Рухани жаңғыру: мәдениет пен өнердің рөлі
Ақтаудағы Абай мәдени-демалыс кешенінде «Рухани жаңғыру: мәдениет пен өнердің рөлі» тақырыбында кеңес өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, басқарма басшылары, депутаттар, аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық мәдениет бөлімдерінің басшылары, мәдениет саласының ардагерлері, аймақтың өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлт санасын жаңғыртуға, қазақстандық мәдениетті ілгерілетуде және дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің нарықтық қағидалар мен жаһандық экономикадағы алдыңғы қатарлы технологиялармен синтезін қалыптастыруға қатысты мәдениет-өнер саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеді.
Келелі кеңесте Рухани Жаңғыру бойынша өңірде атқарылған жұмыстардың орындалысы айтылып, алдағы міндеттер айқындалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасына енген облыстық тарихи өлкетану музейінің мамандары ұсынған заманауи этноауыл жобасын жасақтау бойынша Тамара Жұмалиева, өңірдің дәстүрлі музыкалық мектебін насихаттап, рухани мұрасын дәріптеу үшін жасақталатын электрондық сайт жобасы бойынша өлкетанушы Сұлтанбек Құдайберген, өлкенің тарихи-мәдени құндылықтарын зерттеу, сақтау және насихаттау шаралары бойынша Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы директорның орынбасары Марат Өтесінов, 2003 жылы Елбасының тапсырмасымен арнайы ашылған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының өзекті мәселері туралы театр директоры Нұрнияз Мұқанұлы баяндама жасады.
— ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев биылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында озық рухани жаңғыруды саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегі деп атап, «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларынан да ауқымды, іргелі жұмыстарды жүзеге асыру қажет екенін айтты. Мәселе өзіндік мәдениеттің берік іргетасында біздің халқымызға дамыған мемлекеттердің қатарына кіру жолын сеніммен жалғастыруға мүмкіндік беретін үздік салт-дәстүрлер мен жаңа құндылықтарды дамыту туралы болып отыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткен қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі: ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтау. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс, — деді жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, өңір басышысы Астанада өткен Маңғыстаудың мәдениет күндерінің жоғары деңгейінде өтуіне ерекше үлес қосқан мәдениет саласының бірқатар азаматтарын алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда облыстағы өнер ұжымдары 80 жас маманмен толықты. Биылғы жылы республикамыздағы өнер саласы бойынша жоғары оқу орындарын бітірген 24 жас қызметке кірісті.
Басқосуда өңірдегі мәдениет өнер саласының көптеген өзекті мәселері талқыланды.
Айман Оңғарбайқызы