Қоянбаевтар Президент болып кетсе… таңданбайық

Украинадағы президент сайлауында Владимир Зеленскийдің жеңіске жетуі үлкен сенсация болды. Әлем жұрты бұл президенттік сайлауды «демократияның» жеңісі деп бағалауда. Өйткені жаңа сайланған Украина Президенті тележүргізуші, актер, шоумен. Үлкен саясатта бұрын-соңды танымал болмаса да, қазіргі даңқынан ат үркеді. Халық қаласа хан тағынан түседі демекші, бұрынғы Президент Порещенко жеңілгенін мойындады. Ал халықтың қалауы Зеленскийді — Президент орынтағына әкеп отырғызды. «Ол халқына несімен сүйкімді болды? Қай қылығымен жақты?» деген сауалға әлем саясаткерлері таласа баға беруде. Біз ол жағына бармай-ақ қоялық. Бірақ «Слуга народа» телесериалы Зеленскийді біраз танымал еткені рас.
Бізде де 9 маусымда Президенттің кезектен тыс сайлауы өтпек. Оған дайындық қазірден басталып кетті. Қызығы Президент сайлауына шоумен және продюсер Нұрлан Қоянбаев та өз кандидатурасын ұсынуы мүмкін деген ақпарат интернет желісінде тараған болатын. «Болмасаңда ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай атасы жырлағандай, әріптесі Украина Президенті болып жатқанда, Қоянбаевтың да арқасы қозып, бағын сынамаққа ниеті болған шығар бәлкім. Ол үшін квн-шик баланы кінәлауға болмас тәйірі. Ел қолдап жатса, танымал жігіттің жұлдызы оңынан тумасына кім кепіл?! Әділ сайлау өтіп жатса, елді күлдіріп жүрген Қоянбаев, саясатты «бүлдіріп» көпшіліктің қолдауына ие болып кетуі де бек мүмкін ғой. Бұл жерде танымалдықтың атқаратын рөлі үлкен. Әсіресе Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Америке!», «Бизнес по-казахски в Африке», «Каникулы в Тайланде» деген кинолары қазіргі хит!
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» десе керек, бір топ журналист істің ақ-қарасын білмек болып ОСК хабарласыпты. ОСК алғашында шошып кетсе керек, таңданыстарын жасыра алмапты, кейін Нұрлан Қоянбаевтың кандидатурасы туралы ақпаратты жоққа шығарған.
Яғни, шоумен Нұрлан Қоянбаевтың президенттікке кандидатурасы Орталық сайлауға келіп түспеген. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ОСК кулуарында мәлімдеді.
«Мұндай ақпарат келіп түскен жоқ. Мұны сол азаматтың өзінен сұраңыздар. Егер кез келген азамат қандай да бір қоғамдық бірлестік атынан ұсынылатын болса, Орталық сайлау комиссиясы отырыстарында қарастыратын болады», — депті ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.
Қайдан білейік, әйтеуір бар жерге тұмсығын тығып жүретін шоумендер, елге «сюрприз» жаса-ғалы жатырма деп сеніп қалғанымыз рас еді…

Нағашыбай Қабылбек