ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАР, ЕРЛАН МЫРЗА! немесе халықтың жүйкесіне «ши жүгірту» ойыны қашан аяқталады?

ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың жалпақ жұртқа жария түрде, шеруге шыққандарды кінәлап: «300-ден аса полиция жарақат алды, оның 6-уы ауруханаға түсті» деген мәліметі ел ішін атқан оқтай шарлап кетті. Баяғыда бір даңғой жігіт: «бәріміз де әке сабағанды естіген едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көріп тұрғаным осы!»— деп таңғалған екен. Тап соның кебі келіп тұр! Бізде талай өтірікті естіген едік биліктен, әкімдерден, шенді-шекпенділерден, бірақ тап осы жолғыдай, «мойынға қиып салатын» жалған ақпаратты көріп қайран қалып отырғанымызды несін жасырайық. «Басқа бәле тілден» екенін білмейтін министрдің, «Отыз тістен шыққан сөздің, отыз рулы елге тарайтынын» білетініне күмәнім бар? Әйтпесе мұндай қадамға өлсе бармаған болар еді.

 

Сәуле Мешітбайқызы

Бұған тағы бір қосарым, бүгіндері халық пен биліктің арасы алыстап кетті. Оған шенді-шекпенділер кінәлі. Олар кей мәліметтерді жоғарыға асырып береді, болмаса жақсы атану үшін жасырып береді. Бұл жолы да бас полицей өздерінің кейбір асыра сілтеген сәттерін бүркемелеу үшін, «300 спартандықтың ерлігін жасағандай» аспандатып, халықтың ренішін тудырып отыр. Көпе-көрнеу өтірік ақпарат берудің астарында құйтырқы саясаттың сызы жатқандай сезіледі….
Самсаған видео камера мен ұялы телефондардағы бейнелер мен суреттерде министр айтқандай «қынадай қырылған» полицияны көре алмай халық пұшайман күйге түсуде. Егер министр бұрынғыларша «халықты алдай саламыз» десе қатты қателескенін сезінуі тиіс. Себебі халық оянды. Оянуға мәжбүрлеген, жан-жақтан қаумалаған әділетсіздік пен немкеттілік! Саясат дейтін шу асауға да тақымын үйретіп алған халық, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата алатын халде қазір!
Ал шынымен-ақ 300 полиция жараланса, оны дәлелдеу уақыт талабы. Олар да бір-бір үйдің еркесі мен серкесі! Жарақаттары жандарына батса, арыздануға, өз құқықтарының тапталғанын растап сотқа жүгінуге хақылы! Бұл демократиялы елдерге тән ұстаным.
Халықтың арасында жүргендіктен көп нәрседен хабардармыз. Министрдің таратқан ақпаратынан кейін ашынған халық «полиция өкілдерінің қандай жағдайда жарақат алғандарына дәлелдеме сұрап және ең болмағанда бір видео болса да көрсетуін талап етуде. Иә, министр көрсеткен ең басты жарақат алушы — Жұмабек Шайхисламұлы. Бірақ оның ауруханаға тек қана 17.06. күні түскені анықталды. Технология дамыған заманда өтірікке ешқандай жол жоқ. Енді қызық сұрақ туады. 9-ы мен 10-ы күндері болған митингіден бері жарақат алған полицей қайда жүрген? Бір апта бойы жарақатқа шыдаған полицей де мықты екен, полицейдің бойында бір апта бойы «тұрып алған» жарақат та ер екен!
«Өтірік өрге бастырмайды» дейді атамыз қазақ. Кешегі тәуелсіздікті аңсап, қар жамылып, мұз төсенген желтоқсан ерлері де темір құрсаулы кеңестік 300 солдатты жарақаттай алмаған еді. Қолында билігі бар кеңестік билік «300 әскеріміз жараланды» деп айтуға арланғаны анық. Егер айтса, халықты емес қара басын күйттеген, кейбіреуі бүгінгі билікте саз беттеніп отырған мансапқорлар өре түрегіліп қолдай кетері даусыз еді.
Ондағы халықтың ашу–ызасы, қыжыл-қайраты бұдан мүлде бөлек еді ғой… Егер бейбіт шеруге шыққандарды кінәлау мақсатымен, олардың ісін қаралау үшін мұздай қаруланған 300 полицейді «соққыға жықтыру» қай жағынан да билік үшін тиімсіз нәрсе. Оны айтасыз абырой атақтарына да нұқсан? «Елді қорғайды, жерді қорғайды» деп елі сенім артқан 300 полицейдің, қолында дымы жоқ, бейбіт шерушілерден «таяқ жеуі де» ақылға сыйымсыз ертегі. Сосын біздің әр қадамымызды бақылап отырған сырт көзден де ұят-тағы! Егер Алдаркөсе осы заманда өмір сүргенде ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың жалған ақпаратқа имандай сеніп, оны халыққа таратқанына басын шайқап, иіліп қолын алып, өз жайына кетер ме еді деп ойлайсың кейде.
«Кезінде Әлихан Бөкейхан Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» деген сұрағына: «Милиция — біздің әскеріміз!» деген екен. Алаш милициясы алаш армиясының міндетін атқарып өз халқын, қызылдардың да, ақтардың да шабуылдарынан қорғапты. (Берік Әбдіғалиұлы. «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 жж.») Ал қазіргі полиция өз халқын қорғап тұрған жоқ. Әнеугүні бес мыңдай адамды полиция бекеттеріне тоғытқаны масқара іс болды»,— деп жазды Марат Байділдаұлы.
Иә, іс жүзінде олар халықтың қызметшісі болу керек еді. Қазақстан полициясы өкінішке қарай бұрынғы орыстық патша жандармериясынан, кеңестік милициядан жалғасып келе жатқан жазалаушы орган сипатын сақтап қалды. Ол қылмыстың алдын алумен емес, негізінен жазалаумен айналысады.

