ҚАЙРАТТАН, ҚАЗАҚ БАЛАСЫ!

Үрейленбе қарағым,
Толмасын мұңға жанарың…
Сан рет жеңген Қазағым,
Төтеден келген ажалын.

Оба, шешек, қарасан…
Саусағың жетпес санасаң.
Соның да бәрін жеңгенбіз,
Болыпты ұмыт қарасаң…

Қызыл қырғын басталып,
Қырылса да аш халық.
Болашақ үшін күрескен
Арыстар ажал жастанып.

Ғасырлардан келгенбіз,
Нәубетті талай жеңгенбіз!
Рухымызды жоғалтпай,
Болашаққа сенгенбіз!

Сынбаймыз мұндай сынаққа!
Жетеміз барлық мұратқа!
Үрейге бой алдырма,
Бейғам болма бірақ та!

Болашақ жарқын, қарашы!
Қайраттан қазақ баласы!
Ынтымақ, бірлік мекені,
Қазақтың дархан даласы!

Өтеді бұл да көресің!
Жинайды әлем тез есін.
Білдіртпей енген нәубетті,
Бірлікпен ғана жеңесің!

Әділбек Қаба