Жамбылдық жастарға қолдау азаймайды  

  Елімізде Жастар саясаты жүйелі жүзеге асып жатқаны айқын. Оған дәлел, жер-жерлерде жастар ресурстық орталықтары тірлігін тіктеп, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да бағдарын табуда. Дегенмен, жастарға деген демеуді  азайтуға  болмайды. Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен өткен кездесуде айтты. 

— Кез келген мемлекет  келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болған және бола береді. Биылғы Жастар жылының аясында  қолға алынған тың бастамалар кейін де жалғасын табады.

Ұрпақтың лайықты білім алуы, жалақысы еңбегіне сай болуы, баспанаға қол жеткізуі, бәрі – мемлекеттің назарында. Тағы бір өзекті мәселе – жастар үшін ашық әлеуметтік лифт қалыптастыру. Ол үшін  менің тапсырмам бойынша  «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады. Оған арнайы байқау арқылы  ең үздік 300 жас маманды іріктеледі. Әрине, жас басқарушылар легі  мұнымен шектеліп қалмайды. 

Білімді және елге еңбек етуге дайын, дарынды жастарды тауып, мемлекеттік қызметке араластыру керек. Қазақстанда ондай жастар жеткілікті. Тек «Болашақ» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам жас  әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып келді. Бүгінде олар  еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр.   Білімді, дарынды, еңбекқор жастарға  елімізде барлық жағдай жасалғанын көрсете білуіміз керек. Әкімдіктердің жанындағы Жастар кеңесі олардың қызмет бабында өсуіне  қажетті баспалдақ болуы тиіс.   Біз  мемлекеттік қызметте ғана емес, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, бизнес және басқа да салаларда  дарындардың дара шығуын қолдаймыз.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында  жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қолдау табады.  Жұмыс берушілердің  әлі тәжірибесі жоқ жастарды   қызметке алуын ынталандыратын  тетіктер жасалады.  Осылайша, еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа  жан-жақты қамқорлық жасауды жалғастыра береміз. 

    Президент ретінде  мен үшін басты міндет – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Мемлекеттік биліктегі біздің қағидамыз: Күшті, құзыретті Президент. Ықпалды, қабілетті Парламент. Есеп беретін, кәсіби Үкімет.

Халқымызды мазалайтын стратегиялық мәселелер қоғам пікірін ескере отырып, қажет жағдайларда  референдум арқылы шешімін табуы керек.

Міне, осы міндеттерді орындау үшін жұмыс істейміз!

Маңызды істерге  елдің әрбір тұрғыны белсене атсалысады деп сенемін.

Облыс әкімі  осы міндеттерге баса мән беріп, нақты шаралар қабылдау үшін  Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек, — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында жамбылдық жастардың атынан сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстықтық филиалы жанындағы  «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығына айрықша тоқталып, ұсыныс-тілегін жеткізді.

— Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. Бұл Тұңғыш Президентіміздің жастарға деген үлкен қамқорлығының айқын көрінісі. Осыған сәйкес жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтылуына елеулі көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ өңірімізде жыл басынан «Қамқор» қайырымдылық еріктілер жобасы қолға алынды. Жоба аясында 2000-нан астам еріктілер 1000-нан астам отбасына азық-түлік, киім-кешек таратты. Үй шаруашылықтарына қолдау көрсетті. Мұнан кейін де бұл шара тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды. Дәл осындай дүкендер аудандарда да ашылып жатыр. Біз Сіздің «2020 жылды еріктілер қозғалысы жылы» деп жариялау туралы ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл еріктілерді жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын.

      Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өңірімізде жастар кәсіпкерлігін шыңдауға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Алдағы уақытта да жастарға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау арттырылса деген ұсынысым бар, – деді Уәлихан Болатбек.

Өз кезегінде Президент жамбылдық жастың ұсыныс қуаттайтындығын айтып, бұл бағытта нақты тапсырмалар беретіндігін жеткізді.

Төлен Дедек