РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ҒАЙЫП ЕРЕН ҚЫРЫҚ ШІЛТЕН
«Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты Елбасымыздың ұлттық бағдарламасына сәйкес, ұлттық мүдде тұрғысынан бірінші Алла деп, екінші «Ғайып Ерен Қырық Шілтендер» жайлы зерттеу еңбегімді Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім:
Күні бүгінгі дейін әлем тарихшыларының да, қазақ тарихшыларының да мәні мен мағынасы жөнінде бір тоқтамға келе алмай жүрген сөзі — Ғайып Ерен Қырық Шілтен. Әңгімеміздің басын солардың сөзінен бастайық: 1. «Ғайыперен қырық шілтен – арабтың, көне түркінің және парсының сөздерінен құралған ғажап тіркес. Арабтың «ғайыбы» «жоқ болып кету», «көзден тасалану» деген мағыналарда жұмсалады. «Шілтен» парсы тілінде «қырық тән немесе қырық дене» деген ұғымды білдіреді. Бұған қоса, мынадай да діни жорамалдар бар. Жалпы, әулиеліктің жеті сатысы бар. Оның ең жоғарғысы – құтып, екінші сатысы – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы – Ғайыперен қырық шілтен болып саналады. Қырық шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Әулиелердің ұлықтары Ғайыперен қырық шілтенмен бірігіп, Жаратқанды ұлықтап намаз оқиды екен» (Уикипедия).
Уәж: Қазақтың Атам заманнан бергі күнделікті қолданыста жүрген өз сөздерін өзінікі деп, айтуға да білімдері жетпеген. Сіздерден ешкім бұл сөздердің парсыша, арабша аудармасын сұраған жоқ. Олай болса, қазақтың барлық киелі сөздерінің аудармасын беріңіздер?
2. «Көшпелі халықтардың батырлары пір тұтып, сыйынатын исламға дейінгі көне рухтардың бірі — Ғайып ерен, қырық шілтен. Көне наным бойынша көзге көрінбейтін, шілтен деп аталатын қырық нөкері бар адамдарға көмектесіп жүретін рух» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан).
Уәж: Ұлы Аталарымыздың рухы (аруағы) деп атауға білімдері жетпеген.
3. «Ғайып ерен — мұсылмандар арасында сопылық ілім ықпалымен тараған түсінік бойынша, ерекше қасиеттерге қол жеткізген әулиелер. Қазақ фольклорының кейіпкерлері әдетте Құдаймен қоса «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ғаусыл- ғиас», т.б. әулие-пірлерді рухани көмекке шақырады. Мысалы, «Алпамыс батыр» эпосында әулиелердің кереметі
«Сол уақытта батырға,
Атса, мылтық өтпеді,
Шапса, қылыш кеспеді —
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Қолтықтан сүйеп, демеді» деп жырланады. Бұл түсініктің түп-төркіні сопылық ілімде жатыр. Ол бойынша дүниеде әулиелер иерархиясы бар. Солар арқылы Алла тағала жер бетіне билік жүргізіп, адамзатты жетілдіруге ықпал етіп отырады. Олар рухани билікке көтеріліп, құпия заңдылықты игерген. Әулиелердің әр тобының өз қызметі, тапсырмасы болады. Ғайып еренге жататын әулиелер көбінесе өздерінің құпияларын көпшіліктен жасырын ұстайды. Ғайып ереннің негізгі сипаты және мақсаты — жанашырлық танытып, адамдарға әрқашан көмекке келу, рухани жолға түскендерге жол сілтеп, бата беру, жолаушыға, қысылған адамға қол ұшын беру, т.б. Қыдыр (Хизр) да Ғайып еренге, оның ішіндегі қырық шілтенге (абдал) жатады. Қазақта «қырықтың бірі — Қыдыр» деген сөз бар. Қыдыр — қырық шілтенді басқаратын кейіпкер болуы да мүмкін. Бұқаралық санада бұл түсінік өнделіп, көркемдік қиялға ұласып жататынына қарамастан, ислам ойшылдары (мыс.: ибн Араби) Ғайып ерен идеясын жокқа шығармаған» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан).
4. «Ғайыперен қырық шілтен діни – көзге көрінбей келіп, қысылған шақта демеу беретін пір» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі).
5. «Ғайып ерен қырық шілтен — діни. Мұсылмандарды жебеп, қолдап жүретін, көзге көрінбейтін киелі бейнелер» (І. Кеңесбаев. «Фразеологиялық сөздік» 177 бет).
6. «Қызыр, Ілияс, Қырық шілтен. Балама менің назар сал. (Қыз Жібек).
7. «Әулие аруақ көтеріп, Ғайып ерен, қырық шілтен қорғасын» (Бата).
8. «Ғайып ерен — Қырық шілтеннің біреуі деп,
Кең ойлы кемеңгерлер межеген-ді» (Шоңбай Жұбанұлы).
9. «Ғайып ерен қырық шілтен» туралы әңгімелер құпия құбылыстардың бірі (Ә. Қабаев).
Уәж: Ата-бабамыздың шынайы тарихын сопылық ілім тұрғысынан зерттеген жандарға ешқандай құпиясы жоқ.
10. «Ғайып ерен қырық шілтеннің тікелей өмірге келуіне әл-Фарабидің тетелес замандасы арабтың аса көрнекті ғұламасы әл-Газали себепші болыпты: «Ғайып ерен – (ғайып ирен) мағынасы, шығу тарихы тіпті күңгірт. Ол он үш-он төрт жасында Индиядан араб елдеріне білім іздеп шығады. Әкесі бір соғыс кезінде Индияға қашып барған араб екен. Арабияны өз отаным деп есептейді. Жолда керуені қырық қарақшыға жолығады. Ақша талап етеді. Керуендегілер ақшасын жасырады, әл-Газали бір тиынын қалдырмай, қалтасынан шығарып береді. Таңырқап себебін сұрайды. Анам: «Құдайдан қорық, адам баласына қиянат жасама, өтірік айтпа, адалдан мал тап» – деген. «Өсиетін орындап тұрмын» – дейді. Бұл сөз қарақшыларға қатты әсер етеді. «Мына қаршадай бала тегін болмауы керек. Біз құдайдан қорықпаймыз, адамдарға қиянат жасаймыз, өмір бойы өтірік айтып, арамнан мал тауып жүрміз. Кішкентай бала құрлы бола алмадық-ау» – деп, өзара күңкілдеседі. Бәрі ақылдаса келіп, әл-Газалиден бата сұрайды. Батасы қолма-қол қабыл болады. Керуендегілердің көз алдында әлгі қарақшылар құс сияқты пыр етіп ұшып кетеді. Содан бастап «ғайып ерен қырық шілтен» атанады. Оқиғаның болғанына мың жыл тола қойған жоқ» («Жас алаш» газеті 1991. 21 желтоқсан).
Уәж: Біріншіден, Ғайып Ерен Қырық Шілтендердің дүниеге келуі Әл-Фараби (870-950) заманынан сан мыңдаған жылдар әрі де болған. Себебі, ең көне жырлар: қазақтың «Алпамыс батыр», қырғыздың «Манас» жырында Қырық Шілтендердің батырларды үнемі қолдап жүретіндері айтылады.
Екіншіден, «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» атауының бұлай дүниеге келуі еш ақылға симайды.
11. «Ғайып ирен» – жабайы аң деген ұғымды білдіреді. Кейін осы пікірін анықтап қайберен (қайып ерен) қабаннан басқа еті жеуге келетін жабайы аңдардың жалпы атауы. …Шілтен – санадан тысқары күшке ие, көзге көрінбей адамдар арасында өмір сүретін тіршілік иесі» (К.К. Юдахин. Советский тюрколог, доктор фил. наук, академик. «Киргизча-орусча сөзлук», Фрунзе, 1965, стр. 960; [140, б.171-176]).
Уәж: Неткен «дарын», неткен «білімділік» десеңізші! Ұлы Аталарымыздың аруағын жабайы аңдарға теліп жіберген. Адам да сана болатынынын, аңда сана болмайтынынын да ажыратуға ақылы жетпеген.
12. «Қырғыз тілінде «қырық шілтен» («чілтен» парсы сөзі; мағынасы-көзге көрінбейтін мақұлық») деген сөз бар; бұ да діни ұғыммен байланысты шыққан сөз: «адамдардың арасында көзге көрінбей жүретін ірі алып мақұлық» (І.Кеңесбаев, филология ғылымының докторы, профессор).
Уәж: К.К.Юдахиннен де асып түсіп, «Қырық Шілтенді» парсыға теліп, аталарымыздың аруағының атына «мақұлық» деген қазақтағы ең жаман қорлау сөзді қолданып отыр. Олай болса қазақ сөздерінің бәрін қолданыстан шығарып, қазақтың барлық киелі сөздерінің аудармасын ғана қолдану керек болатынына білімі жетпеген.
13. «Шілтен парсы тілінен енген сөз, ол екі түбірден құрылған шіл – тен. Шіл парсы тілінде чил түрінде айтылып, «қырық» деген ұғымды білдіреді. Тен тон болып айтылған, қазақ тілінде дара жұмсалғанда тән қалпында айтылады, парсыларда чилтон (қырық тән) «көрінбейтін қырық қолдаушы» ретінде түсіндіріледі. (З.Х. Гуламов. Чил сузиннинг кулдониши ва мағыналары//Узбек чевалары лексикасы. Тошкент, 1966).
Уәж: Бұл жерде Бізге өзбек ғалымының тұжырымын басшылыққа алуға мүлдем болмайды. Себебі, олардың бұл сөздерді парсы тілінен алулары әбден мүмкін. Өзбек тілі бізден гөрі парсыға жақын тіл.
14. «Төрт түліктің пірі — сақтаушы киесі ретінде халық ұғымында Ойсыл қара, Қамбар ата, Жылқышы ата, Шекшек ата, Шопан ата, Зеңгі баба аталудан тыс, адамдар үшін батырлар пірі – Ғайып ерен қырық шілтен, құт-береке пірі – Қыдыр, темір ұстаның пірі – Дәуіт, қайықшының пірі – Үббі, ошақ иесі – От ана, бесік пірі – Ұмай ана, еркектер пірі – Зәкәрия, әйелдер пірі – Бибі Бәтима т.б атаулар болады» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Сөз реті келгесін айта кетейін. Берілген түсінік қате. Пір – деген сөздің түпкі мағынасы тек қана «сақтаушы кие» емес, бірінші үйретуші ұстаз (атасы) деген мағына береді, яғни бүгінгіше айтқанда «автор». Пір менен Бір синоним. Бір – бірінші, Пір – бірінші үйретуші ұстаз.
15. «Ғайып Ерен Қырық Шілтен – түркі тілдес халықтардың бірқатарының ауыз әдебиетінде кездесетін жұмбақ кейіпкер». (Назарбек Байжігітов).
Уәж: Сопылық ілімді зерттеген және Ана тіліміздің қолдану аясын білетін жандарға бұл жерде ешқандай жұмбақ жоқ.
16. «Ерен ғайып қырық шілтен — мұсылман түркілер (қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, т.б. мифологиясындағы көзге көрінбейтін, рух сипатына ие тірі пенделер (пірлер). Қалыптасқан анықтама бойынша, олар ғаламды билейтін 40 құдіретті әулие. Мұндағы»ғайып» сөзі «көзге көрінбейтін» дегенді, «шілтен» (парсы тіліндегі чил — «кырық», тон -«тірі пенде») «қырық жан/пенде» дегенді білдіреді, осы сөз түркі тіліндегі «қырық» сөзі арқылы қайталанады («қырық шілтен»). Ал «ерен» сөзінің парсылық емес, түркілік қайнары жөніндегі әңгімеміз бөлек (алдағы мақалалардың бірінде қарастыратын боламын). Әзірге осы «шілтендер» бейнесінің ішкі иерархиясы хақындағы қалыптасқан түсініктер туралы ғана айтар болсам, сопылық мифологиядағы «ирендер» көрінбейтін рухтар бірнеше саты-дәрежеде көрсетілген: төменгі сатыны (қатарды) «шілтендер» құрайды, олардан жоғары сатыда «пафтан» делінетін жеті рух, олардан жоғарырак сатыда «естан» деп аталатын үш рух, ең жоғарыда — «гаус» деп аталатын жалғыз рух болады. «Қыз Жібек» эпосындағы:
Жазатайым сүрінсе,
Ғауыс, ғаяс, қырық шілтен,
Баһаутдин, қолыңа ал, — деген жолдардағы «ғауыс» пен «қырық шілтен» — осы ерендер (ирендер) иерархиясының жоғарғы және төменгі сатыларының кейіпкерлері болып табылады. Бұл үш иерархиялық саты қисыны бойынша, шілтендердің жеті сатылық иерархиясы да бар, олар: 1) Құтб (біреу), 2) Ғауыс (үшеу), 3) Абдал (жетеу), 4) Аутат (қырық), 5) Нұхиба, 6) Нуджиба, 7) Аруах ул-Мухаддас. Тек осылардың (шілтен, пафтан, естан, гаус, кұтб, т.б.) барлығының да «ирен» деп аталуын парсылық «йаран» сөзімен байланыстырудың жөні жоқ сияқты; байланыстырыла қалғанның өзінде де бұл — екінші, туынды түсінік болмақ; «ерен» бейнесінің түпкі негізі түркілерде жатыр «Құтб» сөзінің полюс атауы екендігін ескерсек, оның кіндік нүктенің, яғни Нұр бұлағының атауы болуы түсінікті болып шығады, сондықтан екінші нұсқаны дұрысырақ-ау деп топшылауға болады. Ал жалпы сопылық мифтік бейненің өз сипаты қандай? Ерендердің иерархиясының болуы, олардың көзге көрінбеуі, эпостық қаһармандарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауы оларды «Ілкі Төр» келтірімімен байланысты ете алады. Яғни біздер, тағы да – Ілкі Төрді (немесе Төретамды) күзететін, қоритын, оның еркін (доктринасын) адамзат арасынан шыққан таңдаулы пенделерге жеткізіп тұратын қорушыларды (хранители) көріп отырмыз. Бұл тұрғыда, Құтб — Ілкі Төрдің (Төретамның) бас қорушысы немесе иесі болып шығады, ол Ілкі Төрдің өз кіндігін, бастауын символдай алады. Ал ғауыстар, абдалдар, аутаттар немесе естандар, пафтандар, шілтендер тиісінше, бірінші (ішкі), екінші (ортаңғы), үшінші (сырткы) қоршауды (шарбақты, қақпаны) күзетуші қорушылар. Шілтендер – ерендерге қарағанда ең жақын орналасқан болып шығады да, адамдармен қарым-қатынас орнату қызметі көбіне көп осылардың сыбағасына тиеді. Шілтендердің адам кейпіне (көбінесе кедейдің, айналадағы жұрт «сорлы», «бишара», «пақыр» деп есептеген пенде кейпіне) еніп, адамдардың арасында өмір сүре алуы да, егер олардың біреуі өле қалса (?), оның орнына лайықты адамдардың бірін сайлауы туралы түсініктер де шілтендердің «шекаралық орналасуына» байланысты. Бастапқы «Кіші жүз» ұғымының жай-жапсары да осы шілтендермен қарайлас. Шілтендер, мәселен қазақтар мен өзбектердің түсінігі бойынша, адамдар бара алмайтын, яғни бұл жалғанның пендесі үшін жолы жабық, теңіз ортасындағы аралда өмір сүреді. Мұның өзі «Ілкі Tөp» секілді орналасқан жабық кеңістікті немесе нысанды көрсетеді, «Қобыланды» жырының бір нұсқасындағы «төрткүл» деп «теңіз/дария ортасындағы аралды» есептегендігін еске түсірсек, осындағы аралдың да іс жүзінде төрткүл, яғни квадрат (шаршы) пішінді кеңістік екендігін топшылауға болады. Бұл жерде де «үш қиян», «үш шарбақты кент», «үш жүз» секілді кеңістікті көруге болады (С.Қондыбай «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен»).
Уәж: Сөз жоқ. Мақала да «Ғайып Ерен қырық Шілтен» атауының сопылық ілімге қатыстылығы тиянақты зерттелген. Ғалымның тек қана қазақтың шілде (қырық күн шілде) деген сөзінен туындаған Шілтенді парсыға апарып телігеніне еш келісуге болмайды. Себебі, қазақтың тауығы парсыдан бұрын шақырған.
17. «Ғайып ерен қырық шілтен сөзі бір емес үш тілден құралған тіркес. Атап айтар болсақ, «ғайып» араб тілінен алынған «жоқ болу», «көзден таса болу» деген мағынада, «ерен» сөзі көне түркі тілінен алынған «ер» сөзі, ал «шілтен» болса, парсы тілінен аударғанда «қырық тән немесе қырық дене» деген ұғымға саяды». (http://el.kz/kz/news/tugan-zher/gaiip_eren_kirik_shilte).
Уәж: Сонда қалай? Қазақ-қазақ болғалы бері өздері сөз жасай алмай, тек қана көрші елдер сөзінің аудармасын қолданып келген бе? Олай болса, әлемдегі ең сөздік қоры көп қазақтың Ана тілі қайдан шықты? Олардың сөздік қоры соншалықты бай болса, неге қазақтар емін-еркін қолданатын ақындар айтысын меңгере алмаған? Демек, бәрі керісінше болған.
Осы бір сарындас өз сөзімізді өзгеге теліген тізімді әлі де көптеп жалғастыра беруге әбден болады.
«Ғайып Ерен Қырық шілтен» жайлы қазіргі тарихшылардың зерттеу қорытындылары мен түсініктерінің ұзын ырғасы осындай.
Жалпы қазақтың сөздік қорында қазіргі ұрпақ мағынасын толық түсіне бермейтін осындай сөз тіркестері баршылық. Мысалы, «Баба Түкті Шашты Әзіз», «Қалың Арбат», «Қарға бойлы Қаз Туған», «Керқұла атты Кендебай», «Қара қасқа атты Қамбар бек» т.т.
Келіңіз! Ана тіліміздің қолдану аясына сай бірге сараптама жасап көрелік:
— Өздеріңіз көріп отырғандай «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» бір адамның аты емес, жиынтық есім және барлығы да таза қазақи сөздер. Дәлел ме? Тыңдап көріңіз?
Қазақ даласындағы ең көне жыр «Алпамыс батыр» дастаны. Жырдың сарыны, ондағы оқиғалар желісі, жер-су мен адам аттары зер салып оқыған жанды мыңдаған жылдар әрідегі Қазақ даласының бір пұшпағы «360 әулиелі Киелі Маңғыстауға» жетелейді. Әңгімемізді осы жырмен бастайық:
Алғашқыда асып-сасқанмен, әп сәтте ес жиып үлгерген қалмақ қолы жауының жалғыз екенін көріп, садақпен атып алмақ болған. Сол ниетпен тұс-тұстан атылған мың сан жебе күннің көзін көрсетпей жіберді. Ғажаптың кереметі осы сәт көрінген. Жаңағы мың сан жебе жаңбырдай жауып, Алпамысқа шып-шып тигенімен, денесіне сызат та түсіре алмастан кейін шарпыды. Мұның сыры — Алпамыс батыр кәміл пірлерге сыйынып жауға жалғыз ұмтылғанда, Ғайып-ерен қырық шілтендер тірі жанға көрінбей келіп, жас батырды қорғауына алған еді.
«Қалмақтар атқан қалың оқ
Жаңбырдай болып тиеді.
Еті түгіл баланың
Терісіне кірмеді
Ғайып-ерен қырық шілтен.
Баланы қолдап демеді.
Мұндай жағдай жырдың бірнеше жерінде қайталанады.
…Ғайып-ерен, қырық шілтен
Қылышты қолдан қағады.
…Ғайып-ерен қырық шілтен
Баланы жолда ұстады.
…Ғайып-ерен қырық шілтен,
Көтерді жерден қауғалап.
…Ғайып-ерен пірлерім,
Бұл бәледен өзің қақ» (Алпамыс батыр). Міне осылайша, жырдың өн бойында Алпамыс батыр Ғайып-Ерен Қырық Шілтен – пірлерге жалбарынып көмек сұрайды. Пірлері Алпамысты үнемі қамқорлығына алып жүреді. Демек, «Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің» бастауы беріде емес, өте әріде жатыр. Осының өзі-ақ «Ғайыпты» арабқа, «Шілтенді» парсыға, «Еренді» көне түркі тіліне теліп жүргендердің тұжырымын түгелдей жоққа шығарады. Әйтеуір абырой болғанда, қазақтың «қырық» деген сөзіне бөтен ие таба алмапты.
Енді осы сөз тізбектеріндегі әр сөзге арнайы сараптама жасайық:
Ғайып – ғайып болды, көзден ғайып болды. Жоқ болды, үшті-күйлі жоғалды. Мен де дайын тұрамын, — дейді де, ғайып болады («Қаз. Ертегілері»).
Ғайып – жоқ, жасырын, қияли, болжалды іс. Ғайыптан – қапелімде, кенеттен (Ғайып болды – ұшты-күйлі жоқ болды). (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі).
«Ғайып, ғайып болу, ғайыпана (діни), ғайыппір (діни). (Орфографиялық сөздік).
«Дидар ғайып, Ажал ғайып, Қонақ та,
Үш ғайып бар өмір деген жолақта» (Өтеген Оралбайұлы «Таңғы самал тәңіріңнің сәлемі»). Үшеуі де ойламаған, күтпеген жерден келеді.
«Болжайтұғын ғайыптан жеті көз жоқ» (М.Ж.Көпеев).
«Ғайып» араб тілінен тәржімалағанда «жоқ болып кету», «көзден тасалану» деген мағына береді». (А. Мұсабекқызы).
Уәж: «Ғайып» қазақ тілінің қолданысында ежелден бар сөз. Оны өзге тілден тәржімалаудың түкке де қажеті жоқ.
«Ғайыптан туу мотиві. Әлемдік фольклордың сюжетіне кең, терең орныққан мотивтердің бірі – кейіпкердің ғайыптан тууы. Ғайыптан туу мотиві барлық фольклорлық қаһарманның ғұмырнамалық баянында тұрақты орын алып, көне мифтерде, діни әпсаналарда, батырлық және ғашықтық жырларда, ертегілерде, аңыздарда да кездеседі.
