
Танымал журналист Арман Шораев та Ақордаға бас сұғып қайтса керек. Арыны қатты жігіттің, айтқаны да жалынды көрінді: «Реформа керек. Соның ішінде саяси реформа қажет. Дарxан Қалетаев және Karin Erlan болған әңгімеміздің қысқаша түйіні осындай.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру идеясы маған әзірге түсініксіздеу. Бірақ пікір алмасатын өзге алаң жоқ болып тұрғандықтан, түрлі деңгейдегі мәслиxаттар, тіпті парламенттің өзі баяғыдан xалықтың мұң-мұқтажын ескеруден қалып, сайлаушылар алдында абырой-беделден айырылғандықтан қоғам өз пікірін білдіре алатын осындай мінберді құру жөніндегі шешімді дұрыс деп санаймын.
Оның үстіне, Ақорда жетекшілерінің айтуынша, бұл Кеңесте биліктен Президент, Премьер, Мемлекеттік xатшы болады. Ал Мәжіліс, Сенат, ҚХА-дағы (Ассамблея) небір жағымпаз «жандайшаптар» ол жерге келмейді.
Азаматтық қоғамға келсек, меніңше, ірі қалалардағы қоғамдық пікірдің басы-қасында жүрген азаматтарға қоса, еліміздің барлық аймақтарындағы тәуелсіз әрі әкімдердің қолжаулығына айналмаған лидерлердің Кеңес жұмысына қатысқаны жөн.
Сондай-ақ, ең бастысы — қазақша білетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қазақтілді ортаның бетке ұстар азаматтары болуы тиіс», — депті.
Бұл енді көптің көкейінде жүрген сауалға нақты жауап. Ұлттық кеңес құрылса, оған тағы депутаттар мен әртүрлі дәрежедегі шал-шауқандар жиыла ма деген қауіпке басу айтылды. Олай болса, халыққа бір табан игі жақсыларды халықтың өзі ортаға шығаруы тиіс. Қазірдің өзінде елге танымал, өз айтары бар, халыққа жаны ашиды дейтін атпал азаматтарды ұлттық кеңеске ұсынып жатқан халық көп. Мұның өзі әділдікке шөліркеген ағайынның арман-мақсатқа жету жолындағы бұлқынысы секілді елестейді…
Осы орайда мына бір жайтты айта кеткім келіп отыр. Лауазымына кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламалық сөзін де жариялады. Онда бірқатар маңызды мәселелер қамтылып отыр. Соның үшеуіне тоқталғым келеді. Біріншісі — сыбайлас жемқорлық. Бұл қарапайым халықты да толғандыратын мәселеге айналды. Президент осы келеңсіздікпен заңды қатайту арқылы күресу керектігін атап өтті. Сосын — әділеттілік. Соның ішінде қарапайым халықтың басындағы әділдік. Президент бұл ретте елдің тұрмыс дәрежесінің де төмендеп кеткеніне назар аудартып, оның себебін де ашып көрсетті. Үшіншісі — қоғамдағы әртүрлі көзқарастарды сыйлай отырып, ортақ ұстанымға шақыру. Әрине, қоғам болғаннан соң әртүрлі пікір болады, соның бәрі ескерілуі тиіс. Алайда сол түрлі пікірлер біртұтас ұлтқа қызмет етуі шарт. Шынын айту керек, билік басындағылардың қоғаммен диалогқа баруға деген талпынысы халықтың көңілінен шығып жатыр. Оны ашық айтуымыз керек. Жалпы, өз басым билік тарапынан жағдайды өзгертуге деген ниетті көріп риза болып отырмын. Енді бүкіл процесстердің әділ және ашық өтуін қадағаласа нұр үстіне нұр… Негізінде, билік тарапынан саяси реформалар қажет екенi және олардың пісіп-жетілгені Ақордаға белгілі болғаны жақсылық нышаны.

