РУХЫ МЫҚТЫЛАРДЫ НЕГЕ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙДІ?…….

Олар әдетте ыңғайсыз. Өз пікірі бар. Оларды басқара алмайсың. Себебі олар іштеріне үңіліп, жүректеріне құлақ салады, олар өз қадырларын түсінеді, сондықтан еш уақытта тура жолдан таймайды.
Олардың кеудесінде кір-қоқыссыз, таза өмір сүремін, еш нәрсеге қарамастан бақытты өмір сүремін деген ниетке қадалып тұрған зәкір бар.
Олардың іштерінде суырып тартып алып, бүлдіре алмастай мықты тамыр бар. Бойларындағы темірдей қатты ұстанымын, адамгершілік ар-ұятын, өзіне деген сенімін бұза алмайсыз.
Рухы мықтылар барлық ауыртпалыққа шыдайды, тағдырдың барлық қиындығын көтереді, сатқындықты, жалғыз қалған кездегі көңілінің құбылуын, бәрін көтереді.
Олар аурудан қорықпайды, себебі олар өз жүрегінде соғысты өткізді, жеке тозақ отынан өтті, алған жарасын даналыққа ауыстырып жібереді, жүрегіндегі сұлулық пен мейірімді сақтап, өмірден ләззат алады.
Олар бөтеннің жолын кес-кестемейді, бақыт сатумен айналыспайды, махаббатты жалынып-жалпайып таппайды, ал егер Құдай оларға сол сезімді бере қалса, оны ұлы сыйлық деп қабылдайды, сосын олар ешқашан сүйгенін сатпайды.
Әділ өмір сүреді, тек ар-ұятқа жүгінеді, өз басынан өткендерді айтып мақтанбайды, басқаларға қалай өмір сүру керек екенін айтып мазаламайды, үнемі өзін шыңдап, ілімін тереңдетуге тырысады.
Өз арбасын өзі сүйреді, басқаға салмақ салмайды. Сөзіне жауап береді, екі сөйлемейді, уәдесі мен аманатына берік, сөзі мен ісі алшақ кетпейді, ісі жүрмей қалатын жағдай бола қалса тек өзін кінәлайды, мықтылар бос өкінгеннен гөрі, өз қателігінен ғибрат алып, дұрыс шешім шығарады.
Олар үнемі ақ-қараны, обал-сауапты, жақсы-жаманды, түгел жақсы ажыратады, ешқашан оларды азғырып, сындыра алмайсың, еркінен тыс нәпсі қалауына итермелегеніңе көнбейді.
Сосын олар бос әңгіме айтылып жатқан жерден дер кезінде кетіп қалады. Қайсар рухтылар қажет деп тапса мәңгілікке кете алады. Оларды сынаймын деп босқа әуре болмаңыз, өзіңіз сынып кетесіз.
Лия Русс.
аударған Жүрсін Кәрім.