Ғайыптан туу мотивіндегі көне түсініктер қаһарманның жай қарапайым кісілерден тегі бөлек жан екенін көрсетуге ұмтылса, феодалдық қоғам тұсында сомдалған қаһармандардың бейнесінде таптық қоғамда билік үшін жүрген саяси талас-тартыстың, күрестің шындығы көркем бейнеленген. Бұл көріністерге халықтың тегі асыл, әділетті билеушіден үлкен жақсы істер күткен арман-аңсарлары орныққан (А.А.Әбсадықов).
Уәж: Ғайыптан туу мотивін бүкіл әлемдік фольклор мойындаған болса, онда оның солай болғаны. Себебі, жалған сөзді ешкімге зорлап, таңып мойындата алмаймыз. «Өтірік өрге жүзбейді».
«Парсылық ғайыбана қазақ тілінің заңдылығына бейімделген, бірнеше варианты болғанға ұқсайды: қайбана, қаймана, қайуана, ғайып «белгісіз, жоқ жерден пайда болу» и формы наречия – ано. Ғайып – қазақта жеке дара қолданылады: ғайыптан пайда болу, Ғайып – ерен, Қырық шілтен – «аңыздық тұлға» дәм ғайып, дидар-ғайып – «ас пенен достардың күтпеген жерден алдыңнан шығуы және басқалар. Демек, Біздің бұл сөздерді түсінбей жүрген себебіміз, ғайыбана парсы тілінен кіріп, екі және одан да көп нұсқаларына айналып кеткен: қайбана, қаймана, қайуана және т.б.» (Ә.Т.Қайдар, академик).
Уәж: Қазақтың Қайбана, Қаймана, Қайуана, Ғайып (Қайып) деген сөздерінің тегін парсыдан емес, қазақ ұлтының негізін қалаған көне рулардың бірі Қайы (Қаңлы), Сақ (Жай Сақ), Қассақ (Нағыз Сақ), Қас батыр, Қас мерген, Қас шешен, Қас билердің арасынан іздеген дұрыс болады.
Ғайып (Қайып) – сөз түбірі «Ай», ары қарай ға (қа), ғай (қай), ғайы (қайы), ып, айып, ғайып болып шығады.
— Ға – Аға деген мағына береді. Қаңға (Хан аға), Сарға (Сары аға), баламасы Қарға (Қар (ақ) аға), жорға (бозжорға) боз жоры аға (төрт аяғы тең тайпалған шабысты ағаға теңеп отыр) т.т.
— Қа – Қаңға баба, Қар (ақ) пен Қаз аға есімдерінің бірінші буыны. Бұл Қазақ бүкіл әлем елдерінің ағасы деген сөз.
— Ай: а. Адайдың екінші буыны (Ад және Ай), ә. Ана (Ай — ана), б. жердің серігі, г. 27-31 ден тұратын күндердің жиынтығы.
— Й (и) — баласы, ұрпағы (Тарази, Иассауи, Жүгінеки, Низами, Мами т.т. болып кете береді.
— Қайы – Қайы тайпасы, Қазақ даласының бір пұшпағы Маңғыстаудан Европаға ғайыптан барып, Осман империясының негізін қалады. Осы түбірден қазақ та «түйе қайыды, қайымады», қайыл болу (көну), қайыл болмау (көнбеу) т.т. сөздер бар. Бұл тайпаның тағы бір атауы Қаңлы, яғни Хан ауылы. Бірінші буындағы «Қа» қазақ дегенді білдірсе, екінші буындағы «Ай» мен «Ан (Ана)» синоним, екеуі де Әйел-Ана дегенді білдіреді.
— Ып – ып-ыссы (ыссылықтың шегі), лып ете қалды (тез болды), тұрып, жатып, барып, келіп т.т.
— Айып – айыпты, айыбы бар, айыптау, айып ету, айыпдоп (спорт), айып-шамы жоқ т.т. Бұл жерде «ғайып» сөзінің құрамында «айып» не істеп жүр деген сұрақ өз-өзінен туындап тұр. Аллатағала мына жарық дүниені жаратқалы бері әйел адам ер-азаматтың алдында мәңгі айыпты, яғни мәңгі қарыздар. Себебі, Ауа анамыз Адам атаның қабырғасынан жаралған делінеді. Ежелден келе жатқан «қабырғамен кеңесу» және еттің сүйегін (жілігін) үлестіргенде қабырғасын әйелдерге тарту осыны меңзейді. «Сен біреудің ғайыбын ашпа, Түн сықылды перде тарт (Шәкәрім қажы).
Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл сөз қазақтың тап-таза өз сөзі. Бұл сөздің туындауына парсы мен арап тілдерінің, не т.б. еш қатысы жоқ. Керісінше, олардағы бұл сөздің қолданылуы бастауын Қазақтың Ана тілінен алады.
Қорытынды: Ғайып – ойламаған жерден пайда болу немесе соған сәйкес жоқ болу.
Ерендер — ғайып ерен, ғайып ирен, ғайып иран болып түрліше жазылуы да кездеседі. Ғайып иран қырық шілтен – аңыз бойынша көзге көрінбейтін қырық киелі аруақтардың аты. Олар кейде құс болып келіп мұсылмандарға көмектеседі, мысалы жолда адасып кеткендерге» делінеді.
Осы Ғайып Ерен жайлы кең ауқымды зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі марқұм Серікбол Қондыбай болатын. Осы еңбектің қысқартылған нұсқасын қаперлеріңізге ұсынамын:
«Қазақтың, сондай-ақ басқа да мұсылман дінді орталық азиялық түркі халықтарының сенім-нанымындағы «ерен» бейнесіне басқа қырынан үңіліп көруге деген де қажеттілік бар. Эпостарда «ғайып ерен қырық шілтен», «ғайып ерен», «қырық шілтен» деген есімдік нұсқаларда атала беретін мифтік бейненің аталуы мен шығу тегі жөніндегі пайымдауларда біржақтылық қалыптасқан; осы есімді құраған сөздерді әдетте «парсылық» деп есептейді, осыған байланысты мифтік бейне туралы келтірімді шығарған да иран тілді орта болып қабылданады.
Ерен ғайып (қырық шілтен) бейнесін қалыптастырған мұсылман сопылар (суфийлер) ортасы, мұны ерен ғайып шілтендердің кейде «пірлер» деп аталып, пірлер категориясына жатқызылуынан да аңғаруға болады. Бұл жайт, өз кезегінде, қарастырылып отырған бейненің бастауында тек парсылық қана емес, көне түркілік мифтік келтірімдердің жатуын ықтимал етеді; өйткені сопылар, көне иран келтірімдерін де, көне түркі келтірімдерін де пайдаланып, жаңа діннің (исламның) талаптарына сай өңделген құрама бейнелерді жасаған. Міне, осы тұста бейне атауын құраушы компонент — «ерен» сөзінің этимологиясына байыпты үңілу қажеттілігі туындайды. Ал «ерен» («ирен») сөзі болса, әдетте, парсы тіліндегі «дос, дос пейілді» деген мағыналарға ие «йаране» сөзінен шыққан деп есептелінеді. Бірақ дәл осы сөздің бүгінгі қазақ-түркі тілдерінде «жаран» (дос-жаран, жарандар), «йаран» түрінде қолданылып жүргенін ескерсек, «ирен/ерен» сөзінің «йаран» сөзінен өрбігеніне күмән келтіруге болады. …Дегенмен, түркі тілді ортаның иран, ең алдымен парсы ықпалын көрмеген аймақтарында басқа мағыналы «эрень» сөзінің (ұғымының) де бар екендігін айта отырып, сөз төркініне қатысты күмәнділігіміздің негізсіз емес екендігін де көрсете аламыз.
«Ерен» сөзінің болмысын түсіну үшін де абақ таңбаны «оқу» керек. Кіндіктегі нүкте атауының бір праформасы «ңр» немесе «нгр», ал нүктені кіндік еткен шеңбер немесе нүктеден басталған сәуле сызығы осы атаудың палиндромы түрінде айтылатын болады: «рн» немесе «рнг». Біз осындай ұғым жасалу үлгісін «нұр», «үңгір» және олардың палиндромы (теріс оқылуы) болып табылатын «ұрын» (урунг, юрюнг, варуна, уран, оран, ұран) сөздерінін өзара сабақтастығын дәйектеу үшін пайдаланып көргенбіз, енді осы үлгіні «ерен» сөзіне қатысты да қолданып көруге болады. Бұл үлгі бойынша, «ерен» сөзі де шеңбердің немесе сәуленің атауы болып шығады. Бұл жағдайда оның пайда болуына мүмкіндік берген нүктенің, кіндіктің атауы — «енер» (енер) болып шығар еді. Енер — жай ғана кіндік нүкте емес, ол — тесік нүкте, тесік түріндегі кіндік, қазақтағы «ен», «енер», «ену» сөздері де осыдан шыққан және мағынаны сақтап отыр. Латындық негізді «вера» (сенім) сөзі де осы «нр» праформасынан шыққан. Енер — Нұрдың «тесігі». Міне, осы жағдайда, осы енер тесігінен сәуле болып тараған немесе енер тесігін кіндік етіп қоршап жатқан шеңбер — «ерен» нені білдіруі тиіс? Ең алдымен ол «нұрдың сыртқа, тысқа шығуын» білдіреді. Нұр — құдайдың құдіреті, оның еркі (ырқы) болса, ерен (сәуле) — осы құдіреттің пенделерге жеткізілу тұрпаты немесе ерен (шеңбер) — осы құдіреттің сыртқы, біздің дүниеде көріну тұрпаты. Символдық деңгейде біз нүктеден тараған «ерен» сәулені «садақтың жебесі, оғы» түрінде кейіптей аламыз. Яғни ол — жебе, оқ, жай, жасын – құдайы құдіреттің еркін жеткізетін тұрпат (жай оғы — құдайдың оғы ғана емес, оның құдіретінің символы). Бір сөзбен айтқанда, садақ оғы мағынасындағы ерен — жогарғы дүние мен адамдар дүниесін жалғастыратын делдал, медиатор, яғни Құдай өз құдіретін адамдарға жебе (жай оғы, жай түсіру) арқылы көрсетсе, адамдар да, өз кезегінде жоғарғы дүниемен «садақ оғы» – ерен арқылы байланыса, хабарласа, өз тілегін сол жаққа жеткізе алатын еді. Оны тувалық түркілердің келтірімінен анық көруге болады: «У тувинцев священная стрела — «ысық оқ» связывала мир людей с верхним миром. В тувинском обычае изготовления священной стрелы «ыдық оқ», связующей ее владельцев с миром светлых божеств, ярко проявляется роль птиц как посредника между божествами и людьми; оперение ее делалось из перьев трех птиц, орла, ворона, ястреба. При заболевании детей тувинцы приглашали шамана, который изготовлял эрэнь — изображение ястреба, которое подвешивали под куполом юрты; от фигурки ястреба тянулась волосяная веревка — салбак, украшенная разноцветными ленточками — приношениями божествам и духам, другой конец этой веревки привязывался у изголовья больного и тут же подвешивали маленький деревянный лук с деревянной стрелой; к луку подвешивали медную подвеску — хола, а к ней — разноцветные ленточки. Связывая эрень со стрелой, люди устанавливали контакт с небом через посредничество эреня-ястреба». Бұл жерде «эрень» деп қырғиды (қаршығаны) атап тұрғанына қарамастан, екі дүниені байланыстырушы нысан садақ жебесі болып тұр. Садақ отының «ұшуы» мен ұшатын мақұлық — құс бейнесі осы мақсатта тұтастандырылған, яғни дүниелерді жалғастырушы оқ жанды кейіпке (зооморфтық тұрпатқа) ие болып, дүниелерді жалғастырушының жаңа мифтік бейнесі қалыптасқан.
