ӘЛЕУМЕТТІК 9 ДҮКЕН МЕН САУДА ҚАТАРЛАРЫ АШЫЛДЫ

Бұл туралы селекторлық режимде өткен аппараттық жиында мәлім болды. Қазіргі таңда баға тұрақтылы күн тәртібіндегі басты мәселе екенін айтқан аймақ басшысы азық-түлік тауарларының бағаларын негіссіз өсірген азаматтар жауапқа тартылатынын қатаң түрде ескертті. Сонымен қатар, барлық аудан, қаладан тауар өндірушілер мен диқандарға өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік базар ашуды тездетіп қолға алуды тапсырды. Және де ол базарларда «Оңтүстік» АИО мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы қаржыландырылған жобалардың өнімі саудалануын міндеттеді.

Естеріңізде болса, өткен аптадағы селекторлық жиында баға тұрақтылығын сақтау мақсатында аймақ басшысы отандық тауар өндірушілердің саудаланатын әлеуметтік базар ашуды аудан, қала әкімдеріне тапсырған болатын. Осының негізінде Түлкібаста 4, Төле би ауданында 3 әлеуметтік дүкен мен сауда қатарлары, ал Түркістан қаласында сауда орындары ашылып отыр.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Б.Жамалов бүгінде облыста қажетті деген 19 азық-түлік бағасының тұрақты екенін айтып, басқа облыстармен салыстырғанда баға көрсеткіші бойынша 6 орында екенін жеткізді. Сонымен қатар, жанар-жағармай мен дизель отыны жеткілікті екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда облыста баға өсу қаупі тек қана сиыр еті мен тауық етінің өсімі бар. Қалған азық-түлік бағасында өсу қаупі байқалмайды. Тұрақтандыру қорында да қажетті азық-түлік жеткілікті. Бүгінгі таңда қорда — 1 мың тонна қант, 2 мың тонна картоп, 1 мың тонна пияз, сәбіз 1 200 тонна, күріш 70 тонна, ал сиыр еті 200 және 30 тонна макарон өнімдері бар», — деді Б.Жамалов.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда жергілікті тауар өндірушілердің танымалдылығын арттыру және баға тұрақтылыған сақтау мақсатында алғаш рет «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы қаржыландырған жобалардың апталық жәрмеңкесі бастау алған болатын.

Енді екі аптада бір өтетін жәрмеңкеде жеңілдетілген несие алып, кәсібін жүргізген 40-қа жуық кәсіпкер халыққа отандық өнімдерін төмен бағада ұсынатын болады. Айта кетейік, аталған қаржы ұйымдары жыл басынан бері 2182 жобаны қаржыландырған.