Жоба жемісі   «Бастау бизнестен» бағы жанғандар көп   

«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша былтыр 1003 адам шағын несие алып, соның арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары артқан. Өткен жылы бөлінген 4 миллиард 111 миллион теңге несие қаржат толық игеріліпті. Биыл да осыншама қаражат бөлініп, 1020 адамға несие беру жоспарланып отыр екен. Бұл туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында аталған бағдарламаның екінші бағытының облыста жүзеге асырылуы барысы хақында өткен брифингте айтылды.

– ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Еңбек нарығы тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адамға өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасау маңызды. Экономикалық өсу резерві өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар болып табылатынын ескеру қажет» деп атап өткен болатын. Осы орайда, бұл бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болғандықтан, оған қатысушы азаматтардың қоғамда қызығушылығы артып келетінін айтқым келеді. Себебі, бағдарлама оған қатысушыларды кәсіпкерлік дағдылар бойынша оқытып, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастырады және жұртшылықтың бизнес жобаларын сүйемелдеуді көздейді. Бүгінде осы бағдарламаның екінші бағыты негізінде бөлінген шағын несие қаражаты қаржы институттарына толығымен берілді. Атап айтқанда, 2 миллиард 466,6  миллион теңге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалына, ал 1 644,4 миллион теңге «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалына тиесілі. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қосымша республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып отыр, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанел Ілиясова өткен жылы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1 745 адам кәсіп ашудың қыр-сырын үйренсе, биыл 1 200 адамды оқыту жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Ахмедияр Айтбаев, «Қазагрогрант» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Әділет Қалабаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев, «Атамекен-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Қосалиев аталған бағдарлама аясында берілетін қаржы тетіктері мен шағын несие алуға қандай құжаттар керектігі жөніндегі мәліметтермен бөлісті.

Төлен Дедек