Жақсы мен жаман

Жаңа жылда «Жақсы мен жаманды» жалғастырамыз ! Иман туралы көбірек айтуға күш саламыз. Қанша жерден экономика, қаржы, қоғам мен жеке адам десек те, барлығының астарында иман мәселесі тұр ! Қазіргі қазақ қоғамында иманнан өткір тұрған мәселе жоқ деген пікірдемін. Өзге халықтардың бәрі қанша зұлмат көрсе де дәстүрлі шаруашылық негізінен, өмір сүру дағдысынан ажыраған жоқ. Біз болсақ бірнеше рет аударылып – төңкерілдік. Осылардың кесірінен біз көптеген ұлттық, отбасылық, адами құндылықтардан айрылып қалдық. Олардың бәрін қайта тірілту мүмкін болмаса да, ұлтқа өзгемен иық тіресіп өсуге, мен қазақпын деуге мүмкіндік беретін ең құндыларын сақтап қалу, не жаңғырту керек.

Жақсы мен жаман
№ 130. Тұяқ шешеннің сөздері

Сарыарқада ертеде Тұяқ деген тілді адам болған. Бірде Ақмолаға келіп аға сұлтан Ыбырайға (Ыбырай Жайықбаев) жолығыпты. Сонда Тұяқты сөйлетейін деп Ыбырай:
-Құс мұрыным, шақырғанда ылғи кешігіп келесің, сірә, келін жас та, жақсы да болар ?- депті.
Ыбырайдың бір әйелінің мінезі шәлкес екен, соны ишара қылып Тұяқ: -Сұлтаным, әркімнің өз құсы өзіне сұңқар, өз есегі өзіне тұлпар емес пе ?- деген екен.
Әйелдің жақсысы қандай, жаманы қандай болады ?- дегенге:
-Әй ! -дегенде,
-Ә!- десе;
-Манағы қайда ?- дегенде:
-Мә! -десе, жақсы әйел сол.
Әй !- дегенде,
-Оқ!- десе;
-Манағы қайда ?- дегенде,
-Жоқ !- десе, дау да іздеме, жау да іздеме, бәрі өзіңнің үйіңде деген екен Тұяқ шешен.
Ыбырайдың баласы Жар сол кезде Петербордан келіп жатыр екен. Тұяққа :
-Патша үстіме шекпен кигізді, қолыма күміс сап қылыш берді, әулетіме бораздап жер өлшеп беретін болды,- депті.
Сонда Тұяқ отырып:
Жерді Петербордан кесіп беретін болды ма ?- дейді екен.
-Жоқ, осы Нұраның бойынан береді,- депті Жар.
-Патша иығыңа шекпен жапса, иініңе су өтпес, қолыңа ұзын пышақ ұстатса, үй арасынан ит қаппас, жер өлшеп беремін десе, өзгенікі емес, өзіміздің жер екен ғой, ол ешқайда кетпес. Сізден ел бір жақсылық әкеле ме деп күтулі еді,- дейді Тұяқ шешен.
Жар сұлтан Тұяқтың сөзін ұнатпай: -Бұдан артық қандай жақсылық болушы еді,- дейді.
Тұяқ та ширығып: — Өзіңіздей Тобықты Құнанбай Меккеге барып қазаққа арнап жай салдырып келді. Қаржас Мұса мырза Петерборға барып патшадан абақтыдағы қазаққа азаттық алып берді. Сарым Жамақұл би Қоқан әміріне тарту-таралғы алып барып, Сыр бойының қазағын алым-салықтан босатты. Ел қамын ойлайтын ерге қолынан келіп тұрғанда елге жасайтын жақсылық аз ба ?!- деген екен.