Павлодар облысының әкімі журналистерге сұхбат берді

Кеше Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ертіс-Баян өңірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, журналистер сұрағына жауап берді. Журналистермен болған ашық сұхбат облыстық «ERTIS» телеарнасы және «Халық радиосы» арқылы тікелей желіде таратылды.

Аймақ басшысымен тікелей жүздесіп, көкейде жүрген сұрақтарын жолдау үшін республикалық газеттердің, телеарналардың, сайттардың меншікті тілшілері және облыстық, қалалық, аудандық БАҚ өкілдері де жиналды.

Жалпы, Болат Жұмабекұлының Павлолдар облысының әкімі болып тағайындалғанына екі жылдың жүзі болыпты. Журналистерден түскен ең алғашқы сұрақ та осыған байланысты болды. Яғни, облыс тізгінін алғаш ұстаған кезде алға қойған жоба-жоспарлар қаншалықты орындалуда?

— Облыс басқару оңай шаруа емес. Халықтың және Елбасының сенімін ақтап, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасау керек. Екі жылдың ішінде әжептәуір жұмыс атқарылды, кейбір түйткілді мәселелердің түйінін шешуге атсалыстық. Мысалы ретінде айтар болсақ, облыс бюджеті жеті есеге артты. Сонымен қатар, жол, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік, мәдени-рухани бағытында алға қойған біраз жоспарлар жүзеге асырылды. Атап айтқанда Павлодар облысында Қазақстан бойынша алғаш болып «Ұлы дала» фестивалі ұйымдастырылды. Соңғы жылы бұл шараға 70 мың адам қатысыпты. Яғни, халыққа қажет деген сөз. Егер, жұрт мұндай рухани-мәдени құндылықтарымызды іздемесе, мұнша көп адам жиналмас еді. Сондықтан, бұл жоба алдағы уақытта тоқтамайды, жалғасын таба береді. Бұдан бөлек Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін 40 күн бойы тойлауды қолға алдық. Себебі, Наурыздың құндылығын бір-екі күнде түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан, Наурыз мейрамының құндылығын, қажеттілігін түсіндіру мақсатында бір айдан астам уақыт әртүрлі мәдени-рухани ісшаралар ұйымдастырып, оның қорытындысын 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен бірге шығарамыз, — деді Болат Жұмабекұлы.

Аймақ басшысына журналистер тарапынан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы және киелі жерлер тізіміне енген нысандар туралы сұрақтар қойылды. Атап айтқанда өткен жылы киелі жерлердің республикалық тізіміне 5 нысан енген болатын. Олар – Мәшһүр Жүсіп, Исабек Ишан, Ғабдылуахит Хазірет  кесенелері, Қоңыр әулие үңгірі және Ақкөл жайылма атырабы. Алдағы уақытта осы нысандар ішкі туризмді дамыту бағытында пайдаланылады. Ол үшін сол өңірлерге баратын жолдарды жөндеуден өткізу, мұражайлар мен кесенелерді жөндеу сынды жұмыстар атқарылады.

— Біз ішкі туризмға кіретін орындарды қолдауға дайынбыз. Мысалы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұражайы мен кесенесіне күрделі жөндеу жүргіздік. Сондай-ақ, Торайғыр ауылында бірқатар нысанды жөндедік. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылуда. Ал, Қалмаққырылған тауын республикалық киелі орындар қатарына енгізу мәселесін көтергенімізге көп болды. Бірақ, ол үшін ең алдымен Май ауданына қарасты Саты-Ақшиман аралығындағы 95 шақырым жолды жаңарту керек. Бұған шамамен 3 миллиард теңге керек. Ал жол салынғанның өзінде ол жаққа адам бара ма деген сұрақ туындайды. Барған туристерге қызмет көрсететін орындарды кім салады? Міне, осындай мәселелерді жан-жақты ойластыру керек. Сондықтан, бұл біздің бақылауымызда болады, — дейді Болат Жұмабекұлы.

Әкімнің айтуынша, Ертіс өңірінде биыл 1 мың 100 шақырым жол салынады және жөнделеді. Оның 573 шақырымы республикалық, 520 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар.

-Жолдарды салу және жөндеу жұмыстары үшін облыстық және республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұған дейін Павлодардан Омбыға дейінгі су құбыры тартылатыны туралы айтқан болатынмын. Ендігі кезекте Павлодар мен Түменге дейін қашықтыққа тең келетін жол салынады. Сонымен қатар  «Орталық – Шығыс» тас жолының құрылысы жалғасын табады. Баянауыл ауданында  300 шақырым жолдың құрылысы жаңа ресайклинг технологиясы бойынша жүргізіледі. Сондықтан, жолдың құрылысын бір жыл ішінде аяқтаймыз. Тендер өткізіліп, BI Group  компаниясы мен «АЗА» ЖШС фирмалары  ұтып алды. Бұл төртке бөлінген жоба. Қазіргі таңда инертті материалдар жеткізілуде. Өткен жылы екібастұздық «Анис» фирмасы салған 34 шақырым жолдың сапасы сын көтермегені белгілі.  Мердігерді сотқа беріп, сот процесін ұтып алдық.  Биыл осы жол қайтадан қалыпқа келтіріледі. Одан басқа Алексеевкадан Жаңажолға, одан кейін Жаңажолдан Екібастұзға дейінгі аралықты тағы қолға аламыз. Бірақ, бұл бағыттағы жол құрылысы екі жылға жалғасады. Қажетті қаражат бөлінді,  — деді облыс басшысы.

Тікелей желіде болған екі сағаттан астам уақытта журналистер қауымынан әлеуметтік, экономикалық, өндіріс, құрылыс және экологиялық мәселелер бойынша 40-тан астам сұрақ қойылды. Бұдан бөлек тікелей желінің телефоны мен WhatsApp байланыс жүйесі арқылы көптеген сауал түсті.

Тілеуберді САХАБА.