Рубрика: «Рухани жаңғыру»  және «Ауыл— Ел бесігі»   «Ауыл – Ел бесігі»: Қарағандының дамуында қарқын бар  

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын даярлады. Аталмыш жоба биыл Қарағанды облысына қарасты үш аудан орталығынан бастау алды. Ауылдарды дамытуға, жаңартуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жоба Ұлытау, Нұра және Жаңаарқа ауданында сәтті іске асырылуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында «Qazaqstan da’y’iri» халықаралық газетінің Директоры – Бас редакторы Сәуле Мешітбайқызының басшылығымен экспедиция құрамы аталған аудандардағы ауыл шаруашылығының даму қарқынымен танысып қайтты. Осы орайда экспедиция жұмысын тыңғылықты ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы және облыстың ауылшаруашылығы басқармасының басшылығына айтылар алғыс көп.

 

Аграрлы сектор – алға жылжуда

Жалпы, Қарағанды облысында Тұңғыш Президент – Н.Назарбаевпен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті жағдайлар қарастырылған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалуда.

Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өндіріс бойынша орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, облыстың ауыл шаруашылығы саласында 8513 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 7383 шаруа және фермерлік шаруашылықтар еңбек етуде. Ауыл шаруашылығы саласында 2017 жылы 246,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 101,6 пайызды құрады.

Аграрлық секторды қаржылай қолдау бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар саланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар туғызды. Көптеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттің қаржылай қолдауын іс-жүзінде сезініп, өндірісті жүргізудің жаңа технологияларын, еңбекті ұйымдастырудың инновациялық тәсілдерін енгізе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруды негізгі мақсаттар ретінде қарауда.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қолданылған жаңа тәсілдердің арқасында, облыс бойынша сатылып алынған элиталық тұқымның, минералдық тыңайтқыштардың және гербицидтердің көлемі артты.

«КазАгро» ҰБХ» АҚ-мен ұсынылған несиелік қаражаттарға «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық»  бағдарламаларының шеңберінде 2142 ірі қара, 1144 жылқы, 5162 қой сатылып алынды.

Асыл тұқымды ірі қара малын көбейту мақсатында Шет, Ақтоғай аудандарының «Мейрам» және «Нұрғиса», «Жігер» шаруа қожалықтары Ресей Федерациясынан 262 асыл тұқымды ірі қара әкеліп, өсіруде. Осакаров ауданының «Еңбек – 95» ЖШС-де 600 басқа сүтті-тауарлы ферма салынып, қолданысқа енгізілді. Швейцарлық «Делеваль» фирмасының қондырғысы орнатылып, Германия Федерациялық Республикасынан сементал тұқымды 200 бас аналық малы әкелінді.

Елбасының тапсырмаларына сәйкес, облыстың агроөнеркәсіп кешенінде АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында, өндіріс тиімділігін арттыру, ауқымды ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін молайту және тиімді мемлекеттік қолдауды жүргізу, экспорт көлемін көбейту бағытында жұмыстар атқарылатын болады.

Жаңаарқа қымызы – Гиннестер  кітабында

Экспедицияның «Ауыл— Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде бірқатар іс-шаралар іске асырылуда екеніне көз жеткіздік. Айта кетсек, аудан орталығының көшелерінің жолдары асфальтталып, кенттен шыға беріс жолдағы айналымға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, кент көшелері жарықтандырылып, аудандағы «Балдырған», «Ертөстік» балабақшаларына және кенттегі тұрғын үйлерді жылытатын төрт жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде өңірдің табиғаты мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, аудан тұрғындарының дені осы саладан нәпақа тауып отыр. Мәселен, ауданда 1 өндірістік кооператив, 3 ЖШС, 700-ден астам шаруа қожалықтары бар. Олар өткен жылы 22 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, аудан экономикасының еселенуіне елеулі үлес қосты. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне облыс бойынша алғашқы болып ауданның қой етін экспорттады. Одан бөлек, алыс-жақын шетелдерге 171 тонна сиыр еті, 26 тонна қой еті экспортқа шығарылды. Биылғы жылдың жоспарында 195 тонна ет экспорттау керек болса, өткен жеті айда біз межелі жоспардың 64,6 пайызын еңсерілді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін жаңғырту бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында тың жобалар қолға алынып жатыр. 2020 жылдан бастап Бидайық селолық округіне қарасты «Қарамола» магистральдық каналын жаңғырту арқылы 1117 гектар суармалы егістік алқабы айналымға енгізілмек. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаражатқа сұраныс жасалды. Сонымен қатар, осы жылдың өткен 7 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24 млрд. 790,7 млн. теңгені құрап, межелі жоспар 5 есеге артық орындалды.

