Павлодар облысында жылдың соңына дейін 30 мың гектар суармалы егістік алқаптарын енгізу жоспарланып отыр  

Өңір басшылығы облыста суармалы егін егумен айналысқысы келетін аграрийлерге барынша қолдау көрсетуге уәде берді. Облыс әкімдігі бюджет есебінен сорғы станциясын салып, өз егістіктеріне су құбырларын тартатын шаруалардың шығындарының 35 пайызын өтеуге дайын. 

Қалқаман кентінде Павлодар облысының әкімі Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарының аграрийлерімен жиналыс өткізіп, суармалы егістіктердің перспективаларын талқылады. Болат Бақауов кешенді жоспарға сәйкес 2022 жылға дейін өңірдегі суармалы егістіктердің алқаптары 4,6 есе, яғни, 144 мың гектарға ұлғаятынын атап өтті.

— Осы жылы біз 30 мың гектар суармалы егістіктерді іске қосамыз. Бұл жалаң сөз бен сандар емес, нақты көрініс, — деді ол. — Біз Қ. Сәтбаев каналының үстімен ұшып өтіп, ондағы алқаптарды қарап шықтық. Біз каналдың екі жағынан да бес шақырым жерлерді қолданысқа қоса аламыз. Ең бастысы, суармалы егістіктермен айналысқысы келетін шаруалар бар ма?

Облыс әкімінің айтуынша, бұл жұмысқа жергілікті шаруаларды ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінің аграрийлерін де тарту қажет. Қолдау ретінде жергілікті билік фермерлерге құны 50 миллион теңгеге жуық заманауи сорғы станцияларын салуға уәде берді. Сонымен бірге, шаруалар инфрақұрылымды тартуға жұмсаған шығындарының 35 пайызын қайтарып алуларына болады.

— Сонымен қатар, біз суармалы егістіктерді электр желісімен қамту мәселесімен де айналысуымыз қажет, — деді Болат Бақауов. — Егер, біз  Сәтбаев каналының бойында 40 мың гектар жерді суармалы егістікке айналдыруды көздесек, ол үшін 10 Мегаватт электр энергиясы керек. Ол үшін техникалық мүмкіндіктер бар, тек қана, қабылдау жәшіктерін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды жөндеу керек.

Қазіргі таңда Павлодар облысында 86,6 мың гектар суармалы егістік алқаптары бар, олардың ішінде 58,2 мың гектар жер ауыл шаруашылығы өндірушілерге бекітілген.

Әлихан Рахметоллаұлы