 

ТОҚАЕВ — ДЕМОКРАТИЯ «ШЕКПЕНІНЕН»
ШЫҚҚАН ТҰЛҒА

Мен халықтың арасында жүргендіктен солардың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге тырысамын. Халық билік тұтқасын ұстап отырғандардан емес, елдің тұрмысы мен көзқарасын жоғарыға дұрыс жеткізбейтіндерден шаршады. Ақпараттың жалғандығынан халық бір күйзелсе, билік мың күңіренеді. Дана қазақ «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деп бекер айтпаған. Ел ішіндегі соңғы кездегі толқулар соның нақты дәлелі! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көптеген қазақстандықтар материалдық жағдайы нашарлаған соң, наразылық білдіріп көшеге шықты деген сөзді айтты. Бұған дейін мұндай сөзді кім естіпті? «Негізінен бұл — әлеуметтік сипаттағы талаптар. Бұл мәселелердің бар екенін жоққа шығармаймын. Жалпы айтқанда, олар адамдардың кедейленуінен туындап отыр. Олар үкіметтен көкейтесті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуді сұрайды»,— деді Тоқаев «Euronews» арнасына берген сұқбатында.
Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы бір-екі ауыз жылы лебізімді білдіре кеткім келеді. Қанша дегенмен демократиясы толысқан, билігі халқына болысқан Еуропаның дәмін татқан азамат қой, шындықтың жүзіне тура қарауға қаймықпайды. Әйтпесе көлеңкесінен қорқатын президент «Халық шеруге кедейліктен шығып отыр» деп айта алар ма еді? Қайдам… Осы сөзінің өзі-ақ демократия өлшемін білетін, қарым-қабілеті жоғары тұлға екенінен хабар беретіндей…
Президент осы сөзді ашық айтқан күні әлеуметтік желіге белгілі журналист-жазушы Төреғали Тәшенов мынадай пікір қалдырды. «ҚР Президенті Тоқаев «ереуілге жастар кедейшіліктен шықты» деп өте дұрыс айтты. Сондықтан Билік ең бірінші кезекте əр отбасының мойнындағы банктен алған екі миллион теңгеге дейінгі кредитін тегіс кешіруі һəм өшіруі тиіс! Себебі халықтың кедей бөлігін банкке берешегі одан сайын кедейлендіріп һəм ашындырып отыр. Осы көлемдегі кредиті арқылы халықтың кедей бөлігін бірден анықтауға жəне олардың басындағы үлкен қиындықты жылдам шешуге болады!» — деген пікірі қарапайым халықтың қолдауына ие болғанын айрықша айтқым келеді. Бәлкім Президент келешекте мұндай ұсыныстарды шешуге тырысар…
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Президент Тоқаев демократияға деген ерекше көзқарасымен халықтың көңілінен шыға бастады. Оған халықтың арасында өзін қарапайым ұстауын, өзіне айтылған сындарға салмақты қарауын қосыңыз! Арыс қаласындағы орын алған оқиғаға құстай ұшып жетіп, халықтың ортасынан табылуы да мәртебесін биіктетіп тұр! Қанша дегенмен ел көрген, жер көрген адам ғой, кез келген нәрсеге немқұрайлы қарамайтыны байқалады.
Сонымен Президент Тоқаев кім? 2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Тоқаевты Бас хатшының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы Бөлімшесінің Бас Директоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі етіп тағайындау туралы шешімін жария етті. Сонымен қатар ол Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлға болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев — саяси ғылымдар докторы, халықаралық қатынастар мәселелері бойынша тоғыз кітап пен бірқатар мақалалардың авторы. Ол Бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы «Даналар» кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры (ҚХР), Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі.
Осымен тоқтатайын. Осының өзі-ақ Президент Тоқаевтың кім екенін, қай ортада тағылымды тәрбие алғандығын көрсетер нақты құжат! Осындай жерде қызмет атқарған адамның демократиядан алшақ қонуы, адами құндылықтардан бөлек болуы — тіпті де мүмкін емес!