Жаңаарқаға келгенімізде «Ауыл— Ел бесігі» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен аудан әкімі Юржан Бекқожин қарсы алды. Әңгіме барысында жақында өткен Жаңаарқаның 90 жылдығындағы «90 жылдыққа – 90 игі іс» бастамасының бірі Қазақстанда алғаш рет қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнатылғанын тілге тиек етті. Бұл жетістікке Жаңаарқа ауданының тұрғындары ауданның 90 жылдығын және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын тойлау барысында қол жеткізіпті. Аудандағы қос мерейтой үлкен ауқымда атап өтілген екен. Осылайша жаңаарқалықтар туған өлкесін әлемге танытып, балдай қымызын халықаралық сарапшылармен бірлесіп ресми түрде рекордтар кітабына тіркетіпті. Ерекше шараға ауданның 12 ауылдық округі мен екі кентінен жиналған 1000 адам қатысып, бір уақытта 10 мың литр қымызды күбіге құйып, бір уақытта піскен.

– Мен бұл рекордты жазу үшін арнайы Кубадан ұшып келдім. Ол дайындалған сусын көлемі, акцияға қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыстар бойынша саналады. Бізде түрлі рекордтар көп, бірақ осындай алғаш рет жасалып отыр. Барлығын тексердік, өлшеп қойдық. Бір ай ішінде осы рекордтың нәтижесі біздің сайтта жарияланады, – депті Гиннес рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас. Өкілдер мерейтой күні Жаңаарқа ауданының  әкімі Юржан Бекқожинге рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етіп, мерейтоймен құттықтапты. Мерейтойға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзінде:

– Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқы көп нәрсені бастан кешірді. Сол кезде халық мүддесін қорғаған ұлы қайраткерлердің бірі Сәкен Сейфуллин болатын. Сол бір қиын-қыстау заманда көптеген қазақтар өз өмірін Отан үшін беруге дайын болатын. Біз осы бір ержүрек батырларымызды мәңгілік есімізден шығармай, болашақ ұрпаққа олар туралы айтып отыруымыз керек, – деді.

Рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков те Жаңаарқаның қымыз бойынша орнатқан жетістіктігін қайталау оңайға түспейтінін айтыпты. Өйткені,  халық тұрмысының көне заты қазіргі заманда сирек кездесетінімен қатар 1000 күбіні жинау оңай емес.

Атасу кентінен үш шақырым жерде орналасқан Қарауылтөбеде жалғасқан тойға 60-тан астам киіз үй тігіліп, әртүрлі алаңдарда қазақ күресі, аударыспақ, қол күресінен сайыстар және ат жарыстары өткен.

Халықаралық этнографиялық туризм орталығы – Ұлытауда

Жаңаарқадан соң сапарымыз Ұлытау ауданына бағытталды. Ұлытау ауданы – тек облыста ғана емес, республика аумағында өзі деңгейлес әкімшілік бірлестіктер арасындағы жер көлемі жағынан ең ірі өңір санатында. Экономика мен руханият саласы қатар дамып келе атқан ауданда қазіргі таңда туризмді дамыту бағдарламасы аясында   туристерге арналған визит-орталығы құрылмақ. Бұл туралы жақында  «Ұлытау — 2019» Халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап  өткен болатын. Этнотуризмді дамытуға, туристерді қызықтыратын нысан қалыптастыруға қатысты ойын ортаға салған Президент Ұлытаудың киелі жерлері туристерді өзіне тартып тұратын нысанға айналарына сенім білдірді.

–Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ел игілігіне айналды. Аудан орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді елдің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа таныстырудың жаңаша жолын ойластыру керек, – деген болатын.Ұлытауда халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиістілігін ескертіп, Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында жұмыстарды дереу бастау жөнінде тапсырма берді.

– Қазір біздің өңірде туризмді дамыту бағдарламасы әзірленуде. Негізгі жоба – туристерге арналған визит-орталығын құру, – дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Лейла Бақытова.

Директордың айтуынша,  сапар орталығына ақпараттық блок, экспозициялық зал, қалпына келтіру шеберханасы, кітапхана, сондай-ақ сақтау камералары, 30 орындық жатақхана және асхана кіреді. Бұл құрылыс туризмді дамыту бойынша «Ұлытау» қорық-мұражайының Үлкен жобасының бірінші кезеңі ғана. Ұлытауда пайда болатын келесі нысан —  этноауыл.

Мұражай-қорық қызметкерлерінің айтуынша, соңғы екі жылда ауданға келетін туристер саны екі есе артты. Бұл көрсеткіш одан әрі өсуі мүмкін.