Ерен-жануар кепті делдал-рух болса, олардың, қарапайым келтірім бойынша, көзге көріне бермейтіні түсінікті болады. Жануар (ең алдымен, жыртқыш құс) кейпіндегі ерендер – екі дүниенің арасын жалғастырушы делдалдар, «Ілкі Tөp» қисындамасы бойынша, мұндай ерендер — Ілкі Төр мен адамдар арасын жалғастырушы, Ілкі Төр еркін (доктринасын) адамдарға, сондай-ақ адамдардың өтініш-тілегін Ілкі Төрге жеткізіп отырушы болып шығады, сондықтан ерен ғайып қырық шілтендер бейнесінің (сондай функцияға ие) қайдан шыққандығын сенімді түрде тұспалдауға болады. Міне, сопылар, осындай көне түркілік келтірімді, өздеріне жақсы таныс ирандық түсініктер мен лексикалық дәстүрді пайдалана отырып, ереннің жаңа, исламдық бейнесін жасап шығарған сопылық дүниетаным, сондықтан да осы ерен атауына парсының «гаиб» («скрытый, невидимий») деген анықтама сөзін жалғаған, уақыт өте «ерен» сөзінің түркілік мағынасы ұмытылып, ол парсы тіліндегі «йаран» сөзі деп есептеліне бастаған да, сөз мағынасы да жаңарған. Ерен (екі дүниені жалғастырушы буын) идеясы мифологияда осындай жалғастырушы ретінде құс бейнесін қабылдады, кейін «ерендер» деп кейбір жануарларды да есептей бастады, артынан кезек адамға да келді, яғни енді, «ерен» деп адам тұлғалы жалғастырушыларды атайтын болды, бүгінгі қазаққа белгілі «ерен ғайып қырық шілтеннін» негізгі идеясы да осында жатыр. Ал ерендердін көп санды болуы, оны, сопылық сандар символикасына сай «қырық» санымен нақтылау үрдісін тудырған; «чилтон» — «шілтен» сөзі де осыған байланысты. Бірақ бұл сөздің о баста сопылар арасында өз алдына дербес, басқа бейненің атауы ретінде қолданылғандығын да жоққа шығаруға болмайды.
…Ерендердің (ирендердің) жіктелуін көрсететін «гауыс», «естан», «пафтан», «шілтен» сияқты атаулар бастапқы сопылық емес, кейінгі ұмытылу, қарабайырлану заманындағы «түзетулердің» салдары болып шығуы да мүмкін; яғни біз ерендердің үш сатылық иерархиясының болу вариантын да, дәрежелік атауларының басқаша варианттарының болғандығын да жоққа шығара алмаймыз (мәселен, «жеті пафтан», «жеті абдал» терминінің орнына «жеті пір», «жеті кәміл пір», «жеті қаландар пір» сияқты терминдердің қолданылуы). Сондай-ақ «1:3:7:40» пропорциясының орнында «1:9:40», «1:8:40» немесе «1:6:40» сияқты басқа да иерархиялық пропорциялардың болу мүмкіндігін де ықтимал деп есептеуге болады («40» санының орнына «49» саны да қолданылуы мүмкін). «Қырық бір шілтен» деген де тіркес бар (С.Қондыбай «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен»).
Серікбол бауырымызға шексіз алғысымызды білдіре отырып, зерттеуді одан ары жалғастырайық.
Біріншіден, мұсылман баласына 1:3:7:40 иерархиялық пропорцияларды басқаға ауыстыруға болмайды. Оны тек ары қарай жалғастыру керек, 1:3:7:40:100:1000 деп. Бұл сандардың қаза болған адамдардың артынан берілетін садақа мерзімдеріне толықтай сәйкес болуы, бұл Адам Атадан бергі шежіре-тарихқа қатысты деген сөз. Демек, бұл осы сандардың атауын иемденген Ұлы Аталарымыз құрған қағанаттардың тарихын және олардың атына әліге дейін неге садақа беріп жүргендерімізді саралау керек.
Екіншіден, Садақ пен жебе Қазақтың қарашаңырағы Қаз Адайлардың рулық таңбасы. Садақтың авторлық құқығы Сақ (Қаз Сақ) Аталарымызда жатыр. Рулық шежіредегі атауы Ақпан. Садақтың сөз құрылымына көз жіберсеңіз, Сақ сыртында, Ада (Ата) ортасында тұр. Ал, Сақтың түбірі «Ақтың» Қазақтың екінші буынында тұруынан Сақтардың Қазақтан тарайтын тікелей ұрпақтары екенін көреміз.
Үшіншіден, Ерен сөзінің мағынасын басқа жақтан іздеудің түкке де қажеті жоқ. Себебі, Қазақтан басқа елдер тілдерін Ана тілі деп атамайды. Бұл қазақтың Ана тілі бүкіл әлем елдері тілдерінің анасы деген сөз. Өзге елдердің өз тілдерін Ана тілі деп атауларына құқылары жоқ. «Авторлық құқықты» өзге адам, өзге ел ешқашан иемдене алмайды.
Оның үстіне Парсылар (Иран) өз тектерін Қазақ даласының бір пұшпағы ежелгі Маңғыстаудың МАД (Ман Адай) патшалығынан таратады. Олардың «Иран тарихында» тура осылай жазулы тұр. Қара: («Иран тарихы». Риза Шабани. Тарих ғылымдарының докторы, Теһрандағы Шәһид Беһеште атындағы университеттің профессоры. Алматы: Зерде баспасы, 2002. Мад патшалығы тарауы. 1 бөлім. 6 бет).
Ерен – сөз түбірі «Ер», ары қарай ере, ен, ерен болып шығады.
— Ер – а. ер-адам, ер-азамат; ә. баламасы батыр: Ер Қосай, Ер Төстік, Ер Тарғын, Ер Шабай, Ер Қонай; б. ер құны, еркек, еркөкірек, еркін, ерлі-зайыпты, ерлік, ермек, ернеу, ер-сайман, ер-тоқым, ерте, ертегі (ертедегі ерлердің тегі), ерік (ерікті, өз билігі өзінде), ерек (елден ерек, өзгеше), еру (еру ат, еру ел), еру (ер, ерді, ереді), еру (ері, еріді, ериді, суға еру) т.т. Осы түбірден жер, бер, тер, тері, кер, кері, сері т.т. сөздер туындайды.
— Ере – Ерлердің ізімен ере келді, ере жүрді, ере барды т.т.
— Ен – ен дала (кеңістік), ен (белгі, таңба) салу, ені (енсіз), ену, ене, енжар, енді-енді (басталу), ентелеу (алға ұмтылу), енші алу, ең басы (алғаш), ең аяғы, ең жоғары, ең төмені, ең кемі, яғни кез-келген ұғымның жоғарғы шегі.
— Ал, соңғы «Н» дыбыс таңбасы сөздің қай жерінде қолданылса да Нұқ пайғамбар атамыздың есімін және соған сәйкес ұрпағы, баласы деген мағына береді. Жүсіп Баласағұн, Сарин, Алтынсарин, Нұралин, Нұртазин, Майлин, Мамин, Карин т.б. осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.
— Ерен (аса айрықша), ерен еңбек (аса айрықша еңбек); Ерентүз (ескіше ай аты); Ерентұз (шоқжұлдыз);
— Сол уақытта Алпамыс, Жат қылады еренді (Алпамыс батыр);
— «Я, бабам!» – дей берді, Ерендер қамын жей берді (Ер Тарғын);
— «Ғайып ирен көрінбейтін қолдаушы керемет, ол жеті топқа бөлінеді, алтыншы топқа енетін — қырық шілтен» (Ғ.Айдаров. филология ғылымдарының докторы).
— «Қазақ фольклорлық ирен және жалпы жұмсалатын жаран бір түп – йарене-ден дара-дара дамып шыққан болу керек. Жаран – парсы сөзінің қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына түсіп, еркін сіңуінің нәтижесі. Ирен аталған тіркес құрамына еніп, қазақ тілінде сөйленушілерге лексикалық даралығы еленбегендіктен, парсы тіліндегі қалпына жуық түрде сіңген». (Р.Әміров. тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы).
Уәж: Қазақтың ру атын және оның күнделікті қолданыстағы сөздерін өзге тілге телудің еш қажеті жоқ. Парсының Иаран (жаран) деген сөзі бастауын қазақтың «жары» деген руы атауынан алады. Бұл әйгілі Шыңғыс қаған шыққан Мұңалдың Жарысы. Қазіргі Ақтөбе облысы жеріндегі Мұңалжары тауы сол ежелгі Мұңал Жарылардан қалған. Арқадағы Шыңғыс таудың ең биік шыңының «Мұңал шыңы» деп, аталатыны да осыдан.
«Ерен — (мужчина); муж; ерен кісі (мужчина); «муж»; ерені жоқ «женщина без мужа»; (С. Е. Малов: 106, б.26. член-кор АН СССР).
Уәж: Ереннің қарапайым еркек емес, ел алдында айрықша ерен еңбегі бар ер адам екендігін түсінуге білімі жетпеген.
Қорытынды: Өзгелерден ерекше жаратылған айрықша белгісі бар, адами қасиеті аса жоғары, бәле-жаладан елі мен жерін қорғауда, елге ерен еңбегі сіңген, елден ерек ер-азамат.
Қырық. Халқымыздың қасиет тұтатын саны — қырық. Мұсылмандықтың қырық парызы; Пайғамбардың қырық хадисі; Ғайып ерен қырық шілтен; Қырықтың бірі Қыдыр; 40 жас қырдың басы; бір күн жолдасқа қырық күн сәлем; бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама; ана қырық шырақты; қызға қырық үйден тыйым; Қырықкез әулие; әйелдің қырық жаны бар; қырық шейіт; қырық құлаш шымырау; жаз жайлауы қырық астау; қырық қабат; қырық құрақ; қырық найза; қырық мылтық, қырық тесік; қырық жамау; ханда қырық кісінің ақылы бар; қырық молдалы құрым ағайын; қырық ер Қосай; Қырымқұлдың қырық биі; қырықбуын (өсімдік); қырық жыл жарлылық, қырық жыл байлық жоқ; отыз күн ойын, қырық күн тойын; отыз омыртқа, қырық қабырға; қырық жыл қырғын, алпыс жыл апат келсе де ажалды өлер; бір бейбақтың меселі қырық есекке жүк болған; қырық жылда қыр жаңа; қырық күн шілде; қырық ру; қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ; қырық өтірік; қырық шыбық; бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс; қырықаяқ (жәндік); сәбидің алғашқы қырық күні (қырқынан шығуы атап өтіледі); өлген адамның «Қырқын беру» дәстүрі т.т. бар.
— «Арақ ішкен кісінің тілегі 40 күнге дейін қабыл болмайды» (Ұлағатты сөз).
— «Қырық қақпанда – Қыдыр бар, көп болса құба-құп» (Алшын Меңдалыұлы).
