Павлодарлық палуан еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында павлодарлық Саятбек Оқасов күміс медаль еншіледі. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Азия чемпионатында біздің палуандарымыз сәтті өнер көрсетті, — деді баспасөз қызметінде. – Еліміздің еркін күрес спортшылары чемпионатты 5 медальмен аяқтады. Ел қоржынына жалғыз күмісті Саятбек Оқасов салды. Жарыстың алғашқы кезеңдерінде Саятбек Оқасов Бахрейн палуаны Хаджы Мохаммад Әлиді 9-1 есебімен және Қырғыз палуаны Ерназар Ахматалиевті 10:0 есебімен ұтып жартылай финалға шықты. Жартылай финалда солтүстік кореялық Хан Сонг Киммен белдесіп ұпайы басым түсті. Финалдық кезеңде Үндістан елінен келген әлем чемпионатының жүлдегері Бажранг Пуниямен боз кілемге шықты. Белдесудің бірінші бөлімінде 5:2 есебімен ұтып жатқан палуанымыз соңғы сәтте жеңісті уысынан шығарып алды. 12:7 есебімен үндістандық палуанның жолы болып, Саятбек Оқасов күмістен алқа тақты.

Еске салайық, Саятбек Оқасов өткен жылы Азия ойындарында 65 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Айта кетейік, еркін күрестен 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалаған Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында командалық есепте 3-орынға табан тіреді.

Әлихан Рахметоллаұлы