ТІЛIН КӘЛИМАҒА КЕЛТІРГЕН ОРЫС ӘЖЕ

… Иә, 2012-13 жылдары ғой. Жалдап тұратын пәтерді ұзақ іздеуге уақыт болмаған соң, алғашқы хабарласқан адамның үйін көруге бардым. Алпысты алқымдаған қызы есік ашты. Бөлмелерін көрсетіп асүйге өткенде, онда кейуана отыр екен. Көзім әженің көзіне түскенде, жәутеңдеген қорғансыздық байқаған едім.

Танысып болған соң, қоныстануға келістім. Уақыт өте келе, орыс әженiң маған бауыр басып кеткені сондай басқа пәтерге ауысайын десем жібергісі келмейтін. Себебі, қызы басқа жақта тұратын да, анасының үйіне сирек бас сұғатын. Енді мен кететін болсам  әже тағы жалғыз қалудан қорқып, жібергici келмейтiнi содан екен. Қарт кiciге деген құрметпен қолымнан келген көмегімдi көрсетіп тұрдым. Шыны ма, әлде күнi түскеннен бе, әйтеуір “мұсылмандар бәрібір қайырымды болады ” деп,  ағынан жарылатын. Дегенмен, әженiң жанында жүрiп, қариялардың мінез – құлқы жас баладай өзгеретiнiн ұқтым. Кейде көңiлiн аулап,  кітапханадан оқығандарымды әңгімелеймiн. Бірде ақырзаман туралы мақала оқып бердім. Адамдар өз Жаратушысымен түбі бетпе -бет кездеседі. Сонда Алла тағаланың нұрлы жүзiн көреді. Алла тағаладан жарлық келмей, ақырзаман болмайды деген сөздердi ұйып тыңдаған әже “Бисмиллаһи, рахмани, рахим” деп, тiлiн кәлимаға келтіріп отырды. Ол аяғы ауырып арнайы сүйретпемен бөлме iшiнде ғана жүре алатын да, далаға шықпаған соң күнi бойы үйде жалғыз қамалып iшi пысатын болса керек, мен жұмыстан келетін кешкі уақытта баспалдақтың тықылына құлақ түріп отырады екен. Сыртқы есікті ашып кіріп келгенiмде ” Ой, менің қуанышым келді !” деп, риясыз жүзі қуаныштан бал – бұл жайнайтын. Ал кейде өзінің шын қуаныштарын еске алып, ” Қайда кетті отбасым ? Менің балаларым, отбасым бар еді. Енді жоқ” деп, терең ойға шомып,  бір уақ өзімен – өзi күбірлесетiн.  Әженiң басындағы бұл халдi психологияда  үлкен кісілерде болатын қорқыныш, күйзелic дейді екен. Негізі, орыс әже үш құрсақ көтерген. Балаларын ешкімнен кем қылмай асырап, оқытып, білім алуына жағдай жасаған. Аналарының ақ сүтi мен сол қамқорлығын ақтамаған ұлдары  тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарында әйелдеріне еріп, бірі Ресейге, бірі Германияға көшіп кеткен. Кіші ұлының  әйелі неміс ұлтының қызы. Балалары мен немерелері, жиен немерелері келу былай тұрсын, «әже, қалың қалай?» деп қоңырау шалмайтын. Сонда да iшiнен шыққан шұбар жылан ғой, ана жүрегі ұрпағын сағына қылықтарын есіне түсіріп, сүйсіне айтып отыратын. 2013 жылдың көктемiнде шетелден екі ұлы келетін бопты. Әже де «ұлдарым туған күнiме келетін болды. Немерем келер ме екен?» деп қуана күтіп еді. Ойлағаны болмады. Екі ұлы соқа бастары состиып, өздері ғана келген. Балаларын көріп көзайым болып, қуанып, туған күнін тойлайды деп, айдаладағы мен қуанып едім. Сол күнi сенбi еді де, өздері емен -жарқын отырсын деп кітапханаға кеткенмiн. Кешкісін келіп бөлмеме кіріп- шығып жүргем, әжем ымдап шақырды. « Әже, не болды?» деп қасына барсам, жас балаша кемсеңдеп, « мыналар мені қарттар үйіне өткізгелі жатыр. Менің барғым келмейді. Енді қартайғанда өлігім өз босағамнан емес, қайдағы жатақханадан шыға ма?” деп жылағаны. “Қалайша!? Мүмкін емес! “- дедім таңданып, сұраулы жүзбен. « Жоқ, олар кесiп -пiшiп қойды. Қазір келіп алып кетеді» деп, дірілдеген қолымен біресе телефон тұтқасын, біресе төсегін шұқып, не істерін білмей дәрменсіз күйге түсті. Ақылдасып, көмек сұрайтын кім бар! « Әкімдіктегілерге айтыңыз, құқық орындарына айтыңыз» дедім сасқаннан. Бір сіңілісіне хабарласып еді, ол « өзің білесің , барғың келмесе өз құқыңды таптатпа» деп кеңес бергенсiптi. Ертесіне күтушісі келгенде оған да шағымданды. Ол күтушіге айлық төлейтін қызы болғандықтан, оған бәрібiр. Бірақ күтушіге төлеп отырған айлық ол әженiң өз зейнетақысы ғой. Сонда да ол әйел, балалары не айтады, соны icтеуге дайын сияқты көрiнген. Өлтір десе, өлтірейiн деп тұрғандай. Мен мынадай қатігездерден бәрін күтуге болатынына сенімдi едім. Себебі таңертең келген ұлы “Германияда қартайған кісілерді қарттар үйіне өткізу қалыпты құбылыс ” деп еш шімірікпестен, ана жүрегін аямай осылай деген. Одан қалса,  үлкен ұлына өкпе – ренішiн айтып еді, ол да, “біз қатігез болсақ, демек қанда болып тұр. Сендерден дарыған ғой ” деп, кәрi  анасының жүрегін одан әрi таптаған еді. Содан балалары еліне кетті. Көп кешікпей үлкен ұлының жүрегі ауырып, ауруханаға түскенi туралы хабар келді. Өкiнiштi, әрине!

Әже де өз үйінде қалды. Бағына қарай қарттар үйінің талабы бойынша олар әжемен бірге оның пәтерiн де алады екен. Осы талап олардың аналарын қарттар үйiне өткізуіне тосқауыл болған екен.

Десек те, орыс әженiң басындағыдай күйдi кешіп отырған, бүгiнде қазақ отбасылары да аз емес. Қазақ халқының бабадан дарыған салт -дәстүрінде мұндай мейiрiмсiз, қайырымсыз отбасылык өмір сүру  салты ұлт бойына жат еді. Көп ұлттық ел саясаты арқасында, өзгенің ең әдепсіздiгi мен  қасиетсіздiгi  ұлтымыздың қанына сiңдi. Осы әженің басына түскен жағдай, кезінде “әй, не болар дейсің, бұл бір адамның басындағы оқиға ғой” деген  немқұрайлыктан кеп  туған отбасында берілетін тәрбиенiң босаңсуынан етек алған қоғамдык дерт еді.

 

Зүбәйра Тілегенқызы