— «Қырық байтал қысырақ, Қызға енші атады. …Қырық жылқың қыз туса» (Т.Балтабасұлы.)
— Қырық мың үйлі Қияттан
Қырық мың әскер қол алып,
…Қырық күншілік Қазанды» («Қобланды батыр» жырынан).
«Жеті жыл жатқан қамалып, Қырық арқан бойы зынданнан.
…Керней, сырнай тарттырып, Қырық қақпалы қалаға.
…Ызғардың, ызғар даласы, Қырық күншілік жол еді.
…Түйе бас қылып қырық қыз, Алып ұрды жездесін» («Алпамыс батыр» жырынан).
«Қырық қашырға қазна артып» (Қамбар батыр).
— «Біреулер «Қырық парыз» деген екен – (Ыбырайым ахун Құлыбайұлы).
— «Қырық шейіттің ішінде. Болармыз, Алла, шамасы» (Ескелді Сүгір).
«Қорқыт ата қобалжып. Ажалға таппай бір айла.
Қырық жыл жүрді қашқаннан» (Сәттіғұл Жанғабылұлы).
— Ежелгі Торы атта (Тауратта) топан су басталарда 40 күн, 40 түн жаңбыр жауғаны айтылады.
— Мұрын жырау Сеңгірбекұлы жырлаған Маңғыстаулық жырлар циклі «Қырымның қырық батыры» деп аталады. Осы жырларда аталатын Қырық батырды да, Кырық Шілтендер қатарына қосуға әбден болады.
Қазақтың «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақалына сәйкес қазақтағы киелі сандардың бірі Төрт. Бұл сан Адай Атамыздың төртінші буын ұрпағы Құнанорыс Атамыздың атымен байланысты дүниеге келген. Бірінші буын – Құдайке мен Келімберді. Екінші — Тәзіке. Үшінші — Қосай. Төртінші — Құнанорыс. Бесінші – Ақпан (Бес деген баға ақиқаттың атасына берілген), Алтыншы – Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ). Әлемге әйгілі Алаш пен Алты Алашымыз қазақтың рулық шежіресіндегі орны осы. Жетінші – Жеменей (Бұзау). Алғашқы туыстығы бөлінбейтін жеті буын ұрпақ осы. Сегізінші — Семит. Бөліну осы семиттерден басталады. Тоғызыншы — Тобыш. Олар ежелде Европадағы ең ұзын өзендердің бірі Обтың жағасын мекендеген. Оныншы – Монғол (Мұңал). Бес деген баға қойылған Ақпан мен ақиқаттың және Ағаның, алты мен балықшының, жеті мен жеменейдің, сегіз бен семиттің, тоғыз бен тобыштың, он мен монғолдың (мұңалдың) бір түбірден болатыны осыдан.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Төрт саны қазақтың рулық шежіресіндегі Құнанорыстардың сандық атауы. Төрттің сөз түбірі — Өр (өрлеу, жоғарылау), Өрт (өртену, күйіп-жану), Төр (үйдің төрі, төрге шығу), Төре, Төраға, Төрайым. Демек, «Алтау ала болса, ауыздағы кетіп, төртеу түгел болса төбедегі келер» деген мақалдың шығу тегі осы. Төртеудің төрт көзі түгел, ауыздары бір болса, олардың орындарының төрде болатынына қандай дау бар. Себебі, топан судан аман қалған Нұқ пайғамбар қауымының аузы бір болды. Олардың ауызбірлігі «таудан төмен қарай, ауа жайылмай бір арнамен сарқырай аққан сел сияқты» бүкіл әлемге үлгі болған. Біз Шыңғысханның ұрпағымыз деп жүрген төрелердің арғы тегі осы. Алланың қалауымен адами қасиеттің шыңына шығып, Нұқ пайғамбар заманындағы топан судан кемемен аман өтіп қазіргі Ман ата қауымының бастауында тұрғандықтан олардың орны күні бүгінде де төрде тұр.
Қырық саны осы төртінші буын (Келімберді Атамыздың тұңғышы Құнанорыстың онға (Мұңалға) көбеюі, яғни төрт еселенген онның жиынтығы.
Қырық — қыр және ық деген екі біріккен сөзден тұрады. Қыр – қазіргі әдеби тілмен айтқанда Үстірт, биік жер, немесе биік кеңістікті алып жатқан көлемді аймақ.
Ық – түпкі мағынасы су. Мысалы, Жайық – жай ағатын су, құдық – құт су (таза су сақтайтын орын), қайық – су кебісі, ық (ығу) – төмен қарай сарқырап аққан су сияқты малдың ыққа (желдің өтіне) қарай ығуы т.т. Демек, қырық саны — бір атаның балалары ауыздары бір болса, қырдан төмен қарай сарқырап ағып, тосқауыл бермейтін су сияқты болады дегенді білдіргені, яғни елдің «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруы.
Тарих тағлымы: Адам ата ұрпақтары бір рулы елге айналып, бір мемлекетке біріккелі бері, ол ел басында Аз, кейіннен Қаз (Қас) аталып, сол ежелгі Аталар салған ұлы жолмен келеді. Қырық саны сол аз елді жақсылыққа жетелеген Әз (Қаз) аталарымыздың сандық атауы. Ежелгі қазақ хандары мен қағандарының қырық рулы елден қырық ақылшы уәзірлерінің болатыны осыдан. Өздеріңіз көріп отырғандай, уәзірдің сөз түбі — Әз (Әз әулие). Біздің «Ғайып Ерен Қырық Шілтендерімізде де» солардың рухы бар. Сөз түбірі (өз түбі, өз Атасы) ешқашан жаңылысқан емес.
Бұл тұжырымымызға Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Сөйтсе қырық шілтеннің он бесі сол тұрған ханның бір баласын қолтықтап, қолдап хан болуға осы лайықты десіп жүреді екен (М.Ж.Көпеев) деген сөзі толықтай дәлел бола алады.
Қырық санының атауы Маңғыстаудың Қырында (Үстіртте) дүниеге келді. Маңғыстаудың қара ойындағы Қарахан таудың (Қаратаудың) Қас би теңізіне тірелер тұсындағы Түпқараған жеріндегі Қаңға баба алқабында ең алғаш хандық құрылып, Хан Аға (Қанға) деген сөз солардан қалса, Маңғыстаудың Қырында, ежелгі атауы Сынды адам баласы алғаш рет Ұлы Жаратушы – Алланы таныды. Соған сәйкес сол жердің тұрғындары да, тұрағы да Үстіңгі жұрт, яғни Үстірт атанды. Бүкіл әлем ғалымдарының Синай тауы деп іздеп таба алмай жүргендері осы Сынды тауы. Ол жерде Сынды асуы, сынды құдығы күні бүгінде де бар. «Ман Ата» асуынан 10 км-дей жерде.
Қыр демекші, осы Маңғыстаудың қырында қазақпен бірге дүниеге келіп, осы атауды қазіргі қырғыз жеріне ала кеткен ұрпақ өздерін күні бүгінде де қырғыз деп атайды. Бұны Қырғыз атауының сөз түбірінің Манқыстаудағы атышулы Қырмен сәйкес екендігінен де көруге болады. Сонымен қатар, осы Қырғыз елінде Қазақ даласының Арал мен Қасби аймағындағы атауларды қайталайтын Сұмса, Қошқар ата, Қызыл Қия, Қазарман, Ош (Ос), Нарын, Қарасай, Қара-су, Қара-Құлжа, Қара-Қабақ, Қара-мық, Қарақолқа, Қарауыл төбе, Қара-балта т.т. топономикалық атаулар бар. Біз бұдан Қырғыз жерінде қаптап кеткен қараларда өз тектерін Маңғыстаудың Түпқарағаны мен Қараман атасынан алатынын көреміз. Ол елде Қарағантүп (Қаралардың түбі) деген жер атауының болмауы осыдан.
«Қырғыз елі Оғыз ханның Қырғыз атты немересінің атымен аталды. (Әбілғазы. «Түрік шежіресі», 34 бет). Әбілғазы атамыздың бұл дерегіне ешқандай күдікпен қараудың қажеті жоқ. Бұл дерек Адай шежіресімен де толықтай сәйкес келеді. Адай-Келімберді-Мұңал-Шоғы-Жолай-Жолманбет-Тілеген—Қырғыз (Орақ) болып таратылады. Қырғыздың тегінің қазақ екенін өткен ғасырда ЮНЕСКО көлемінде 1000 жылдығы тойланған «Манас» жырынан да анық көруге болады. Себебі, осы жырдағы басты кейіпкерлер мен жер-су атауларының бәрі Манқыстау жырлары: Мұрын жыраудың Ер Көкшесі, Манаш ұлы Тұяқбайы мен Радловтың Ер Көкше нұсқасындағы басты кейіпкерлер «Манас» жырында Манас – Манаш, Ер Көкше, Ер Қосай, Әлманбет, Жаңбыршы болып бір эпостық оқиға кеңістігінде кездеседі. Осы жайлы С.Қондыбай «Есен Қазақ» атты еңбегінде «Бұл кездейсоқтық емес. Бұл – бір ғана эпостық дүние және қырғыздар қазақтан тек бір ғана жырды тұтастай өздерінің «Манасына» қосып алған» дейді (180 бет). Бұл тұжырымға мынадай өзгеріс енгізген дұрыс және ол өте көкейге қонымды болып шығады. Бұл жерде қырғыздарды өзімізден алшақтатып және «ұры» не «барымташы» етіп «қосып алды» дегеннен көрі, олар да өз ата-бабаларын ұмытпай, аталары жайлы тарихи деректерді жырға қосып, бізбен тумалас екенін мойындап отыр. Барлық тарихшылардың қаперіне берерім, қазақта, яғни қазіргіше айтқанда бүкіл түрік әлемінде бірде-бір ру, тайпа, ұлт өз тегінен жаңылыспайды. Бөтен елдің атасын менікі деп айтпайды. Оның ішінде, әсіресе Қазақ пен Қырғыз көрші орыс, өзбек, т.б. батыс елдері сияқты «тегін білмейтін тексізге» әлі айнала қойған жоқ.
Қырғыз екі біріккен сөзден тұрады. Қыр және Оғыз (оқ (оғлан, ұлан) және қыз), немесе қыр мен қыз, яғни Қырдың қызы. Маңғыстау да Қырыққыз, Қырғыз (Қырығыз) атаулы топономикалық атаулар күні бүгінде де бар. Әңгіменің ашығын айтқанда Қырғыздар бізге жиен болады, яғни Қырдағы қазақтардың қыздарынан тарағандар. Мұның дәлелі, қырғыздардың қазақтар сияқты тілдерін Ана тілі демей, Эне (Ене) тілі деп атауы. Ене деп қазақ, өз анасын емес, жұбайының Анасын айтады. Қырғыздардың өз тілін Ана тілі деп атамай, Ене тілі дейтіні осыдан. «Авторлық құқық» толықтай сақталып тұр.