 

АРАНДАТУШЫЛАРҒА ЕРІП, АРАНДАП ҚАЛМАЙЫҚ

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше Нұр-Сұлтан мен Алматыда маусымның 9-10 күндері полиция 700 адамды ұстап, олардың 550-і әкімшілік жазаға тартылған. Осы бір қиын-қыстау кезеңде Мәжіліс депутаты, коммунистік партияның лидері Владислав Борисұлы Косарев: «Күштік құрылымдар артығырақ сілтеп жіберді деп ойлаймын. Егер адам өз ойын, тіпті билікке қатысты сыни пікірін айтқысы келсе, ол оның заңды әрі конституциялық құқы! Ол үшін жазалап, қамауға болмайды»,— деп қара қылды қақ жарды. Мемлекет басшысы Тоқаевтың өзі кезектен тыс президент сайлауын өткізу кезінде кейбір учаскелерде заң бұзылған болуы мүмкін екендігін жоққа шығармады ғой? «Ашық сайлау өткізуге барлық жағдай жасалды. Кейбір учаскелерде заң бұзушылықтар болған болуы мүмкін. Біз толық талдау жүргіземіз, әрине, егер расталып жатса, ұйымдастырушылық шаралары қолға алынады»,— дегені ел есінде.
Тоқаев билік пен халық арасындағы диалогты жолға қою қажет деп санайды. Бұл үшін оның тапсырмасымен қоғамдық сенім комитеті құрылды. «Адамдар көшеге наразылықтарын білдіріп шықты. Қазір олардың талаптарына талдау жүргізіліп жатыр, негізінен бұл әлеуметтік сипаттағы талаптар. Менің міндетім — осы талаптарды саралап, зерттеп-зерделеу. Көшеге шыққан адамдардың нені қалайтынын білуіміз керек»,— деді президент.
«Халық айтса қалып айтпайды» ешқашан. Тәуелсіз ел тарихында Тоқаевтың демократияға бір табан жақын адам екені алғашқы күннен-ақ көрінді. Сайлауда жеңіске жеткен күні-ақ журналистердің бірі Тоқаевқа мынандай сұрақ қойды: «Халықтың наразы екенін білесіз бе? «Тоқаев біздің президент емес» деген ұранға қатысты не дейсіз?»
Сонда президент Тоқаев: «Әлбетте, білемін. Халық арасында не болып жатқанын білемін. Бұл халықтың таңдауы. Кейбір азаматтар осы ұранды қолдаса, бұл олардың таңдауы. Басқа ештеңе істей алмайсың»,— деді. Бұдан артық қандай жариялық керек жаным-ау… Елімізде демократия жоқ деп айтпайық, бар. Анау әлеуметтік желілерде не жазылмай жатыр. Содан кім жауапқа тартылыпты? Кім қудаланып жатыр?
Жаһандану ғасырында құпияға жол қалмайтын түрі бар. Кешегі Президент сайлауы һақында, батыс басылымдары не жазбады? Ауыздарынан ақ ит кірді, көк ит шықты.
Кім не айтса да еркі әрине. Бірақ азат елдің президентіне осыншама шүйлігулеріне қарағанда, полицейлердің қарапайым халыққа көрсеткен қысымдарына «ызалы» екендерін аңғару қиын емес. Жаңа сайланаған Президент Тоқаев та халық пен полицейлер арасындағы қақтығыстан, кейбір жөнсіз әрекеттерден хабарсыз болуы әбден мүмкін. Ақпарат дұрыс жетпеген жерде алдау-арбау өрістейтіні жаңалық болудан қалғалы қашан?! Мұны неге жазып отырмыз? Өйткені елімізде жаңа президенттің ұстанған бағыты бөлек! Демократияға жол ашық. Тек өзгелердің жазғанын саралай біл. Дұшпандық ниет пен жанашыр көңілдің аражігін ашуға ұмтыл! «Дос жылатып айтатынын, дұшпан күлдіріп жеткізетінін» есіңнен шығарма қазақ баласы!
«Халыққа қалқан болатындар бар, халықты қалқан қылатындар бар» деп жазушы О.Бөкеев айтпақшы, полицейлердің талап-тілек арқалап шыққан халықты желкелеп ала жөнелуі демократиялық қағидаттарға қарсы, әрине. Алайда қаны бір полицейдің шерулеткендерді «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтыны» айдан анық. Бірақ ел ішінде «қаптаған полицейлердің ішінде жатжұрттық «сақшылар» не істеп жүр деген қауіп айтылуда.
«Алматыдағы халық наразылығы кезінде бізді ойландырған дүние мынау болды.
Алаңдағы белгісіз спецназдардың жүргені және оларда ешқандай белгі болмағаны.
Айтушылар олардың ерекше тәртіпті екенін, шұғыл қимылға дайындығын, оған қоса, қазақша сөйлемейтінін айтады!» — дейді жазушы Серік Елікбай.
Әрине, біздің ел — көрші-қоңсы Кремльдің құшағынан анық ада босап шықпағаны мәлім! Тура осындай 1986 жылы да Мәскеуден келген «арнайы жасақ» қазақтың қыз-ұлын қырып тастаған! Оның бетін әрмән қылсын!
Біз тіпті кешегі Қырымдағы «жасыл киімді сыпайы жандар» туралы да ойды қаперімізден шығарған жоқпыз… Аты өшсе де, аруағы аман Кеңес кезінен қалған «қариялар» бір-бірін қорғауға ұмтылары анық. Ортақ жүйеге жұмыс жасар, білек сыбанып шығар «Вагнер жобасы» тектес талмау тұсымызды білер-сақадай сай сауытты топтың даяр екеніне де күмәніміз жоқ! Бірақ бұл біздің азаматтық, ұлттық қаупіміз.
Қазақстанды бағып отырған Ресей пиғылы жайлы осы наразылық кезіндегі ісін «Каспаров.ру», «Еженедельная газетадағы» сараптамалардан оқу қиын емес. Әйтсе де, «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, біздің қаупіміз бекер болып шықса дейміз лайым.…

 

ШЕРУГЕ ШЫҒЫП ШЕР ТАРҚАТУ ӘДЕТКЕ
АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК

Франция да жатып алып, халықты 6 шілде күні (Назарбаевтың туған күні) шеруге шақырып жатыр Мұхтар Әблязов. Бұл да бір кезде билікте болып, кейін сотталып, одан президент Назарбаевтан кешірім сұрап, бостандыққа шыққан шенеуніктің бірі. Жасырып жабары жоқ, халықтың арасында оны тыңдайтындар мен қолдайтындар табылады… Дәл қазіргі сәтте «темірді қызған кезінде» соғуға ол да жанталасуда. Әйтеуір жұртымыз аттанға еріп адасып, мақтанға еріп шатасып кетпесе игі…
Бір қызығы осындай елең-алаң кезеңде, өмірі бейбіт шеруге рұқсат бермейтін билік «кеңқолтық» жайдары мінез танытып, халықтың шерін тарқатуға мүмкіндік жасауда. Бізге жеткен хабарға қарағанда 30-шы маусым күні Алматы мен Астанада билікке «Даты» бар жұрт жиналады…
«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай ФБ-да «митингке рұқсат алдық, ендігі сөз халықта!» деп жазба қалдырыпты. Онда «Қадірлі ағайын, осыдан біраз күн бұрын маусымның 30-ы күні астанамызда бейбіт митинг өткізу туралы қала әкіміне өтініш жазған едім. Бүгін әкімшілік шақырып, рұқсат беретінін хабарлады. Бұл да бір алға қойған мақсатымның орындалғаны. Митингіде халықтың мұң-мұқтажын, арыз-талабын айту. Халықтың көкейіндегісін билікке жеткізу болатын. Енді сол мүмкіндікке қол жеткізіп тұрмын» делінген..
Халықтың талап-тілегіне «биліктің иілуі» жақсылықтың нышаны, әрине. Президент Қ.Тоқаев сайлау алды уәдесінде тұрыпты. Халықпен диалогқа баруға дайын. Өте қуанышты хабар. Олай болса халықта уәдесінде тұруы керек, ынтымақпен, бірлікпен, бір-біріне кезек беріп, арандатушыларға ермей, ұйымдасқан түрде өткізсе құба-құп. Бақылушы полицейлер де өз орынын білуі тиіс. Өз берекемізді өзіміз алмай, кешегі Арыстағы төтенше жағдайдың елді есеңгіретіп тастағанын екі тарапта естен шығармағанын қалаймын. Бейбіт митингте, қордаланған мәселелерді нақты жеткізу керек екендігін көпшілік назарда ұстағаны абзал. Бос сөз, өкпе-реніш, ұрандату ол жерде қол емес.
Тек бір айтарым, осындай шерулерден ұйымдастырушылар «ұпай» жинауды көздемесе екен… Өйткені ұрандатып, жеме-жемге келгенде «құм қаптырып» кеткендерден аузымыз күйген халықпыз. Бізде саясаттың ығына жығылып, тотыдай түрленетіндер жетіп жатыр… Солардың қақпанына түсіп қалмасақ екен?!
«Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» демекші, бұл жолғы бейбіт шеруге рұқсат берудің астарында, жоғарыда сөз еткен Мұхтар Әблязовтың 6 шілдеге халықты көшеге шығуға шақырған үндеуіне жауап жатпасын! Өйткені халық арасында Әблязовты «пір» тұтатындар аз емес. Олар 6 шілде күні шеруге шығып жатса, оларды заңсыз деп қудалап, абақтыға қамап жатса, «мысық тілеулілердің» арманы жүзеге асып кетпесіне кім жауапты? Онсыз да жарылмай қалған «бомбадай» болып, булығып жатқан халықтың кенеттен «бұрқ» ете қалуынан Алла сақтасын!…
Қазаққа дәл қазіргі уақытта ең керегі ауызбіршілік пен ынтымақ. Егер бұл екі қасиет қазақтың бойынан жоғалса, азаттықтың құрдымға кетері сөзсіз!..
Еліміздің әр өңірін аралап жүріп, шеруге шығуды сәнге айналдырған әйелдер қауымын да кездестірдік. Киген киімдеріне, таққан әшекейлеріне қарап қиындық көрген, тарығып жүрген жан деуге келмейді. Бірақ елді арандатып, тынышын кетіруге бел шеше кіріскендері байқалады. Әкімдердің де жұмыс жасауына кедергі келтіріп, отырса — опық, тұрса — сопық қылуға дайын пиғылдары да бізді шошытты. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген осы шығар? Қылықтарына қарап отырып, «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» деген қисынға келер…
