Руханилық тамырыма байланған
«Қазақстан – 2050: «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Қазақ радиосының» бірлескен экспедициясы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен Қостанай облысына ат басын тіреді. Экспедиция басшысы Халықаралық «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» газетінің Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, белгілі журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Нағашыбай Қабылбек және өңірдегі тілші Қыдырбек Қиысхан.
Айтпақшы, бұл экспедиция республиканың барлық аймағын аралауды жоспарлап отыр. Әрі бұл бірінші жыл басталып отырған сапар емес. Бұған дейін де газет бастамасымен жыл сайын ХХІ ғасырдағы ауыл келбетін көрсету мақсатымен экспедициялардың ұйымдастырылғанын айта кету керек.
Шашаусыз жиналған астық
Тобыл өңірі еліміздегі ірі астықты өлке болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде күзгі орақ науқанынан аз-кем ақпарат бермей кетуге болмас. Биыл Тобыл диқандары қамбаны 5,2 миллион тоннадан астам алтын астыққа толтырып отыр. Гектарынан орташа 12,5 центнерден айналды. Бұл көктемгі құбылмалы ауа-райы, жаздағы қуаңшылық пен күзгі жауын-шашын жұмысты алға бастырмаған бұрнағы жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, көшілгері көрсеткіш. Әйтеуір осы жолғы жиын-терім маусымы шаруалар үшін қолайлы өтті десе болады. Ал еліміздің астығы көршілес Қытай, күнбатыстағы Иран, одан әрі Оңтүстік-Шығыс Африка мемлекеттеріне 9 миллион тоннаға дейін экспортталатынын ескерсек, Тобылдың алтын дәні де мол сұранысқа ие болатыны анық. Теріскейміздегі Ресей мен Украина да биыл тәуір егін жинағанымен, Қазақстанның сапалы бидайы зор экспорттық әлеуетке ие екені күмән тудырмайды.
Әлеуетті арттыратын жобалар
Қостанай облысы Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан халықты тұрғын үймен қамту науқанын алғашқылардың бірі болып орындаған өңір. Бағдарлама бойынша елдің әрбір азаматына берілетін 10 сотық жерге дайын баспана салып беру қарастырылған еді. Бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін зор қолжетімді дүние. Аталған бағдарламаның алғашқы жемісі деп Қостанай ауданының Заречный кентінде жаңа қалашық бой көтерді. Бір типте салынып жатқан қаз-қатар үйлердің әлқисса қоныс тойын 14 отбасы көрді. Олар көп жылдар бойы осы аумақта жер телімін алуға кезекте тұрған.
Шетелдік үлгіде салынған баспаналарда шаршы метр ауданы жағынан ғана айырмашылық бар. Ауданы 90, 110 шаршы метр бір және екі қабатты үйлерден салымшы өзінің банкте жинаған ақша қоры мен төлемге қауқарлығы арқалы қол жеткізе алады. Бастысы, үй құнының 30 пайызы жинақталып тұрса болғаны. Ал баспаналардың әр 1 шаршы метрі 115 мың теңгеден. Қуаныш иелерін өңір басшысы Архимед Мұхамбетов пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова құттықтап, баспана кілтін тапсырғанын айта кетейік.
Облыста биылғы жылдың сегіз айында экономиканы дамытуға тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11 миллиард теңгеге артық. Бұл өңірдің инвестициялық қуатының қаншалықты пәрменді екенін көрсетеді. Биыл Қостанайда өткен «Kostanay-Invest 2017» 1-ші халықаралық инвестициялық форум аясында өңірге қаражат тарту мәселесі кеңінен қозғалды. Ауқымы кең жиынға ел үкіметі мүшелері, халықаралық қаржы ұйымдары, орталық мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустардың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар және Ресей, Қытай, Беларусь, Египет, Польша, Өзбекстан мемлекеттерінен жүзден астам кәсіпкері қатысып қайтты. Тобыл өңірінде тұңғыш рет өткен бизнес-кеңесте тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, машина құрастыру, туризм саласын дамыту мәселелерінің көтерілгенін айта кету керек. Форум аясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған облыс басшылары, ірі кәсіпорын жетекшілері халықаралық әріптестік байланыс аясында құны 200 млрд теңгеден асатын 26 меморандумға қол қойды. Осының арқасында облыста 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Рухани-мәдени жаңғыру
Биыл қасиетті Тобыл-Торғай жерінің рухани-мәдени өмірінде зор сілкініс бар. Даңқты қолбасшы, көреген мәмілегер, қазақ даласынан шыққан тұңғыш тархан Шақшақ Жәнібек Қошқарұлының еңселі ескерткіші Қостанайдың әуежайдан кіре беріс көшесінде мен мұндалап тұр. Атақты батыр Кейкі мергеннің бас сүйегі туған жері Торғай даласында жер қойнына тапсырылды. Даланың дара тұлғасына жаңадан кесене салынып, ұлан-асыр жиын өтті.
Биыл Лисаков қаласында 200 орындық мешіттің салтанатты ашылуы өтті. Құрылысы 2014 жылы басталған ғибадат үйінің қала жұртшылығы мен ел азаматтарының демеушілігі арқасында бой көтергенін айта кетейік. 105,4 миллион теңгеге аумағы 380 шаршы метр Алла үйіне «Қарасай» ЖШС мердігерлік етті.
Ал осыдан 25 жыл бұрын салынған Торғайдағы Оспанқожа әулие мешіті арада ширек ғасыр өткенде қайтадан жаңа кейіпке еніп отыр. Елдің қалталы азаматтары 45 миллион теңге қаражат шығарып, мешітке қайтадан күрделі жөндеу жасатты. Сонымен қатар, осы Жанкелдин ауданының Жаркөл ауылында жаңадан мешіт ашылды. Оны да өңірдің Атымтай Жомарттарынан жиналған қаражат есебінен салынғанын айта кетейік.
Қазақ даласының дала қоңырауын алғаш қаққан Ыбырай Алтынсариннің аруағы да бір аунап жатыр. Ұлы ағартушы ұстаздың Қостанай сыртындағы кесенесі де жаңадан бой көтеріп, ат шаптырым аумаққа айналғаны жайында газетіміздің бұған дейінгі санында жарияланған болатын. Экспедиция мүшелерінің алғаш болып зиярат еткен орны да – осы мемориалдық кешен. Атасы Балғожа би мен әкесі Алтынсары мәңгілік тыныстаған жерді жаңа кейіпке келтіру Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс басшылығы қолға алған ауқымды шараның бірі.
Қостанай ауданындағы 130 жылдық тарихы бар Давыденов ауылының атауын Еңбек деп өзгерту туралы бастама былтыр көтерілді. Ал биыл құрамында облысқа танымал ақын-жазушылар мен жеке кәсіпкерлер бар бастамашыл топ аудан әкіміне ұжымдық хат жолдаған-ды.
Облыстағы ауылдар мен көше атауларының жаңарып жатқанын айрықша атап өткен жөн. Қостанайдағы басты күре көшелердің бірі Таран – Тәуелсіздік болып өзгерсе, қазақтың бас батыры Қобыланды қолбасшының ескерткіші бой көтерген Герцен көшесі – Қобыланды батыр даңғылы аталып отыр. Жітіқара, Қарабалық өңірлерінде де бірқатар көше атаулары тәуелсіздігімізді әйгілейтін атауларға және туған жер тұлғаларының есімдеріне ие болмақ. Мұның сыртында іргетасы 1886 жылы қаланған Қостанай ауданының Давыденов ауылы Еңбек болып өзгерді. Әттеген-айы, аймақтың Денисов, Федоров, Таран аудандары әлі күнге байырғы атауы мен сол елден шыққан ұлы азаматтардың есімін ала алмай келеді…
Биылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттап, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында Қазақстанның киелі 100 нысанын анықтау жарияланған болатын. Бұл тізімнен Қостанай облысы да шет қалған жоқ. Өңірдің киелі орындары да осы «Киелі Қазақстан» жобасының арнайы тізіміне алынып отыр. Қазіргі таңда аймағымызда 34 киелі нысан анықталған. Олардың 10-ы жалпыұлттық мәнге, 24-і жергілікті маңызға ие деп танылды.
Үлкен сапардың бір күні
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір жүзеге асырылған шара – «Тобыл-Торғай мұрасы» жобасы. Бұған Қостанай облысының ішкі саясат басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мұрындық болып отыр. Жоба аясында облыстың аудан-қалаларына «Ұлы Дала қазынасы» атты пресс-тур ұйымдастырылып, қасиетті жерлерге саяхат жасау жоспарланған. Және арнайы сайт ашу көзделген. Ал жылдың аяғында бұл сапар арнайы журнал болып шықпақ. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожинаның қабылдауында болған экспедиция мүшелері үшін «Ұлы Дала қазынасы» сапарымен кеңінен танысудың сәті түсті. Бірден пресс-тур мүшелеріне ілесіп, теріскейдегі Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарына жол тарттық.
«Ұлы Дала қазынасы» бұған дейін аймақтың оңтүстігіндегі Торғай топырағын, берідегі Науырзым, Қамысты, Денисов, Таран жерлерін аралап келе жатқан беті екен.
Ал біздің сапарымыз облыс орталығынан 260 шақырымдағы Ұзынкөл ауданының Пресногорьков ауылындағы XVІІІ ғасыр аяғында бой көтерген шіркеу ғимаратына ат шалдырудан басталды. Қазақтың белгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жергілікті орта мектепте 1918-1921 жылдары оқығанын айта кетейік.
Іргетасы 1799 жылы қаланған Свято-Никольск ғибадатханасы – облысымыздағы ең көне шіркеу. Кесек тас пен күйген кірпіштен қаланған Православ ғибадатханасы сол кездегі жергілікті тұрғындардың көмегімен бой көтерген нысан. Шіркеу қызметшісі иерей Евгений Елагин мен тарихшы Сергей Виниченко бізді нысанның тарихымен таныстырды.
— Бұл шіркеудің қасындағы зиратқа орыс патшалығына қызмет еткен бірнеше генерал жерленген. 1831 жылы Сібір казак әскерінің жетекшісі Федор Набоков, 1835 жылы облысты аралау кезінде кенеттен көз жұмған Омбы облыстық басқармасының бастығы генерал-лейтенант В.И. де Сент-Лоранның мәйіті жерленген. Сент-Лоранның бетіне қойылған мырыш жапқыш облыстық өлкетану музейіне тапсырылған екен. Үшінші генерал – Екінші Сібір казак полкінің командирі Иван Нарбут 1919 жылы дүние салған, — деді С.Виниченко.
Негізінен шіркеудің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы мәліметтер жайында Тобольск және Омбы қалаларының архивтерінде қаттаулы. 1765 жылы Сібір Далалық корпусының басшылығы 7 бекіністе шіркеулер тізбегін салу туралы бұйрық шығарады. Патша саясатының Ұлы Даланы отарлау саясатының жүзеге асырылғанын Пресногорьков елдімекенінен табылған зеңбірек тұмсықтарынан аңғаруға болады. Жергілікті мұражайда тұрған қару бөлшегінің салмағы – 400 келі!
Ол кездегі лашық түріндегі ағаш шіркеулер табиғаттың тосын мінездеріне шыдас бермей, өртеніп кете бергендіктен, бұдан былай жаңа ғибадатханаларды тек тастан салу туралы өкім етіледі. Свято-Никольск шіркеуі де сол заманның талабымен бой көтерген сыйыну ошақтарының бірі. 1805 жылы бұл орын жергілікті проваслав жамағатының игілігіне беріледі. Ол кезде патша үкіметіне қызмет еткен казак жасақтары Наполеон армиясымен соғысуға аттанғанда, осы мекеннен құлшылық қылып барып аттанады екен. Герасим Радионов – шіркеудің алғашқы дін қызметкері. Ал құлшылық орны Сібір казактарының пір тұтқан жебеушісіне айналған Николай Чудотворец есімінің құрметімен аталады. Айтпақшы, Сібір даласын аралаған Ресей патшасы ІІ Николай осы шіркеу сыртынан өткен дейді тарихшы. Ол кезде ғибадатхананың келбеті де басқаша болған екен. Кіреберіс есігінің алдын бағандар тіреп тұрған:
— Шіркеу астында жерасты өткел бар деген әңгіме бар. Оның себебі де жоқ емес. Сібір басқару әкімшілігі бекіністерді салуға бұйрық берген кезде ғибадатханалар елдімекеннің дәл ортасында бой көтерсін деген талап қояды. Дәл Пресногорьковтағы жерасты жолын табу мүмкін болмады. Себебі, кеңестік уақытта талауға түскен ескі ғибадат үйін қайта қалпына келтірген кезде еденнің төмен бөлігі көміліп қалды. Бірақ жерден жоғары көтеріліп қараған адамға орманға қарай ағараңдап апаратын топырақ сұлбасы бар. Ұзындығы шамамен бір шақырымнан асады, — деді С.Виниченко.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қызмет етіп келген ғибадат үйі Кеңес заманында ауылдың өрт сөндіру бекеті болыпты. Ал қайтадан шіркеу мәртебесін беру туралы тоқсаныншы жылдардың басында мәселе көтеріліп, бұл бастама оң нәтижесін тапқан екен. 2005 жылы құлшылық үйі қайтадан жөнделген кезде өткен ғасырдың ортасында құлатылған мұнара қоңырауханасын қалпына келтіру мүмкін болмай отыр екен. Егер ол қайта салынатын болса, қазіргі 24 метрлік күмбезден де биік болу керек деді шіркеу қызметкері.
Келесі ат басын бұрған орын – Меңдіқара ауданының орталығындағы Косьма және Дамиан шіркеуі. 1907-1911 жылдар аралығында «сібірлік барокко» нұсқасымен бой көтерген бес күмбезді сәулетті нысан. Заманында дәл осы үлгідегі екі ғимарат Ресей өлкелерінде де салыныпты. Меңдіқарадағы құлшылық ошағы кеңестік дәуірде түрлі қоймалар, балалар спорт мектебі, мұражай қызметтерін атқарып келіпті. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Қазжобареставрация мамандарының тексеруінен кейін ғимарат мемлекет қорғауына алынған. 2005 жылы қалпына келтіріле бастаған ғибадатхананы жаңғырту жұмыстары әлі жалғасуда екен. Алдымен ішкі жұмыстары, соның ішінде інжілдегі кейіпкерлердің бейнесін көркемдеу жұмыстары қолға алынған. Ол үшін көршілес Тобольск қаласынан сәулетші-суретшілер шақырылыпты.
— Биыл шіркеудің басты бөлмесі – мехраб төбесі мен күмбезді қалпына келтіру қолға алынды. Қазіргі жөндеу жұмыстарына басты демеушілік еткен – «МИЛХ» ЖШС мен жергілікті «ПК Вита» ЖШС май зауыты. Жалпы шіркеуді қалпына келтіруге 150 миллион теңге шамасында қаражат қажет. Биылғы жоспарда 50 миллион теңге игерілмек. Биыл мұнара қоңырауханасын аяқтауға жақынбыз. Оның биіктігі – 41,13 метр болмақ. Ол үлкен күмбезден 2 метрге биік. Алдағы уақытта еден, сыртқы кірпіштерінің бүлінген жерлерінің барлығы қалпына келтіріледі. Ең бас ауруымызға айналғаны – жылыту мәселесі. Жүзге тарта келуші үшін жылына 5 миллион теңгені рәсуа ету – үлкен шығын. Дегенмен оның басқа да жолдарын қарастырудамыз. Соның бірі – еден астынан кететін заманауи жылыту пеші, — деді «ПК Вита» ЖШС директоры Петр Лебедев.
Сонымен, біздің экспедиция орта жолдан ілескен сапардың бір күні осылай аяқталды. Ал пресс-турдың келесі сапары Бәдрисафа ана, Барақ әулие, Мұхамеджан Сералин зираттарына жалғасып кетті.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай облысы.