«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің ұсынысы: Қазақтың қанымен, рухымен суғарылған киелі алаң аспан асты мұражайға айналуы тиіс!

Қазақ халқы орыс отаршылдарына қарсы 300-ден аса көтеріліске шыққан. Желтоқсан көтерілісі сол буырқанған көтерілістердің түйіні іспеттес. Қазір «Желтоқсан көтерілісі», «Киелі алаң» деп аталынып жүрген Тәуелсіздік бесігі Алматы қаласындағы сол алаңға 1986 жылы 16-17-18 желтоқсан күндері он мыңдаған қазақ көтеріліске шықты. Мәскеу, Қызыл империя көтеріліске атойлап шыққан қазақ жастарын бес қаруын асынған әскерін жіберіп, аяусыз жаншып, қанға бөктірді. Алаң сол күндері қазақтың қанымен жуылды. Бірақ Алаштың қайсар да батыр ұлдары мен қыздарының сағын сындыра алмады.


Солардың бірі — батыр ұлан Ерлан Декелбаев. Ол кезінде сотталды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ерлан бір Алламыздың аянымен осыдан он шақты жыл бұрын мына макетті жасап шығарады. «Алаң аспан асты мұражайға айналып, онда қазақ халқының бүкіл тарихы, өткені, тағдыр талайы, көтерілістері, шайқастары көрініс табуы тиіс», — деп ол армандады. Қаншама рет билікке ұсыныс түсірілгенмен ол арман орындалмай келеді.

Біз «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі (төрағасы кезінде өлім жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұлов, бірақ қазір тірі) Ерланның арманын қолдап, «бұл киелі алаң Аспан асты мұражайға айналуы тиіс!» деген ұйғарымға келіп, билікке ашық хат дайындадық. Қазір ол хатқа қалың ел қолдап, 10 мыңдай адам қол қойды. Қол қою жалғасуда қадірлі ағайын, бауырлар! Сіздер де бұл хатқа қол қойып, қолдауларыңызды өтінеміз.

Егер ойымыз жүзеге асса қасиетті де киелі алаңда орналасқан Аспан асты мұражай халқымызға, ұрпағымызға өлшеусіз ұлттық рух беріп, зор үлгі-өнеге орнына айналатыны ақиқат. Рамазан айы мүбәрәк болсын! Бәрімізді Аллам қолдасын!

Зор құрметпен,
«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің ұйымы