Иә, шынымен қиналып, тұрмыстық жағдайы шатқаяқтап отырған отбасылар жоқ демейміз. Бар. Ел болғасын ондай көріністердің әр жерден қараң ете қалатыны жасырын емес. Бірақ олардың күйбең тірліктен қолдары босамайды. Солардың атын жамылып, қиналғандардың «қасынан табылып», бейшара кейіпке енген адамдарға не деуге болады? Шерулетіп көшеге шығудағы мақсаттары белгілі. Ол — билікті сынап-мінеу. Қолдан келсе қара күйе жағып, масқаралау! Сөйтіп өздерінің мақсаттарына сатылап жету. Шынын айтайық, біздің халық тәубәшіл! Барға қанағат етіп отыр. Әлі де биліктің қамқорлығынан дәмелі. Егер олар түп көтеріле шеруге шықса, полицейің түгілі, қытай қорғаны да оларды тоқтата алмас еді… Сондықтан халықты арандатып жүрген «пысықайлар» бейшара кейіпке еніп, ұнамаған әкім-қаралардың үстінен арыз-шағым жазып, бықсыған қоламтаның үстіне отын тастап әуре. Біз білетін қазақ «баласының атын айтуға» тіл мен көзден жасқанатын. Сұраған адамға, «екі-үш қара жүр ғой» деп немқұрайлы айта салатын. Қазіргі кейбір арсыз әйелдер ер азаматтардың жағасына жармасып, «бәлен балам бар» деп бұлдайтын кезеңге жеттік. Бұл да заманның өзгергенін, ұлттық құндылықтардың табанға таптала бастағанынан хабар беретіндей…
Әрине, биліктен әділдік талап етеміз. Әділ болу міндеті де. Бірақ сол — әділдік, жемқорлық, жанашырлық деген нәрселердің салыстырмалы дүниелер ғана екеніне бәріміздің көзіміміз жеткен жоқ па?! Іздеп жүргеніміз қай әділдік? Өзімізде жоқ әділдікті біреу алып кеп бере ме? «Ойдағы бағаны базардағы нарық бұзыпты» дегендей, шынайы аxуалды (реальность) қайда қоямыз. Мансапқа барғанда әділдікті ту етер ұрпақты өзіміз тәрбиеледік пе? Соны талап етіп отырған өзіміз сұмдық әділміз бе? Ия, біз ояндық, бірақ ойланғымыз келмей жатыр.
Осы жерде Мұхаметжан баламның мына бір басу сөзіне тоқталғым келіп отыр. «…Әйтсе де айтайық, әлемдегі қай сайлау мінсіз, қай сайлау даусыз өтіпті. Алпауыт топтар, апайтөс күштердің ықпалы артып, мүмкіндігі зорайған сайын қалаған адамын патша етіп, қалаған патшаның паршасын шығарып жатқанын жылда көзіміз көріп отыр. Қаласа қараны, қаласа баланы таққа отырғызып, азғынға «оскар» беріп, қатынды боксер қылып, білгенін істеген бір заманға ісіміз түсіп тұрған жоқ па? Геноцид көрмеген, ұлтының мұрты бұзылмаған, тариxы тамырлы, дәстүрі қадірлі болған талай елдердің тағдыры қалай шайқалғанын бүге-шігесіне дейін біліп отырмыз. Төңкерілген қазанның астында қалып, аман шыққан жетім бала секілді қазақтың көзге түсіп, қарны тойып, ұйқысы қанып, ұлт екені есіне түсіп, етегін жия бастағаны білген пендеге Алланың раxымы емес пе?».
Әйтседе билік шектен шығып бара жатса бейбіт шеруге шығып, халықтың мұң-мұқтажын айтуға конституциялық құқы бар. Оны басып-жаншу — демократиялық құндылықтарға қарсы шығумен пара-пар дүние! Алдағы уақытта Қазақстанда азаматтардың көшеге шығып, наразылығын білдіруге рұсат беретін арнайы заң қабылданады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» басылымына берген сұқбатында айтты. Келешекте заң әзірленіп, қазақстандықтарға көшеге шығып, өз пікірін білдіруге рұқсат етілмек. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, күні ертең шеру жайлы заң қабылданып жатса, халықты шығандағы ипподромға, болмаса қаланың бір елеусіз қалтарысына топтасуға рұқсат бере ме деген күдігім бар. «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кебі ғой менікі. Ондай атты күн туса, жан айқайыңды жапан дала мен көк аспан ғана тыңдамақ….

