Рухани жаңғыру Мойынқұмда мұражай ашылды
Өткеніңді білмей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Бұл қай дәуірде де өз құнын жоғалтпаған қағидат. Елбасы да «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында осынау құндылықтарымызды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу ар алдындағы парызымыз екенін баса айтты. Ал өткеннің өшпес іздері мәңгілікке мекен тапқан орын – ол әрине мұражай.
Мойынқұм аудандық музейінің кірпіші 1973 жылы қаланып, бүгінгі күнге дейін қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Мұражайдың атауы 1978 жылы «Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы шопандар тұрмысы мен еңбегінің тарихи музейі» деп аталса, кейіннен «Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейі» деп ауыстырылды. Музейде ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертетін 6530 жәдігер жинақталған. Мұражайға келушілер ең алдымен Жаз-атаның бейнесі, өмір жолы мен өлкенің тарихы және көрнекі орындарымен таныса алады. Әсіресе суретші Заңғар Медетбековтің қолынан шыққан Жаз-атаның жайлаудағы бейнесі, Қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек пен Керей ханның ат үстіндегі болмысы, табиғат диаграммасы мен «Жайлаудағы той» туындылары сөзсіз келушілердің таңдайын қақтырады.
Жаз-атаның арнайы бұрышында «Еңбек Ері» атағына берілген қос жұлдызы, әр жылдардағы суреттері мен құжаттары, шопан таяғы, «Ұрпаққа ұлағат» атты кітапшасы, 80,90,100,110 жасқа толуына орай шығарылған төсбелгілері, жеке бұйымынан костюм шалбары, шапаны, құндыз бөркі, 80 жастық мерейтойына тарту етілген сыйлықтары мен Қуанышбаевтың өзі жатқан төсегі қойылған. Сондай-ақ мұнда көзі тірісінде түсірілген қысқа метражды деректі филімді де көре аласыз.
Табиғат бөлмесінде ауданның аң-құстары, өсімдіктері мен қызыл кітапқа енген жануарлары жайында танысуға болады.
Археологиялық бөлмедегі Бірлік ауылының маңындағы «Төрткүл» қалашығынан табылған қыш құмыраның сынықтары, керамика түрлері, құмыра, табақ, жебенің ұштары, қол шоқпар, кісе белдік сынды көне бұйымдар музейдің ажарын ашып тұр.
Мойынқұм мекені жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған топырағы болғандықтан ұлы ақынның суреті мен өмірбаяны, Көкірек руынан шыққан Биназар батыр хақындағы деректер, Қылышбай ақын туралы мағлұматтар және «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі сомдалған дүниелерді де музейден табуға болады.
Ежелгі тас дәуірі адамдарының еңбек құралдарын пайдалану мен өңдеу тәсілі, палеолит және неолит дәуірінің еңбек құралдары, сақтар заманының кешенді заттарының көшірме суреттері, ұсталық және аңшы бұйымдары, кісен, қырықтық, тіс ағаш секілді жер өңдеу құралдары да мұнда қойылған.
Жазылбек Қуанышбаевтың шәкірттері «Еңбек Ерлері» Ділдаш Итбасова мен Құдайберген Біртаев, қойды жедел қырқудан аты аңызға айналған Шотай Тайбағаров жөніндегі тың деректер де бір сөреге орналастырылған.
Ауданның экономикасын өрістетуге елеулі үлес қосқан «Еңбек Ері» Шоман Шәріпбаев, Шынжарбек Өскенбаев, Кәрім Шалабаев, Көпбай Тоқбаев, Сәмет Көшеков, Құрманәлі Дайырбеков сынды тұлғалардың да өмірі мен еңбек жолы мұражайдан көрініс тапқан.
Этнография бөлімінде тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер, мал шаруашылығының өркендеуі мен дамуына арналған дүниелер жинақталған.
Міне, осындай құнды жәдігерлер келушілердің көзайымына айналып отыр. Енді жуырда Биназар ауылынан тағы бір «Өлкетану» мұражайы ашылып, мойынқұмдықтарды қуанышқа кенелтуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында лентасы қиылған музейдің кірпіші елді мекендегі О.Жандосов атындағы орта мектептің қабырғасынан қаланған. Нысанның ашылуына аудан әкімі Мәден Мұсаев арнайы қатысып, жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы үш бөлмелі мұражай «Ауылым алтын бесігім», «Ауылымның еңбек ардагерлері», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Ауған соғысы ардагерлері» және «Батыр аналар» атты бөлімдерге бөлінген. Онда Социалистік Еңбек Ерлері Құдайберген Біртаев пен Шоман Шәріпбаевтың өмір жолдары мен ерлігі ерекше көрініс тапқан.
Мұражайға қойылған құнды мәліметтер мен жәдігерлер ауыл тұрғыны, ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болған Айман Зенәділованың жеке қорынан алынған. Алдағы уақытта олардың қатары көне заттар, тарихи бұйымдар, сарғайған хаттар және суреттермен толыға түспек.
Төлен Дедек