Павлодарда өндірілетін қоспалы алюминий Өзбекстанға жеткізіле бастады

Бүгінгі күні Павлодар қаласының арнайы экономикалық аймағының аумағында жұмыс істейтін «Giessenhaus» ЖШС Өзбекстанға 45 тоннадан астам алюминийді экспортқа шығарды.

АЭА-ың басқарма басшылығы Өзбекстанда алюминий өндіретін кәсіпорындар жоқ екеніне байланысты Павлодардың алюминийіне деген сұраныс жоғары екендігін атап өтті. Біздің аймақтың аса бір ұтымды тұсы — зауыттың географиялық жағынан ыңғайлы орналасуы болып табылады.

— Қазіргі уақытта «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның бірыңғай теміржол жүк тасымалдаушысымен 65 тонна көміртекті алюминийдің келесі партиясын Өзбекстанға жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар арнайы экономикалық аймағының басшысы Айбек Тұрсынғалиев. — Бұл жұмыстар біздің өңіріміздің экспорттық әлеуетін дамытуға ғана емес, жалпы алғанда Қазақстан мен Өзбекстанның сауда-экономикалық байланыстарының нығаюына да ықпал етеді.

“Giessenhaus” ЖШС Павлодар облысындағы және Қазақстандағы қоспалы алюминийді өндіретін алюминий кластерінің алғашқы кәсіпорны болып табылады. Шикізат ретіндегі бастапқы алюминийді кәсіпорын “Қазақстан электролиз зауыты”АҚ кәсіпорынынан сатып алады.

Әлихан Рахметоллаұлы