Мұның тағы бір дәлелі: бостандыққа аса құштар, ешқашан қолға үйренбейтін, үнемі далаға қарап ұлитын, өте шыдамды, ешқашан тұқымы құрымайтын Қасқыр деген аң атауының болуы. Қазақ оны Бөрі, немесе Көкбөрі деп атап, Алаштың (Алшынның) лақап атауы ретінде де қолдана береді. Алпамыс батырдың әкесі Байбөріні, әйгілі Шыңғыс қағанның арғы атасы Бөрте бөріні, ежелгі Римнің негізін қалаған Ромул мен Ремнің құрметіне салынған, Римнің қақ төрінде қасқырдың қаншығын еміп тұрған екі баланың тас мүсінін еске алыңыз. Міне осы бір ауыз сөзде бірінші буында Қас (Қаз), екінші буында Қырдың тұруынан осы ел есімдерінің дүниеге келу ретін анық бағамдауға болады. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақ пен Қасқырдың түбірі бір. Демек, қасқыр деген сөз біздің ата-бабаларымыздың арасында дүниеге келген. Әрине, ең бірінші даланың жыртқыш аңын даланың төл перзенті Қазақ танымай басқа кім танушы еді.
Бұл ел есімдерінің бастау нүктесі, яғни атасы – Әз (Аз) әулиенің моласы жатқан Маңғыстаудағы Үстірт (Қыр). Міне осы бір ауыз қасқыр деген сөз, қазақ пен қырғыздың туыс ел екенін және қырғыздың қазақтан, яғни Қас билер елінен бөлініп шыққанын көрсетеді. Қырғыз дегендегі түбір сөз Қырдың — Қаздан кейінгі екінші буында тұруы тек қана осыны білдіреді. Жарайсыңдар, Аталарым! Сөз жасасаң осылай жаса! Тарих жазсаң осылай жаз! Сіздердің бұл жазғандарыңызды мың, миллион жылдардан да кейін оқуға болады.
«Алпамыс батыр» мен қырғыздың «Манасы» бір тұлға екендігін марқұм Серікбол Қондыбай кезінде жеріне жеткізе дәлелдеп кеткен болатын.
Міне осы қазіргі қырғыз жерінде де «Ғайып Ерен Қырық Шілтенге» қатысты екі жер атауы бар. Біріншісі – Ош қаласына жақын Сүлеймен тауындағы «Қырық Шілтен» үңгірі. Екіншісі – Баткен облысының Ақбұлақ ауылындағы «Шілтен ата» бейіті. Бұл бейіттің екінші атауы «Қырық Шілтен». «Қырық Шілтеннің» Алпамыс батырды әрдайым қолдап жүретіні сияқты, Қырғыздың «Манас» дастанында да «Қырық Шілтен Манасты үнемі қолдап жүреді. Жырда Қозы бағып жүрген бала Манастың бір қозысын қасқыр алып қашып, үңгірге кіріп кетеді. Манас қуып барып артынан кірсе қасқыр адамға айналады. Сөйтсе Шілтендердің бәрі сол үңгірге жиналған екен. Олар бұдан былай Манасты қолдап жүретінін айтады.
Қорытынды: Алланың қалауымен елін, жұртын жарқын болашаққа жеткізу жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұлы ұстаз-пірлер және солардың киелі рухы. Қырық саны «ауыздары бір, бауырмалдық пен татулыққа» бастайтын және олардың өте көп екендігін айғақтайтын ұғым.
Әйтеуір абырой болғанда, Кеңестік білім құдығынан су ішкен «білгіш тарихшылар» осы қырық саны атауын бөтен елге телімей қазақтың өзіне қалдырыпты.
Шілтен – бұл сөзді қазақтың барлық зерттеушілері парсының «чил», қазақша аудармасы қырық деген сөзінен шықты деп тұжырымдайды. Түп-тамырымен қате тұжырым. Шілтен — таза қазақ сөзі. Дәлел ме? Тыңдап көріңіз?
Жоғарыда көрсетілгендей Шілтен сөзі парсының қырық деген сөзінен шықты делінетіні ешқандай ақылға сыймайды. Себебі, бар-жоғы төрт сөзден тұратын бір жиынтық есімде қырық сөзін екі рет, біреуін қазақша, біреуін парсыша қайталаудың ешқандай қажеттілігі жоқ.Сөздік қорында сан миллиондаған (білетіндер жиырма миллионнан астам дейді) сөзі бар, бүкіл әлем елдері тілдерінің анасы аталатын Ана тіліміз өзге жұрттың сөзіне зәру емес. Керісінше бүкіл әлем елдері, оның ішінде парсы тілі де өз бастауын Қазақтың ана тілінен алады. Парсы елі өз бастауын ежелгі қазақтың МАД (Ман Адай) патшалығынан алатынын жоғары да айттық.
Шілтен – сөз түбірі «іл», ары қарай шіл, ен, тен, ілте, шілте (шілде), шілтен болып шығады.
— «Іл»-ден – ілкі (алғашқы, алдыңғы), ілгері (алға), ілік (септік), ілім (білім), Іле (өзен), іле жауап қайтарды, Ніл (өзен), ілу, ілмек, ілгіш, ілгек (түйме), тіл, біл, кіл, кілт т.т. Өздеріңіз көріп отырғандай, тілдің де, ілім мен білімнің де, кілттің де түбірі «Іл». Ал біздің большевиктік Кеңес билігінің ғылыми атағын алған барлық «білгіш» тарихшыларымыз бен тіл ғалымдарымыз тіліміз бен біліміміздің кілтін түп-тамырымен өзге жұртқа (парсыға) өз қолдарымен ұстата салған.
— Шіл – шілде (қырық күн шілде), жаздың ең ыссы мезгілі, шіл (зоол), шілби, шілбуыт, шілде тер, шілделік (зоол), шілдехана (Шілде той. Сәбидің дүниеге келу құрметіне қырық күн өткеннен кейін жасалатын той), шілдеқоңыз (зоол), шіли (ылғи), шілтер, шілік т.т.
Мысалы: «Қырық күн шілде болғанда. …Қыс шілдеде Жілік жүгіреді, Жаз шілдеде Күлік жүгіреді, …Қырық күн шілде, қыс қалды, жаз орнында. …Ғайып – көрінбейтін, дос. Ерен — адам, кісі. Қырық — қасиетті сан. Шілтен — парсыша қырық (синоним). Ғайып ерен қырық шілтен — шілде — шілдехана. Қайыперен, аушыерен, иран, еран діни ұғым шеңберінде қолданылады». (М.Ж.Көпеев);
Уәж: Мәшһүр Жүсіп атамыз Шілтенді парсының сөзі деп отырған жоқ. Қырықтың аудармасы деп отыр.
«Жаздыкүн шілде болғанда» (Абай Құанабаев);
«Жаз өтіп шілде жетті, шілдеде күн ұзын, түн қысқа, күннің ыстығы сонша күшті, тастар, құмдар қызып кетеді (М. Дулат, ақын, жазушы, қоғам қайраткері);
«Шілде жаздың ең ыстық қырық күні» (В.В. Радлов сөздігі (востоковед-тюрколог, этнограф));
«Шілде. Ол әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен» (М. Исқақов);
«Қырық күн шілтер ыстықта қарсы көшіп, Бетпақтың Сар даласы келіп түсті (ҚКБС, 31);
— Ен – ен дала (кең дала, кеңістік), ен (белгі, таңба) салу, ені (енді-енсіз), ену, ене, енжар, енді-енді (басталу), ентелеу (алға ұмтылу), енші алу, ең басы (алғаш), ең аяғы, ең жоғары, ең төмені, ең кемі, яғи кез-келген ұғымның жоғарғы және төменгі шегі.
— Тен (тең) – тентек (тентек адам), тентіреу (кезбелікпен айналысу), тең, тең жартысы, тең көру, тең төраға, тең түсу (теңбе-тең), теңбіл, теңге (қазіргі қазақ, ежелгі бүкіл әлемдік валюта), теңгеру, теңдеу, теңселу, теңіз т.т.
— Ілте – білте (білте шам), жарықтың көзі, баламасы білімнің бастауы.
Ал, сөз соңында тұрған «Н» дыбыс-таңбасы, сөздің қай жерінде қолданылса да баласы, ұрпағы деген мағына береді. Бастауын Нұқ пайғамбар атамыздың есімінен алады.
Шілтеннің шылауы тиді (желеп-жебеді, батасы тиді).
«Бала берсе – тезінен, Пірлердің тиіп демінен.
Шілтеннің тиіп шылауы – Артылып туса өзімнен!» (Ақтамберді жырау).
Сопылық ілімнің жолына түскендер ұстазының (пірінің) ұйғаруымен күннің көзі көрінбейтін жер асты мешіттерде Алладан тілек тілеп, қырық күн, қырық түн бойы шілге отырған.
Қазақстанда «шіл» атты құстардың: «сұр шіл» және «сақалды шіл» деп аталатын екі түрі бар. Топтанып жүреді. Отырықшы құс. Жерді шұқылып ұя жасайды да, оған құрғақ шөп төсейді. Жұмыртқасын аналығы мен аталығы бірге басады. Өсімдік тұқымымен, бүрімен, жәндіктермен (қоңыз, құмырсқа, т.б.) коректенеді. Зиянды жәндіктерді жеп, адамдарға пайда келтіреді. Кәсіптік маңызы бар бағалы құс қатарына жатады.
Ақылға салып қарасақ, жаздың ең ыстық қырық күнін шілде деп атап, қазақ баласын қырқынан шығарып шілдехана жасағалы бері, адамға еш зияны жоқ пайдалы құстарға «шіл» деп ат қойып, соған сәйкес сопылық ілімнің майын сарқа ішкен сопы-пірлерді Шілтен деп атағалы бері қаншама сулар ақты, қаншама мыңдаған жылдар өтті.
Егер біз Кеңестік ғалымдардың және солардың жолын жалғастырушылардың Шілтен деген сөз парсыдан ауып келген кірме сөз дегендерін қабылдайтын болсақ, онда жоғарыдағы сөздердің бәрін де қазақтың өз сөзі емес деуімізге тура келетініне олардың білімдері жетпеген. Мені қатты таң қалдырып отырған дүние олардың «Сөз түбірі (өз түбі), өз атасы деген сөздерді түсінуге білімдерінің жетпеуі. Міне Бізге соңғы жылдары «Ғайып Ерен Қырық Шілтендердің» шылауы тимей жүрген себебі.
Жаттың зорлығымен Ата-бабамыздың аруағын ұмытып, ұлттың ары мен намысының, яғни тілі мен ділінің кілтін өзгенің қолына өз қолымызбен беріппіз. Ұлы Аталарымыз «Аталарымыздың аруағын аузымызға алып, қайтыс болған ата-аналарымыз бен тумаластарымызға арнап ас-садақа беріп, жұма сайын жеті нан тарқатып, әрбір ас ішкен сайын астың батасын жасап, марқұмдарға дұға бағыштап отырмасақ, аруақтарда бізбен байланысын үзеді» деп, бекер айтпаған. Тағы қайталаймын. Бұл жердегі ең сорақы дүние, Шілтеннің кілтін өз қолымызбен өзгеге ұстатқанымыз болып тұр.
Қорытынды: Бүкіл адамзат қауымына шамшырақ болып жанып, ен даланы жайлаған елдерді кезіп мұсылмандықты асқан білімімен, шешен тілімен уағыздап, қиналған жандарға көмекке келіп, жүрек кілтін ашатын ұлы діни тұлғалардың өзі мен рухы.
