Павлодар облысының үздік медицина қызметкерлері Ertis Promenade сахнасында марапатталды

Павлодардың басты сахнасында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, медицина қызметкерлерін тамашалау үшін орталық жағалауға бірнеше мың адам келді. Ең алдымен Ертіс өңірінің медицина ардагерлеріне көңіл бөлінді.


Одан кейін дәрігерлерді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов құттықтады. Ол павлодарлық медицина соңғы жылдары үлкен биіктерге жеткенін және елдегі үлгілілердің бірі саналатынын атап өтті.
Концерттің ресми бөлімінде облыстың үздік денсаулық сақтау қызметкерлері марапатталды. Мереке иелері «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісі, облыс әкімінің құрмет грамотасы және басқа да  марапаттарға ие болды.


Сонымен қатар, сахнада 2019 жылғы Қазақстанның үш үздік медицина қызметкері де аталды. Жылдың үздік дәрігері – облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тельман Алғожин, денсаулық сақтау саласының үздік менеджері – Павлодар қаласының №3 поликлиникасының бас дәрігері Қайырлы Қабылов, саланың үздік IT қызметкері – №3 поликлиниканың цифрландыру менеджері Сұлтан Рүстемханов болып таңдалды.


Марапаттаудың ең әсерлісі «Өмірлік ерлігі үшін» номинациясы болды. Өткен жылдың күзінде алтыншы қабаттың терезесінен құлаған бес жасар қызды құтқарып қалған Александр Жұмабаев өзінің қымбат сыйлығын алып, қошеметке бөленді.
Кейінірек барлық жиналғандар үшін мерекелік концерт өткізілді.

Дулат Райымбек Фото: Валерий Бугаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *