Рухани жаңғыру қазақтың сана-сезімін өзгерте ме?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Ондағы ойым ұлт көшбасшысының әрбір келтірген сөзінің тереңіне бойлап, сана-сезімімнің шырқау биігінде сарапқа салып, мақсаты мен мәнін ұққым келді. Иә, айтылған аталы сөздері көп ой салғанын жасыра алмаймын. Түсінген адамға ұлт үшін жазылған кәдімгі тәлім-тәрбие құралы. Еліміздің кешегі жүріп өткен жолы, бүгінгі бағыт-бағдары, ертеңгі жарқын болашаққа жеткізер аспа- лы баспалдағын айқындап берген дүние. Кемеңгер басшы ұлттың сапасын арттыратын үшінші рухани жаңғырудың уақыты келгенді- гін дөп басқан. «Мәңгілік ел» болудың басты талабының бірі күн сайын бояуы құбылған, жүрісі жылдам мына айналмалы заманда бұқаралық сананы өзгерту, жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты сол ұлттың кодын сақтай білуінде екен. Ұлттық кодты қазақ ой бесігіне салып, терең ұғынғанда ғана болашаққа нық сеніммен қадам жасай аламыз. Елбасы қанымызға сіңіп, әдет болып кеткен көп жаман дағдылардан арылудан, та- рихымыздан, ата-бабаларымыздың өмір сал- тынан шынайы прагматизмнің үлгілерін көруге болады деген тұжырым жасайды.
Рухани жаңғыру ұлтымыздың ой танымын толық өзгертуге ықпал етуге тиіс. Қазіргі кезде қоғамда орын алған жершілдік, та- мыр-таныстық, сыбайлас жемқорлық сияқты жат әдеттер ұлттың өсуіне емес, өшуіне әкеп соғатыны белгілі. Өткен ғасырлардағы елеу- лі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау қоғамның, білім беру жүйелерінің дүниетанымды, рухани жұмысының бір бөлігі екені мақалада жақсы айтылған. Әрбір адам өзінің сана-сезімін биіктетіп, дүниетанымының көкжиегін кеңейткенде ғана өзге елдердің озық тәжірибелерін бойға сіңіру мүмкіндігіне ие бола алады. Қазіргі кездегі үш тұғырлы тілді білу талабының түп-тамыры да осында жатса керек. Ал қазақ тілін бірте-бірте латын әліпбиіне көшіру де жастардың дүниежүзінің таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына кең жол ашпақшы. Бұл мақалада көкейде толғанып жүрген талай арман-мақсаттарға апарар жолдардың жобасы жасалатыны айтылған. «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында туған өлкеге деген патриоттық сүйіспеншілікті күшейту, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы — бабаларымыздың сан ғасырлық тарихы ұлттық бірегейліктің мызғымас негізін құрайды деген де тұжырым бар. «Циф рлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары да ұлттың жаңа талаптар үрдісінен шығуына бірден-бір сара жол іспеттес.
Рухани құндылықтың да бағасын түсінгіміз келмей, атүсті еткенімізді мойындауымыз керек. Ұлтымыздың біраз жастар санасын жаңа технологиялық құралдар өзінше «тәрбиелеп», біресе оңға біресе солға алып кетіп, ақ, адал жолдан адастырған да жайттар баршылық. Қазақтар ана тілінде шығып жатқан бұқаралық ақпарат құралдарын алып оқуға құлықсыз, ғұмырында бірде-бір әдеби кітап оқымаған кәсіпкерлерді де, шаруаларды да, мемле- кеттік қызметтің тізгінін ұстаған қыз-жігіттерді де кездестіріп жүрміз. Таң қалмаймыз. Көп жастардың санасын тұрмыс билеген, «Қайтсек бай-манап боламыз?», «Қайтсек майлы шелпек, жайлы орынтақ біздікі?», «Қайтсек терлемей мал табамыз?» деген ұғымдар қара қарғадай торлап алған. Олар сыбайлас жемқорлықпен білім орындарынан жақсы таныс.
Әрбір бағаны пұл беріп сатып ала- тын студенттерден ертең қандай жақсы маман шығады? Дайын диплом жұмысын басын қатырмай, ата-анасының тиын-тебеніне сатып алып, қорғап, көз алдаумен айналысатындар жыртылып айырылады. Мемлекеттік қызметке орналасудың да өзіндік схемасы бар. Қай саланы алсақ та, тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлыққа орын табылады. Осындай сыналап енген шырмауықтың, арамшөптің түп тамырын қалай қиып, қоғамды тазалап, жат қылықтардан арылтамыз? Біздің күнделікті тіршілігімізде науқаншылдық, жалпақ- шешейлік, көпірме сөзділік, ұраншылдық, қағазбастылық, көзбояушылық «аурулары» көбейіп кетті. Сонау жоғарыдан бір лауазым иесі келсе, жүз адам болып жабылып, «Бәрі жақсы. Бәрі ойдағыдай» деп қол шапалақтап қарсы алып, шығарып сала- мыз. Мінбеге шыққан шешеннің жалғандығы басым, жалаң қызыл сөздеріне құлағымыз үйреніп кеткені соншалық, былайғы жұрт қабылдамайтын болды. Білімсіздіктен, ой- сананың төмендігінен, жемқорлықтан, мәдени- етсіздіктен ұялуды қойдық. Осындай қоғамға жат әдеттерден көшбасшысымыз хабардар болғандықтан, қазақтың тәрбиелік құралына айналатын мақаласын жариялап отыр. Алайда жазылған талаптарды жүзеге асыру үшін мықты идеология қажет. Ал біздегі идеология саласы осы талап тұрғысынан шыға ала ма? Әрбір қазақтың жүрегіндегі намысын оятып, жігердің алау отын жаға ала ма? Халықтың алдына шығып ақиқатқа толы әділ сөзімен соңынан ерте ала ма? Кейде қарап отырсам, осы саланың қызметкерлері көп жағдайда жоғары шенділерге жағыну үшін «қолбала» болып шапқылап жүреді. Бұқаралық ақпарат құралдарын оқымайды. Ондағы жазылып жатқан аталы сөз, айтулы пікірлерді күнделікті ұстанымдарына пайдаланбайды.