Ал, олар Кімдер? Аңыз ба? Әлде тарихта болған жандар ма? деген сұрақтың жауабын Ыбырайым ахун Құлыбайұлының мына жыр-шумақтарынан табамыз:
«Шарғының төртеу дәлелі-
Берік қорған қаласы:
Исламның бес парыз,
Оразаның отыз күн,
Күн тәулікте бес намаз,
Шарғының қырық еді баласы.
Халифадай әрбірі
Бұлармен кімнің таласы?
…Қырық бала дегенің
Шариғатты ақтаған,
Дүниенің жүзін сақтаған
Қайып – Ерен Қырық – Шілтен
Арабы есімі Абдал-ды.
Шариғатты жүргізген,
Дін-мұсылманды тіргізген
Мұхаммедтің үмбеті
Әзіреті Омар мен
Қырық кісі болған-ды,
Кәпірлерден қорықпай
Қалың топты қақ жарды,»… (Ыбырайым ахун Құлыбайұлы 1886-1982).
«Ғұн тілінде айтылған кейбір тайпалардың атын айтсақ, олар: Арғын (Уархун), Абдал (Эфтал, эфталит), Кердері (Кидари), Албан (Лаван), тарнияқ, котзагер, бендер (забендер) және басқалар.
Ғұн тайпалары абдал мен кидариттер туралы Ә.Х.Марғұлан: «Оларды гректер хионит, рим жазушылары эфталит, болмаса «Кидарит хундары», армян жазушылары «хептал», арабтар «хайтал» дейді.
Бұл тайпаның атын дұрыс жазған Византия жазушысы Феофилакт Симокатта, ғұндардың өзі қалай айтса солай жазған-«абдал», бізде «эфталит» деп айтылатын сөздің түп нұсқасы — дейді. Истеми қағанның Византия патшасына жазған хатында «Мен абдалдардың көсемін өзіме бағындырдым, ол менің одақтасым болды» -дейді. …Бір ғажабы бұл «абдал» тайпасы кейін түрікпен мен Кіші жүз қазақтарының құрамында сақталды. Олардың ұрпағы әлі күнге дейін бар…» — деп жазған болатын» (Арал-Каспий өңірінің тарихи-мәдени мұралары. Ақтау 2007. 248-253 беттер).
Осы деректерді сарапқа салсақ төмендегідей болып шығады:
— Абдал — қазақтың ру аты. Алшындағы 12 Ата Байұлының бір баласы Таздан тарайды. Абдалдар Түрікпен, Өзбектің Лақай, Қырғыздың Сарыбағыс тайпаларының құрамында кездеседі.
— Тарихқа әлемге әйгілі Күн қағаны Еділ патшаны берген Ғұн (Күн) елінің тегі Қазақ, оның құрамындағы көрсетілген тайпалардың барлығы дерлік (Арғын, Кердері, Албан, Абдал т.б.) күні бүгінде де қазақ халқының құрамында.
— Ыбырайым ахун Ғайып Ерен Қырық Шілтенді арап деп отырған жоқ. Араптардың оларды «Абдал» деп ру атымен атайтынын айтып отыр.
— Абдал — сөз түбірі «Аб (Ап), (Аба (Апа), Баба (Ата-Баба, яғни Ата мен Әке))», ары қарай ал (алғы, алғашқы, алдыңғы), дал (дал болу, не істерін білмей дағдару). Демек, «қалың тұманнан» жол таппай елдің дағдарған шағында, бүкіл әлемге мұсылмандықтың нұрын шашып, бүкіл елдің иманға ұюына ұйытқы болған алғашқы аталарымыздың рулық атауы.
«Түркістанда түмен баб,
Сіздерден медет тілеймін.
Сайрамдағы сансыз баб,
Отырардағы отыз бап,
Ең үлкені Арыстан баб,
Сіздерден медет тілеймін» (Қазақтың ескі жырынан). Осы баптардың ізін жалғастырушылар Түркістандық пірлердің пірі Құл Қожа Ахмет Иассауи мен Маңғыстаулық Әулие Бекет Пір Аталар болып табылады.
— Абдал руының өмір сүрген кезеңдері өте әрі де, бірнеше мыңдаған жылдарға кетеді десе де болады. Оны «Алпамыс батыр» жырындағы Алпамыс батырды, Қырғыздың «Манасындағы» Манасты «Ғайып ерен Қырық Шілтендердің» қолдағаны жөнінде айтылатынан да көруге болады.
Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің барлығы да Маңғыстаулық Әз (Қазақ) атамыздың ұрпағы. Олардың моласы да осы жерде.
— Қырықшілтен – қорым; Қараған түбекте, Ащымұрын мүйісінен оңтүстікте 25 км жерде (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 217 бет).
Өзге өңірлерде де «Ғайып Ерен Қырық Шілтенге» байланысты киелі орындар кездеседі. Маңғыстаудағы қорымға «Ғайып ерен» деген сөз тіркесі қосылмайды. Неге? Себебі, олар Маңғыстауға «ғайыптан-тайып» келген жоқ, бәрі осы өңірдің білім бұлағынан су ішкен ұрпақтары.
— Маңғыстауда Қырықшілтеннен де басқа қырық санына қатысты көптеген топономикалық атаулар бар: Қырыққыз (Қырғыз) – жер аты, Қырықкез – қорым; Қырыққыстау – қорым; Қырыққұдық — құдық; Қырықмерген – жер аты; Қырықмылтық – қорым; Қырықсегіз – құдық т.т.
— Аталарымыз кезінде «Қырқадан қырға қарап, қырық шалғысын күніне, он екі сілкіп тараған», яғни елді жақсылыққа жетелейтін азаматтардың «тек қана бір бағытқа қарай ағатын, қырдан аққан су сияқты» аузы бір болуларын және сол он екі Ата ұрпақтарының адами қасиеттерінің аса жоғары деңгейде болуын қадағалап отырған. Қазақтың қара шаңырағы «Он екі ата Байұлы» осылай болған. Олар бүкіл әлем елдерінің Астана халқы аталған. Ол жайлы Мұрат Мөңкеұлы атамыз:
«Қырқадан қырға қараса,
Қырық шалғысын күніне
Он екі сілкіп тараса;
Қу төңкерсе аспаннан
Үш тілеген баппенен.
Дауылпаз соқса астынан
Желбегей күрең атпенен,
Бауыры шұбар, сырты көк
Қаршыға құсқа жарасар!
Алас болып адасқан,
Мұнар болып тұлдасқан,
Мұсылман болып дінді ашқан;
Мұның бәрі жігіттер,
Бір кісіден табылмас –
Астана жұртқа жарасар» (Мұрат Мөңкеұлы «Бес ғасыр жырлайды» Алматы-1989. 131 бет).
Қазіргі жағдайда елімізде ұлттық иделологияның: тіл, дін және ділдің толықтай мойындалмауынан азаматтарымыз «қырқадан қырға қарай» алмай, «қырқадан ойға қарауға» мәжбүр. Осының салдарынан «күніне он екі сілкіп тарап отырмағасын, қырық шалғының да жүзін тот» басып, «арамшөптерді» отап отыруға шамаcы жетпеуде. Себебі, біз аталарымыз сияқты пирамиданың басына арды емес ақшаны қойдық. Адами қасиеттен (ардан) Алтынды (байлықты) жоғары қойған елдің де, оның басшыларының да болашағы болмайды. Бұл біздің ұлы аталарымыздың қағидасында «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» және «Арыстан басқарған ел арыстан, түлкі басқарған ел түлкі, қоян басқарған ел қоян» болады деп тұжырымдалған.
Тарих тағлымы: Бүткіл жер бетіндегі ең алғашқы мемлекет Аз, Қаз, Қазан, Қазар, Қазақ мемлекеті құрылғалы бері, қазақтың мемлекеттік және отбасылық құрылымы жүйелерінің екеуі де бірдей болды. Қазақ елі қазақ отбасысының үлкейтілген макеті. Себебі, қазақтың мемлекеттік құрылымы өз бастауын отбасы құрылымынан алған. Аталарымыздың «Отбасы шағын мемлекет» дейтіндері осы. Қазақта «үлкен ұл тақ мұрагері, ал кенже ұл қара шаңырақ иесі» екендігі сан мыңдаған жылдардан бері сақталып, айнымас дәстүрге айналған.
Ұлы Аталарымыздан қалған ескі жәдігерлердің ішіндегі, ешкімді ешқандай дауға жібермейтін ең сенімді дерек көз: жер, су, тау, елдер мен елді мекен атаулары болып табылады. Міне осы қағидаға сәйкес, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтап, іліңгір салған жер бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестететін Қазығұрт ауданы жерінде орналасқан, Қазығұрт тауы болып табылады. Таудың төбесі ойпаң, жазық, ұзындығы 20, ені 10 шақырымдай, биіктігі теңіз деңгейінен 1768 метр. Осы тауда «Адам Ата шоқысы», “Кеме қалған”, “Пайғамбар тоқтаған”, «Іліңгір (якор)», “Пайғамбар саусағы”, «Пайғамбар атының су ішкен жері», Ақбура, Көзді Ата, Әңгір ауылы аймағындағы тау шоқысының ернегінде Адам Ата мен Ауа Ана киелі тасы мен сол шоқының етегінде Қайып Ерен Қырық Шілтендер су ішкен бұлақ т.т. қасиетті жерлер бар. Бірақ, біздің ашық энциклопедиямызда бұлардың бәрін аңыз жетегіндегі орындар деп жазыпты. Ата-баба мұрасын меңгеруге білімдері жетпей, өздері ылғи өтірік айтатын болғасын Аталарымызды да өтірікшілердің санатына беттері бүлк етпестен теліп жіберген.
Қазығұрт демекші, Қазығұрттың толық мағынасы Қазық жұрт. Мына атаулар сол Қазық жұрттан қалған ең сенімді дерек көздер.
Арнайы барып Қазығұрт тауының баурайындағы Әңгір ауылы аймағында орналасқан «Қайып Ерен Қырық Шілтенді де» көрдім. Ұлы Жаратушы — Алла алақандай жерге он сегіз мың ғаламның бүкіл болмысынан хабар беретіндей тас белгілерді шоғырландырыпты. Қатты желдің өтінен, боранның ызғарынан қорғаймын деп, шапаны шұрқ тесік болған Адам Ата мен оның бауырына тығылған Ауа Ана тасы да осында. Ана тасының бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазанға ұқсайтын белгі бар. Бұл – «төрт құбыламыз түгел» болсын деп тілек тілейтін жер. Одан сәл әріректе нәресте белгісі бар. Перзентті болғысы келетіндер осы жерде Алладан тілек тілейді. Мұнда ұшқан құстан, жүгірген аңнан аумайтын неше түрлі тас бейнелер, «Ғайып Ерен Қырық Шілтендер» су ішкен үш бұлақ көзі бар. Шырақшының айтуынша бірінші бұлақ – көз суы, екінші бұлақ – құлақ суы, үшінші бұлақ – өңеш суы деп аталып, бұлақтардың суы осы ағзаларға ем болатын көрінеді.
