Президенттікке үміткер Дания Еспаева мен сайлауалды штаб жетекшісі Азат Перуашев жас сайлаушылармен кездесті

Президенттікке үміткер Дания Еспаева мен сайлауалды штаб жетекшісі Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласындағы гуманитарлық-заң колледжінд жас сайлаушылармен кездесті. Оқытушылар мен студенттер үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысты.

Колледжде заңгер, аудармашы, мұғалім мамандықтары бойынша барлығы бес жүздей шәкірт тәлім алады. Оқу орны былтырдан ғана бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешелерін оқыта бастаған. Оған мемлекет екі жүздей шәкіртақы бөлген болатын. Дания Еспаеваға кадр жетіспеушілігін шешу үшін шәкіртақы санын 270-ке көбейту көзделгенін айтты. Студенттер арасында басқа қаладан келіп оқитындар саны аз болмағанымен, хостелдегі тегін орындар саны 30 адамға ғана есептелген. Келер жылдары өзге қалалықтарды қамтитын жатақхана салу жоспарланып отыр.

Дания Еспаевамен өткен кездесуде жастар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Ол тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолақының қымбаттылығы, жұмыспен қамтамасыз ету сынды мәселелер.

«Маған жастардың сұрақтарды ашық қоятыны ұнады. Жастардың саяси сауаттылығы да қуантып отыр. Олар менен не себепті сайлауға қатысып отырғанымды және әйел адамның Президент болуы қаншалықты мүмкін екенін сұрады. Әрине, мен оған өз жауабымды бердім, — деді Дания Еспаева. – Бірақ жастардың, студенттердің елдегі саяси ахуалға, келе жатқан Президент сайлауына көңіл бөлуі қуантарлық дүние».

«Ақ жол» партиясының үміткері болашақ заңгерлерге заңгерлік мамандықтан бөлек экономикалық білім алуға кеңес берді. Студенттер мен оқытушыларды бағдарламадағы бизнесті қолдау бастамалары қызықтырды. Айта кетейік, үміткер өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қосымша құн салық мөлшерлемесін төмендетіп, несиені қолжетімді етуді ұсынып отыр.

«Ақ жол» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның Республикалық штабының үгіт науқаны жалғасуда – таяу күндері үміткер мен оның штаб өкілдері Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы кездесулерін өткізеді.

 

27 мамыр 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Астана қалалық филиалы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *