Жамбылда волонтерлық қозғалыс белсенді жүргізілуде         

Жамбыл облысында 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалған, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агентігі.  Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңесте айтылды. 

Облыс әкімдігінің өткен жылғы 14 наурыздағы №52 қаулысымен «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспар бекітілгені белгілі. Жоба аясында 1 800 волонтер (Тараз қаласы- 550, аудандарда- 1250) облыстағы 250 мыңға жуық отбасыларын (Тараз қаласы- 89299, аудандарда- 159545) аралай отырып, арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтырған. Олардың сауалнама толтыру әдісіне арнайы оқытылуы ұқыптылық пен мәселеге байыппен қарай алуына ықпал етері анық. Аулаларды аралау жұмыстары үстіміздегі жылдың 25 наурызында басталып, бүгінде толық аяқталған. Қорытынды нәтижесінде анықталған мұқтаждықтар саралана отырып, Тараз қаласынан басқа 10 аудан бойынша облыстың әлеуметтік картасы әзірленген екен. Мұны сөз етуіміздің сыры  биылға волонтерлердің әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталғандығында жатыр.

Жалпы, жобаны іске асыруға 15 миллион теңге қаржы қаралған екен. Бұл қаржыға Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені (Төле би көшесі 74 «Б», Ленин көшесі 97 «А», Бәйдібек би көшесі 1 «А») ашылып, қажетті жабдықтар (арнайы сөрелермен жабдықтау, тазалау құралдары, т.с.с.) алынған көрінеді. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылыпты. Жыл басынан бері аталған дүкендер арқылы 752 отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек таратылған. Сол сияқты, жоба аясында волонтерлердің ықпалымен облыс бойынша 609 отбасына 3,2 миллион теңгеге азық-түлік сатып әперу арқылы көмек көрсетілген.

«Қызыл жарты ай» қоғамдық қоры- 754 келі болатын киім-кешек түрінде гуманитарлық көмек көрсетсе, қайырымдылық жәшіктерінен — 500, азаматтардан — 300 келі киім-кешек алынған. Жалпы алғанда – 1 554 келі киім-кешек жиналған. Олардың 800 келісі мұқтаж отбасыларға таратылыпты. Сонымен қатар, волонтерлер тарапынан төтенше жағдайлар орын алу барысында да жұмыстар атқарылады. Сөзіміздің дәлелі Арыс қаласындағы оқыс оқиға орын алғанда осы еріктілер тобы қол ұшын созыпты.

  • Ағымдағы жылдың 25 маусымында сағат 9.00-де Арыс қаласында орын алған жағдайға байланысты «QamQor» қайырымдылық дүкені Жамбыл облысы мен Тараз қаласы тұрғындарынан гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ашқан болатын. 25-26 маусымда осы дүкендегі заттар арқылы Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен 67 адамға көмек берілді. Сонымен қатар жарылыс кезінде зардап шеккен адамдар орналастырылған №13 Теміржол колледжіне де гуманитарлық көмек көрсетілді. Гуманитарлық көмек ретінде киім-кешек, гигиеналық заттар және азық-түлік үлестірілді. Бұл жамбылдық жастардың ілкімді істерінің бірі ғана,- дейді облыстық Жастар орталығының директоры Б.Мөрбеков.

Волонтерлер «Тағзым» жастар акциясы аясында «Тектұрмас» киелі орнында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Ардагерлерді ардақтайық!» атты жастар акциясында егде кісілердің үй шаруашылығына қолғабыс етуі ізгілікті іс. «Жанашыр азамат» волонтерлік клубы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйлеріне көмек берсе, «Жастар жүрегі» волонтерлік клубы №1 қарттар үйіне «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» қайырымдылық концертін ұйымдастырған. «От сердца к сердцу», «Жүректен жүрекке» волонтерлік топтары 6 мекемеде патронаж жұмыстарын әлі де жүргізуде. «Харекет» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып Т.Рысқұлов, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында 3 мұқтаж отбасына пәтер сыйға тартылған.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.