Бала кезімізде әке-шешеміздің үйретуімен «Батырлар жырын», қазақтың көптеген шежіре дастандарын оқып, жаттап өстік. Ауыл қариялары бірінші Алланы ұлықтап, Аллаға сиынатын, сонымен қатар Алланы ұлықтауда ұрпақтарына үлгі болған Маңғыстаулық 360 әулиелерді, Әз әулиені, Қараман Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Масат Ата, Бекет Ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ғайып Ерен Қырық Шілтендердің аруағына дұға бағыштап, ауыздарынан тастамайтын. Осы әулиелердің бәрінің Маңғыстауда ғұмыр кешкендіктерін, ел жады оларды не үшін ауыздарынан тастамай жаттап жүретіндерінің сырын әңгімелеріне арқау етіп, осы әулиелердің молаларының да Маңғыстауда екендіктерін жыр қылып айтып отыратын.
«Сыйыналық Алла мен Екінші, Ғайып-Ерен деп» Сәттіғұл атамыз жырлағандай «Батырлар жырында» және өзге де шежіре-дастандарда Алладан кейінгі ауызға көп алынатыны осы «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» болатын.
Ол кезде Маңғыстаудан жырақта жүргендіктен сол батырлармен бірге менде Қырық Шілтенге барып, басына зиярат етсем деп армандадым. Сол арманымды орындау тым ұзаққа созылды. Себебі, біз елге (Маңғыстауға) қайта оралғанымызда сопылық ілімнің шырқау шыңында тұрған ежелгі қазақ мәдениетінің оты өшуге айналған. Маңғыстауда бірде-бір сопылық ілім ордалары қалмаған. Бәрін қиратқан. Қиратпағанын мал қора мен арақ сақтайтын қоймаға айналдырған. Діні сауатты ғұлама-ғалымдардың бәрін түрмеге қамаған, атқан, атпағандарын жер аударған, қалғандарын қолдарындағы малдарын тартып алып қырғынға ұшыратқан. Қысқасы, ресми деректерде көрсетілгендей 1919 жылы Маңғыстау да 350-400 мыңдай Қаз Адайлар тұрған болса, содан 1935 жылғы есеп те 35-40 дай ғана қалған.
Патшалық, Кеңестік орыс ілімінің үш ғасыр бойы үздіксіз жазған, жалған саяси жазбаларының салдарынан Маңғыстаулық барлық әулиелер өзге ұлттарға телінген. Тіпті, Советтік тәрбие алған Маңғыстаулық көзі ашық, көкірегі ояу білімді жандардың өзі соларға сеніп, сол жалған сенімді өз шығармаларына арқау еткен. Мысалы, солардың ең көрнектісі С.Қондыбайдың «Қараман Ата» атты еңбегінде «Қараман Ата 362 әулиенің бірі саналатын ескі қорым, бүгінде мемлекет қарауындағы мұражай, жерасты мешіті бар, қасиетті орын, өз ұлты Түрікпен болса керек» деген жолдар бар. Осы жолдарды басшылыққа алған бүгінгі тарихшылар Қараман атаны тек қана түркпендерге теліп жүр. Бұл қате тұжырым. Бұның шежіре дерегін «Қобыланды батыр» жырынан табамыз. Онда Қият руынан шыққан «Сейілдің ұлы Қараман батырдың» бейнесі сомдалған. Ал, Қиян (Қият) Қорқыт баба мен Шыңғыс хан шыққан рудың аты емес пе?
Енді әңгімеміздің өзегі Қырық Шілтенге оралайық. Зейнетке шығып, өлкеміздің тарихын зерттеу жұмыстарымен айналысқан соңғы 10 жылда Қырық Шілтенді үзбей ұзақ іздедім. Жазба деректердің талайын ақтардым, өлкеміздің сөз білетін, жер білетін талай азаматтарына сұрау салдым. Серікбол бауырымыздың кітабындағы мына деректерге:
«Қырық Шілтен. Қараған түбектегі Ащымұрын мүйісінен оңтүстікте 16-17 км жерде. Басқа мәлімет жоқ. Жалпы Орта Азиялық исламдағы «қырық шілтен» ұғымы суфистік ағымдармен байланысты. Мұндағы «шілтен» — парсы тіліндегі «қырық» деген сөзді (чильтан) білдіреді, тек қазақ тілінің айтылу заңдылығына бағынып, өзгеріске ұшыраған.
…Ерен ғайып қырық шілтендер эпоста – көзге көрінбейтін жауынгер-батырлар немесе олардың рухтары ретінде түсінілген. Оның бір қорымының Маңғыстауда, оның теңізге астасып жатқан тұсы – Қараған түбекте кездесуі, сірә, кездейсоқ емес, өкініштісі, маңғыстаулық шілтен-ерендерге қатысты аңыздар жинақталмаған» (С.Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» Алматы-2000. 91 бет) деген дерекке сүйеніп, сол өңірді жаман машинаммен түгел шарладым. Өстіп жүргенде бес-алты жылда өте шықты.
Міне былтыр сәті түсіп қолыма Маңғыстаудың ежелгі картасы түсті. Картаның қолыма түсуіне себепкер болған жан «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» (Алматы, Бабамұра-М баспасы, 2015) атты кітаптың авторы Нұрлан Құлбаев (Қазақстанның әйгілі суретшісі марқұм Айтбай Құлбаевтың баласы) деген азамат болды. Қорым карта да «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» емес, тек қана «Қырық Шілтен» деп аталыпты.
Қорым Таушық – Ақ Кетік (қазіргі Форт Шевченко) қаласы жолының 31-ші км-де (керісінше Ақ Кетік – Таушық жолының 60 км-де) жолдың оң жақ, яғни теңіз жақ бетінде 400-500 метрдей жердегі қыстаудың қарсы алдындағы қорадан 200 метрдей жерде орналасқан. Қорым аумағының ені елу, көлденеңі жүз метр шамасында.
Қорымның қақ ортасында кезінде өңделмеген үлкенді-кішілі тастардан қаланған кесене болғаны анық байқалатын үлкен тас үйінді бар. Аумағы 10*10 метрдей жерді алып жатыр. Осы кесене үйіндісінен 10 метрдей жерде қатарынан жатқан төрт құлпытас бар. Ұзындығы 60 см. мен бір метр арасында. Үстінде Маңғыстаудағы ежелгі қорымдардың бәрінде дерлік көптеп кездесетін үстінде «аса таяқ» белгісі бар сопылық ілім жолын қуғандар басына қойылатын құлпытастары бар. Екеуі біршама жақсы сақталған. Үшіншісін жел мүжіп тастаған, тек қана сұлбасы жатыр. Ал төртіншісі сынып 3 бөлікке бөлінген. Қорымда жалпы саны айтса айтқандай 40 шамасында бейіт бар.
Қорымның теңіз жақ шетінде өңделмеген тастан қаланып салынған бірнеше бейіт бар. Біреуінің үстіне қазақтың хандары киетін тәжге ұқсас тас белгі қойылған. Олардан да басқа басына тек тас стеллалар қойылған және уақыт тезіне төтеп бере алмай жермен жексен болып кеткен бірнеше бейіттің орындары байқалады. Қорымда жоғарыда көрсеткенімдей төрт құлпытастан басқа, бірде-бір өңделген тас та, рулық таңба да жоқ.
Орталық қираған кесенеден жол жаққа қарай 50 метрдей жерде аумағы 10*10 метр шамасында, кезінде үлкен етіп салынғаны анық көрініп тұрған ежелгі ғимараттың орнын, түнеухана орны болар деп шамалауға әбден болғандай. Себебі, астында қорым жоқ, табаны қима таспен қиымдалып төселгені айқын байқалады.
Қорым теңіз жағалауынан онша алыс емес. Қорым тұрған төбешіктен теңізде, теңіз жағасындағы жарқабақ та алақандағыдай айқын көрінеді. Қорым Шақпақ ата мен Сұлтан епе қорымдарының орта жерінде орналасқан. Осы қорымнан Кетік бағытына қарай теңіз жағалай жүргенде Кенті баба 10 км + ары қарай Сұлтан епе 1 км = 11 км. шамасы болады. Ал, кері қарай яғни Таушық бағытына қарай теңіз жағалап кетсеңіз 11 км. шамасында Шақпақ Ата жер асты мешітіне тап боласыз. Қорымның Ақ Кетік бағытында Кіші Қарағашты — 2 км; үлкен Қарағашты 12 км; Мая қорымы 17-18 км. шамасында. Қапам Ата қорымы да осы өңірде, 5-6 км. жерде. Зер салып қарасақ, Маңғыстау да ескі қорымсыз бос жатқан бірде-бір биік жер (төбешік) таппайсыз. Біз бұдан бұл өңірдің кезінде үлкен мәдениет ошағы болғанын айқын аңғарамыз.
Білмеген адам «у» ішер деген осы болар. Тіпті үй мен қораның қақ ортасында да ежелгі бейіттердің орны жатыр. Үстін мал мен адам бәрі басқылап жүр.
Келешек те «Қырық Шілтен» әулиенің моласының қасындағы қыстауды қорымнан алысырақ жерге көшірген, немесе тек қана қораны қыстаудың қарсы жақ бетіне аударып, қорымның сыртын қоршаған дұрыс болар еді.
Әңгіменің қысқасы қорым қараусыз қалған. Аумалы төкпелі зар-заманның тепкісі жергілікті халықты қырғынға ұшыратты. Аман қалғаны жер ауды. Қозғаушы күші жебрейлер болған Кеңес билігі халықтың тілі мен дінін қолдануға, көктем мерекесі Наурыз тойын тойлауға, Ата-бабаларының аруағына арнап ас-садақа беруге тыйым салып, Ата-бабаларының аруағында еске алдырмауға барын салды. Халық зиярат ететін Ұлы Аталарымыз жатқан әулиелі орындарды құлатты, қиратты, басындағы белгілерді алып тастап үстіне дәл осылай мал қоралар салды.
«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» сопылық ілімнің шырқап шыққан шыңы. Бұл шыңға шыққандар Алланың қалауымен қарапайым адамдар көре алмайтын дүниелерді көреді, қарапайым адамдар істей алмайтын дүниелерді істейді. Алланың хақ жолында жүрген адал жандарды қолдауына алады. Мысалы: Адамдар мен елдерді алда не күтіп тұрғанын болжап сақтандырады. Кез келген аурудың шипасын таба біледі. Өлікке жан беру, аспанға құс болып ұшу, қара суды теріс ағызу, қажет кезінде жел шақыру, жауын жауғызу, дауыл тұрғызу сияқты не бір түрлі кереметтерді жасайды. Жай адамдарға көрінбей жүре алады, алты айлық жолға көзді ашып, жұмғанша жетеді. Олар осы өмірде қалай болса, олардың рухтары да тура солай жүректері Алла деп соғатын, адал ниетті жандарды қамқорлығына алып жүреді. Міне дәл сондай тұлғалардың соңғы тұяқтарының бірі Әулие Бекет – Пір Ата болып табылады. Ұлы Жаратушы – Алланы шын сүйіп, тарихат жолын зерттейтін сопылық ілімді аса жоғары деңгейде меңгерген Ұлы Аталарымыздың өздері мына жарық дүние де адамдарға дұрыс жол сілтеп, қолдау білдірсе, сол Аталарымыздың аруағы да ұрпақтарына тура солай жасаған.
Ұлы Аталарымыз жерленген киелі орындар ұрпағымен бірге жасайды. Ұрпағы ұмытпаса Әулиелер де ұмытпайды. Ұлттық рухани жаңғырудың бұдан асқан жолы жоқ.
ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ – АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау
Ұлт порталы