Шындығын айтсақ, біздің өңірде келсін-келме- сін билік басындағылар мен шенеуніктерді жерден алып, жерге салып қаралап, жа- мандайтын газеттерді жаздырып оқитын оқырмандар қатары көбейіп кетті. Ондағы пәленбайдың бірнеше тоқалы бар, озбыр за- ман, қорлық пен мазақ тақырыбындағы боп- салау сенсациялық пиар ақпараттардың қаншалықты оқырманға тәлім-тәрбие бере- тінінен тіпті бейхабар екенмін. Ал, жылдам ақпаратты жеткізетін ғаламтордың да өтірікті шындай қылатын, әлем-жәлем, қойыртпақ жағы баршылық. Осындай «ауыздықсыз» кеткен, өтірік-өсегі басым ақпараттар әлеміне қарсы тұра алатын бәсекелес идеологиялық құралдар мінсіз жұмыс істеуі керек. Әрине, олар бізде бар. Бірақ оларды жаздырып алып оқып жүрген жастарды көре алмаймын. Оларға бағыт беріп, «жетектеу» уақыты да келген сияқты. Ал «өзім білемін» деген қағиданы ұстанғандар туралы да ойланғанымыз жөн. Ұрпақтың ой-санасын көтеру үшін бір керемет серпіліс, жанды бағыт керек. Ал, өкінішке орай, жалған, жалпақ ұраншылдық ешбір нәтиже бермейді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген тарихи мақаласындағы талап-тілектердің барлығы көзбояушылық, бұрқыраған қағазбастылықтың шырмауында қалып қоя ма деген күдігім де жоқ емес. Оқып түсінген адамға Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақ деген ұлтқа лайықты ой-өрісің, сана- сезімің, біліміңмен қатар бойыңда адалдығың, адамдығың, қайырымдылығың болсын», — деген өсиет сөзін айтып отыр. Әрине, рухани жаңғыру бір күнде, бір сәтте, бір жылда жүзеге асыратын жылдам шаруа емес. Мүмкін, бұл бағдарды орындауға сандаған жылдар қажет болатын шығар. Ал осы барыста біздегі «ұрандатуды» әдетке айналдырған идеоло- гия саласының атқарар, көтерер жүк салмағының қомақтылығы заңғар таудай. Идеология саласында нағыз беделді көшбасшы азаматтар қызмет атқаруы керек. Олардың көзге көріне бермейтін жан дүние тәрбиесімен айналысатын психолог болуы да шарттылық. Иә, қыруар жұмыс, жібек жіптей ширатылған өте жауапты шаруа. Осы барыста барлық механизмнің тетіктерін ұтымды пайдалану аса маңызды. Ауыл тұрғыны мынандай, қала тұрғыны анандай деген қағида бұл жерде жүрмейді. Әрбір қазақтың жүрегіне жол тауып, жауыр болған кертартпа дағдылардан арылту үшін ең алдымен білімділіктің сарайының есі- гін айқара ашу керек.
Оңтүстік Корей еліне іссапармен барып келген бір адам қатты таң қалғанын айтты. Сол елдің жастарының көшеде, метрода, саябақта болсын кітаптары қолдарынан түспейтінін көрген. Олар бір сәт уақыттары болса білімдерінің, білгендерінің көкжиегін кеңейтуге ұмтылады екен. Ал жаңа технологиялар жүйесі қатты дамыған Лондон қаласы тұрғындарының кітапқұмарлығы өз алдына бір аңыз. Британ кітапханасына күніне 400 мың оқырман келеді екен. Ал біздің зиялы қауым мен жастар арасында ғаламтор мен смартфонға тәуелді болып шырмалғаны соншалық, кітаптың, ақпараттық құралдардың керегі жоқ деген ұғым қалыптасқан. Ал, шынтуайтқа келгенде, әдеби, ғылыми кітап- тар мен бұқаралық ақпарат құралдарының да рухани жаңғыртудағы үлес салмағы жоғары. Күнделікті ақпарат пен оқулықтармен білімін толықтырып, рухани азық алып отырмайтын жастарымыз келе-келе «топастар» қатарына қосылып кеткенін байқамай қалады.
Сонымен, қазақ ұлтының сапасын арттыруға арналған жұмыс бастау алды. Әйтеуір, нәтижесі қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көрінсе деген тілегіміз бар.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА