Павлодар облысының алты мектебі халықаралық ТIMSS 2019 зерттеуіне қатысады


Ертіс-Баян өңіріндегі алты мектеп 22-26 сәуір аралығында халықаралық TIMSS зерттеуіне қатысады. Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі 2015 жылы TIMSS зерттеуіне Павлодар облысынан 7 мектеп қатысып, 235 оқушы өз білімдерін халықаралық стандарттар бойынша тексеріп көрген деп хабарлады.

Жүргізілген тексерістің нәтижесінде төртінші сынып оқушыларының математика пәнінен көрсеткіші – 561 орташа ұпайды, жаратылыстану пәндері бойынша 573 ұпайды, сегізінші сынып оқушыларының математика пәнінен көрсеткіші – 544 орташа ұпайды, жаратылыстану пәндері бойынша — 556 ұпайды құрады.

— Канадалық статистика орталығы негізгі зерттеуді жүргізу үшін кездейсоқ іріктеу әдісімен республикамыздың қалалары мен облыстардан мектептер іріктеп алады, — деді басқарма мамандары. — 2019 жылы біздің облысымыздан 6 мектептің білімі сараланады. Оның ішінде Павлодар қаласының №21, 30, 34 мектептер, Ақтоғай ауданы Абай атындағы орта мектеп, Успен ауданының №1 орта мектебі, Павлодар ауданының Достық мектебі бар. TIMSS зерттеуіне аталмыш білім ордаларынан 330 оқушы қатысады.

22 сәуір күні TIMSS зерттеуінен алғашқылардың қатарында Павлодар қаласындағы №30 орта мектептің 93 оқушысы өтті. Қазақстан осы зерттеуге бірінші рет 2007 жылы қатысқан. Тұрақты төртжылдық циклдың өткізілуі 4 және 8-сынып оқушыларының жетістіктеріне және бастауыш мектептен негізгі мектепке көшу барысындағы математикалық және ғылыми жаратылыстанудан білім беруде болатын өзгерістерге мониторинг жасауға мүмкіндік береді.

2015 жылғы соңғы TIMSS  зерттеуінде әлемнің 57 елі бағын сынап көрген. Қазақстан тарапынан жалпы 9579 оқушы қатысты. Оның ішінде 179 мектептен 4710 төртінші сынып оқушысы, 4869 сегізінші сынып оқушысы қатысты. Айта кетерлігі, TIMSS – «Trends in International Mathematics and Science Study» қазақ тіліне аударғанда «Математика және жаратылыстану саласындағы білім сапасын бағалау» деген мағынаны білдіреді. IEA тәуелсіз халықаралық ұйымының деректері бойынша TIMSS зерттеуі – әлемдегі математика және жаратылыстанудан сабақ беру және оқыту үдерістерін дамыту мақсатында жүргізіліп, қатысушы елдердің (биылғы жылы қатысып жатқан 60 ел) білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерді анықтап түсіндіруге бағытталған.

Әлихан Рахметоллаұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.