ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ ТАРАТҚАНДАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгін Арыста апаттан кейінгі қаланың жай-күйі туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастамбеков, Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Биятов, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергеновтың қатысуымен брифинг өтті.

Брифингте сөз алған облыстық Төтенше Жағдай Департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов 24 маусымнан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, қазіргі таңда Арыстағы ахуалдың тұрақталғанын айтты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Ермиян Биятов қалада снарядтан тазарту жұмыстары ойдағыдай жүріп жатқанын атап өтті. «Арнайы үш топ үйлерді аралап, қала тұрғындарынан оқ-дәрілер бөлшектерінің табылуы жөнінде сауалнама жүргізді. Әзірге 142 үйдің тұрғындарымен оқ-дәрі тапқан жағдайда не істеу керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деді полковник.

Сондай-ақ брифинг барысында жалған мәлімет жариялаған үш азаматтың жауапқа тартылғанын атап өткен Алмасхан  Тастамбеков тұрғындарға өтірік ақпарат беріп, елді дүрліктірмеуді өтінді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі