Жанқош Тұраровтың қатысуымен өтетін бокс кешіне билеттер сатыла бастады

 

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраровтың (22-0, 15 нокаут) шаршы алаңға шықпағанына біраз уақыт болды. 6 шілде күні қазақстандық боксшы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасады. Сонымен қатар бұл күні чемпиондық атақ та сарапқа салынады. Тарихи бокс кешіне 12 000 көрермен келеді деген болжам жасалып отыр. Елордадағы бокс кешіне дүние жүзіне танымал спорт жаңалықтарын тарататын ESPN арнасы АҚШ, Канада, Пуэрто-Рико елдеріндегі 100 млн оқырмандарына, ал  iFL TV  әлемнің өзге де елдеріне тікелей эфирде көрсетеді.  Тұраровтан бөлек бұл кеште Нордин Оубаали мен Дэвид Оливер Джойс секілді әлемдік жұлдыздар да жұдырықтасады. Олар тиісінше жеңіл салмақтағы WBC нұсқасы бойынша және жартылай жеңіл салмақта WBO нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы атағы қорғайды. Сонымен қатар, рингке Сұлтан Зауырбек, Виктор Коточигов, Әли Балоев, Әбілқайыр Шегалиев, Нұртас Әжбенов және Абай Төлеш секілді еліміздің үздік боксшылары шығады. «Нұр-Сұлтанда 2019 жылы қала күнін атап өтуде бокс үшін айтулы күн болады. Бұған өз үлесімізді қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз», — деді MTK Қазақстан басшысы Асқар Салықбаев. Билеттерді kassir.kz сайтынан сатып алуға болады. Бағасы 1-20 мың теңге аралығында.

astana.gov.kz