– Егер 2017 жылы біздің қорық-музейге 11 мың адам келсе, соңғы екі жылда олардың саны 24 мыңға жуық болды. Адамдарға біздің тарихымыз, аймақтың киелі жерлері туралы көбірек білу қызықты. Бірақ, өкінішке орай, кейбір мәселелер бар. Ол жолдардың нашарлығы, қоғамдық тамақтану орталықтары және қызмет көрсету, – деді «Ұлытау» ұлттық тарихи — мәдени және табиғи мұражай-қорығының сәулет бөлімінің бастығы Баян Шайғозова.

 

«Жарасбаев Ерболат» шаруақожалығында – «Qazaqstan da’y’iri» 

Экспедиция жұмысын жалғастырған Ұлытау ауданы кәсіпкерлік  және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Сайлауұлы аудан бойынша асылдандырудың селекциялық жұмыстарына атсалысып жүрген «Жарасбаев Ерболат» шаруақожалығына апарды.

Ерболат ағаның үйіне ат басын бұрғанымызда «Qazaqstan dauiri» газетіміз алдымыздан шықты. Газетімізді үзбей оқитын оқырманымыз Ерболат аға өзінің шаруақожалығы жайында айтты.                – 1991 жылы 30 қой және 4-5 сиырмен жаңадан шаруақожалық  аштық. Кейін «Сыбаға» бағдарламасының жеңілдіктерін алдық. Биыл Ұлытау ауданының атынан Астанаға 30 тонна ет өткіздік. Қазіргі таңда шаруақожалығымдағы қойдың саны – 500, ірі-қара – 500, жылқыдан 300 бас бар, – дейді шаруақожалықтың жетекшісі Ерболат Жарасбаев.

Бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 жылға – 6 пайызбен несие алған Ерболат аға Ресейден сиырдың герефорд түрін алдыртып, етті бағыттағы мал түрін өсіріп отыр. Шаруақожалықтың басшысы ««Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында шаруақожалығы иелеріне кепілсіз несие алуға мүмкіндік жасалса немесе несиені 6 пайыздан төменге берілсе, сондай-ақ, Ұлытауға мал өнімдерін өткізетін ет комбинаты керек»,– дейді.

Қазіргі таңда «Жарасбаев Ерболат» шаруақожалығының жұмысын жіті жүргізіп отырған жетекшінің ұлы Ералы шаруақожалыққа заманауи технологияларды мықтап тартуда екенін айтты.

Ұлытаудан қайтарда аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев «ресми дерекке жүгінсек, Ұлытау өңірінде үш жүзден астам тарихи-мәдени жәдігер жатыр. Оның көбісі ықылым заманның ғажайып мұрасы, сан ғасыр қойнауынан сыр шертетін ұлт шежіресі» екенін айтты. Өңірде туризмді дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқанын  тілге тиек еткен аудан әкімінің орынбасары келер жылы Ұлытауда пайда болатын этноауылмен таныстырды.

Жезқазғанның №8 мектеп-гимназиясы

Ұлытаудан Жезқазған қаласына барғанымызда Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова қарсы алып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан Жазушылар одағының және Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының мүшесі, қоғам қайраткері Зинаида Чумаковамен жүздесіп, ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынас үлгісін үйлестіретін өнегесі жөнінде сыр-сұхбат құрған едік. «Қазақтың киіз үйінің ошағы – мейірім мен шуақтың қайнары. Одан тараған баға жетпес жылуды қиын-қыстау шақтарда кәрістер, немістер мен поляктар, шешендер мен ингуштар, басқа да көптеген ұлттардың өкілдері жан-жүрегімен сезінді» деген Аналар кеңесінің төрайымы «Qazaqstan dauiri»-нің кезекті санына әсерлі сұхбат беретінін айтты.

Жезқазғанды аралаған күні қаладағы көрнекті білім ошағы №8 гимназиясының директоры Сара Әбдікерова басшылық ететін білім ошағына аялдадық. Мектептің қыздар ұжымы, оқушылары «Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің Директоры – Бас редакторы Сәуле Мешітбайқызымен сырлы сұхбат жүргізді. Қоғамдағы қыз тәрбиесіне кеңінен тоқталған редактор мектеп ұжымының ары қарай дамуына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, Сәтбаев қаласына барғандағы сапарымызда Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Марат Бапов қаланың даму қарқынына тоқталды.

«Ауыл— Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан жұмыстарды атап өтіп, жыл бойы Сәтбаев қаласында 39 жәрмеңке өтіп, оған 150-ден астам кәсіпкерлер атсалысқанын айтты.

Аяулым СОВЕТ,

ҚАРАҒАНДЫ – ЖАҢААРҚА – ҰЛЫТАУ – ЖЕЗҚАЗҒАН – СӘТБАЕВ – ҚАРАҒАНДЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.