РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА КЕРЕК ДАНАЛЫҚТАР

 

Ғабит МҮСІРЕПОВ:
*Ақын бойына адамгершілік қана жарасады, екеуінің біреуіне ақау түссе — алдымен ақындық өледі.
*Ақын жүрегіне кек тұрмайды, Кек тұрса — қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек-тот басқан асыл. Енді одан берекелі үн шықпайды.
*Ойсыз сөзде көркемдік те жоқ.
*Көркем сөз — жанның сəулесі.
*Көз көргенді — ой таниды.
*Тек жамандық пен жəбірді жинай берген адам жазушы бола алмайды.
*Есті сөзді естігісі келмеген адам — саңырауға тең.
*Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек.
*Өзің-аспанда, ойың-төменде жүргенше — өзің төменде, ойың аспанда жүрсін. Биік деген немене, төмен деген немене — сонда түсінерсің.
*Оқыс сөз, одыраң мінез — үлгісі жоқ ұлдың, кері кеткен қыздың белгісі.
*Ой да — тұтқындалады.
*Істеген ісіміз — тай жарыстың шамасы болса да, Құлагердің бəйгесінен дəметеміз.
*Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзінде күйе болу керек.
*Екі күштінің арасына сына болып қағылсаң ғана сия аласың.
*Көз көрмегенді — көңіл көреді.
*Жер жүзінде қазақ əйелдерінен басқа бір əйел құдайын қарғай алмайды.
*Ақылды адамға ең ауыр жаза — мақтай беру, мақтай беру.
*Тізесін ашып қойған қыздың өзі көрінбей қалады.
*Атақ қоспасы адам бейнесін бұзып жібереді.
*Ойға қонар ой өлмейді.
*Адалдық: өзі алданса алданар, өзі ешкімді алдамас.
*Кейде жетілдім-болдым деген адамның сырт жылтырағына тырнағың тиіп кетсе болғаны — мысы шыға келеді.
*Елің үшін — мақтан, елің үшін — қайғыр.
*Кейде жеңгенің — өкініш.
*Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді.
*Еліңе опасыздық — туған анаңа опасыздық.
*Қазақтың өсек-аяңынан асқан тамұқ жоқ.
*Ойға сепкенің өспей қоймайды.
*Қолдан жасалған «талант» — біреудің паспортымен жүрген ұры.
*Талант туады, өлмейді.
*Ең ауыр майдан — надандықпен күресу майданы, əрі ұзақ, əрі ызасы көп.
*Тек ірілік қана аңызға айналады.
*Əдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алматйды.
*Еліміздің ұйтқысы — əдет-ғүрпымыз.
*Жаманға оқ өтсе де — сөз өтпейді.
*Адамның парыз-қарызы сыйлаумен өтеледі.
*Бір-ақ партия билеген ел көп ұзамай диктатураға ұшырамақ.
*Шындық тəңірі — шынырау түбінде жатса, атақ тəңірісі — аспанда тұрады.
Бақыт деген еркіндік.