«Рухани жаңғыру» қоғамның өткеніне  сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы

Қасиетті Әулиеата өңіріндегі «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форумда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштастырылған дүниелер де көп айтылды. Атап айтсақ,  облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев  ұлт үшін өзекті саналатын ұрпақ тәрбиесін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қатар ұштастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.

–«Рухани жаңғыру» – өмір сүру дәстүріміздің, елдік шежіренің 62 тамыры. Өкінішке орай бізде осынау терең түсінікті қабылдау жағы әлі де әлсіздеу. Тұтас қоғамның санасына сілкініс әкелуі керек бағдарламаның негізгі мән-мазмұны құр даңғаза, ұранбайшылық, оңды-солды ойқастаған ойын-сауықтардың қалтарысында қалып жатыр.

Жалпы шын мәнінде қай тұрғыда, қалай жаңғыруымыз керек? Бұл бәрімізді ойлантуы қажет. Ең әуелі тарихи тамырымыздың өзі тудырған ерен ерліктердің, жасампаздықтың, пайым-парасаттың пәрменімен жақсылық жасалып, ғасырлардан ғасырларға жалғаған ұлттық рухани құдіреттің жаппай санаға сіңіруімен ғана жаңғыра аламыз. Бұлай болмағанда адамды мезі қылатын айғай сүреңнің айналасында қала береміз.

Біздің Таразда өткенді өмірге әкелудің біраз тамаша үлгілері дүниеге келді. Бір ғана «Даңқ» залын алыңыз еңсесі биік, ерліктің шежіресі. Құрылысы жүріп жатқан «Шахристандағы» облыстық «Руханият» орталығын алыңыз. Облыс тарихының барлық құндылықтарын бойына  сіңірген заманауи сәулет. Міне бұл «Рухани жаңғырудың» ең басты сұранымдарына сай келетін үлкен шаруа.

«Рухани жаңғыру» қоғамның өткеніне  сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Олай болмағанда адам санасына сыймайтын құбылыстар орын алады. Мәселен 2015 жылғы статистика бойынша Жамбыл облысында 350 қыз бала мектеп партасында отырып ана атанған. Айтуға ауыз бармайтын осы бір мәселеге біз мектепті, ондағы педагогикалық ұжымды кінәлаймыз.  Ал шын мәнінде қазақта «Қызға  қырық үйден тыйым» деген аталы сөз бар емес пе? Ойланайықшы, бір ғана осы мәселеге жол бермеу үшін біз не істедік? Қоғам не істеді? Бұл өте сорақы нәрсе, – деді А.Майлыбаев.

Бұл сөз жоқ,  ұрпақ келешегін олап айтылған орамды ой екені даусыз. Форумда сол себепті де спикердің сөзі мен ұсыныстары ерекше қолдау тауып, талқыға түсті. Бұл күні халықтың да рухани жаңғырып, ұлт келешегін ойлаған ниетті тілектері жанарларынан анық аңғарылды.

 

Дедек Төлен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.