 

ҰЛТТЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН ТҮГЕНДЕМЕСЕ, БӘРІ БЕКЕР

ТҮЙІН:

Тобықтай сөздің түйінін айтсам, «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейтін қазақтың ұрпағымыз. Ақорда тарапынан ниет жақсы, пейіл көл-көсір. Халықпен санасуға, халықпен жарасуға тырысушылық көзге ұрып тұр. Ұлттық кеңес деген атауының өзі үлкен миссияға жүк болардай… Биік мансапта игілікті істерді ұйымдастырып жүргендердің бәрі қазақтың көген көздері. Көргендері көп, көңілге түйгендері мол, алыс-жақын шетелдегі саяси жағдайлардан хабарлары бар. Аумалы-төкпелі биліктің азды-көпті дәмін татқан тәжірибелері бір төбе! Бірақ сенім артқан серкелері екіталай сәт туғанда жалт беріп, қалың отарды орға жығатын әккілігін көрсетіп жүргесін халықта ығыр болғанға ұқсайды. Баяғыдай жалп етіп құлай кететіндер қарасы аз. Керісінше «екі шоқып, бір қарауға» әуес. Арты не болады деген қауіп пен күдік тағы бар.
Сонымен бірер айдан кейінгі қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесінде кімдер отырады? Бұл енді жұмбақ! Бірақ халық үшін өте маңызды сәт! Шынымен-ақ халықтың сөзін сөйлеп, қысылтаяң сәтте қасынан табылатындар ма, жоқ әлде арандатуға шебер, бірақ жеме-жемге келгенде тайсақтап қалатын саясаткер сымақтар ма, жоқ қой терісін жамылған блогерлер ме? Халықтың басына күн туғанда үнсіз қалатын, бірақ «Нұр Отан» — ның форумдарынан шықпайтын, биліктің сойылын соғуға дайын ақын-жазушылар ма, әнші, тележүргізуші, спортшылар ма?
Бәлкім, өзіне сенген халықты соңына ертіп, биліктің қамалын алуға аттанып, «қиян-кескі ұрыстан соң» тең жағдайда шешілген күрес нәтижесіне қарамай, жеңілгенін мойындап майдан даласын тастап қаша жөнелген қолбасыдай кепке түскен Қосанов па? Менің жүрегіме бататыны, биліктің билік үшін аз қазақты қазаққа қарсы қою… Оның нәтижесі қазір халық Қосановты «ата жауындай» көреді. Обал-сауабы кімге.?!
Егер бастамасы жақсы Ұлттық кеңес жүрісінен жаңылып, тұрмыс тауқыметін арқалап отырған қазақ мәселесінде орыс тілді шешендерге «қазақ халқының тағдырын» байлап беретін болса, жүрмей жатып, сүрінді деген сол! «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, біздікі ескерту. Халық бұған шыдамайды.
Ал кеңесті құрудағы мақсат — халыққа сөзі өтеді-ау деген белсенділерді жинап алып өздерінің айтқанымен жүргізу болса, тағы қате қадамға барғаны. Өйткені халық бәрін мұқият қадағалап отыр. Қылтың-сылтыңды олардың жүйкесі көтермейді енді?!
Журналист Өмірзақ Ақжігіттің әлеуметтік желіден мына бір сөзін көзім шалып қалды. «1986 жылы ұл-қызымызды күрекпен ұрған Юриндер бізде тайраңдап жүр. Оны бауырына басып отырған Аружан Саинды билік билікке (жаңадан құрылар қоғамдық кеңеске) әкелмекші көрінеді. «Есесін жіберген ел — ел емес» депті Асқар Сүлейменов. Біздің де ел емес екендігіміз көрініп тұр», — деп ашынады ол. Мұның бәрі құрылғалы жатқан қоғамдық кеңес дұрыс жұмыс жасаса екен деген қоғамдық пікірден өріс алып отыр. Аты айтып тұрғандай, қоғамдық кеңес — қоғамдағы келеңсіздіктерді, халықтың мұң-мұқтажын, жердің асты мен үстіндегі байлығын қызғыштай қоритын, оны тұрғындардың қажетіне жаратуға күш салуы тиіс. Сонда ғана өз миссиясын толық атқарып шығарына сенім мол… Әйтпесе «Күлтөбенің басында күнде жиыннан» халыққа не пайда?

Сәуле Мешітбайқызы