 

ҚАРА ТОБЫРДАН ХАЛЫҚҚА АЙНАЛМАЙ, ТЕҢДІК ОРНАМАЙДЫ

Түйін:

Қазақта «жығылғанға жұдырық» деген тәмсіл бар. Бұны тігісін жатқызып тәпсірлесек, қажыған, әбден шаршаған адамның басына тағы бір қиындық туып тұр дегенге саяды. Қазір елдің бәрі билікті сынауға құмар. Оған сыртқы күштердің де ықпалы зор. Халықты шеруге шақырып, шерін тарқатып жатқандардың көбісінің аңсағаны бүлік! Көксегені — билік! Ақиқат таразысына салсақ, ішінде дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Бүгінгі Тоқаев басқарған билікке Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыста «Жығылғанға жұдырық» болып тұр. «Айран ішкен құтылып, айран жалаған тұтылған» заманға тап келген Тоқаев Үкіметі сын сағатынан сүрінбей өтсе, елдің еңсесін көтерер игілікті істерге жұмыла кіріссе, бүгінгі қиындықтың бәрі артта қалары анық. Ол үшін халықпен бірге болуға, олардың тұрмысын жақсартуға қазақ билігі барын салуға тиіс. Шеруге шыққандарды абақтыға тоғытуда, айыппұл салуда жеңіс емес. Керісінше, абақтыға тоғытылғандар саяси жағынан «жетіліп», ашу-ызалары кекке ұласпасына кім кепіл! Сөз басында айтқанымыздай, демократия «айдынына шомылып келген» Президент Тоқаев, сынға сынатын, мақтанға құлдық ұратын адамға ұқсамайды. Тек, маңайында жүрген кейбір қулардың құрығына түсіп қалмаса екен деп тілеймін!
Жазушы Мамытбек Қалдыбай Бауыржан Момышұлы туралы естелігінде батырдың күйзелген шақтағы толғанысын былайша беріпті. Ойсыздық — азап пен мазақтың ми батпағы. Алыс елдерді айтпай-ақ қояйын, көрші өзбек еліне зер салшы. Онда қара тобыр жоқ, халық бар. Оларда отарды шөбі шүйгін өріске бастайтын серкедей ақылды басшы бар. Ал бізде қалай?….
…Менің бірінші дәлелім, қазақ бірін-бірі күндеп, бір-бірінің аяғына тұсау салуға құштар. Екінші дәлелім, кімнің кім екенін сезіп, лайықты адамды таңдап тауып, қолдамайды. Сол себепті, ұлттық дәрежеге жете алмай жүр. Ұлттық дәрежеге жетпейінше қазақ білімді халық атана алмайды. Ол өзінің тұлпарын өзгенің есегіне, өзінің бұлбұлын өзгенің қарғасына, өзінің сұңқарын өзгенің сауысқанына өзінің аққуын өзгенің шүрегей үйрегіне, өзінің данышпандарын өзгенің мылжың ақымақтарына айырбастаса, ол қандай халық, қандай сауатты ұлт? Сондықтан халыққа айналып, ұлттық дәрежеге жетпейінше қазақтың надандығы ешуақытта жоғалмайды. Мұның бәрі басымыз бірікпей үш жүзге бөлінгеніміздің кесір-кесапаты. Бұл дертімізді нағыз тарихшылар анықтап, шипа-емімізді табуы керек. Егер қара тобыр халыққа айналса, қоғамда теңдік орнап, еркін ой ойлайтын ақылды, парасатты, көреген жандар көбейеді. Олар өзінің ғана емес, үрім бұтағының, немере-шөбересінің келешегі үшін ештеңеден тайынбай күрес жолына түседі. Жеңіске тек күрес жолында шыныққандар ғана жететінін пайымдайды….
Бауыржан Момышұлы кеңестік дәуірдің өзінде көрегендік танытып, бүгінгі қазақтың болмыс бітімін қалай дәл берген. Баяғы қазақ — сол қазақ. Ештеңе де өзгермеген секілді. Бір ғана артықшылық тәуелсіз ел болғанымыз ғана. Батыр атамыз айтпақшы, бүлікке бүйрегі бұрып тұратын қара тобырдан асып, қара тастай қайратты халыққа айналғанда ғана қоғамда теңдік орнайтынын естен шығармасақ екен?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *