РУШЫЛДЫҚ ДЕРТ ЕМЕС

Шыным осы, күрсін мейлің, күл мейлің,
Руым кім? Қай жүзденмін? Білмеймін…
Ырым- сырым, салт дәстүрді сүймеймін,
Аруақ түгіл, Тәңірге бас имеймін.

Ақиқатты тек ғылымнан іздеймін,
Ас мәзірден шарабымды үзбеймін.
Еуропада ру, жүзін білместен,
Миллионы өлмей-ақ жүр біздейдің.

Өз еркіңде ойнасаңыз, күлсеңіз,
Еуропаша азат өмір сүрсеңіз.
Ру қуып, жеті атада үйленбеу,
Ескіліктің қалдығы ғой, білсеңіз.

Осылай деп ақыл айтты «данышпан»,
Еуропада үлкееен оқу тауысқан.
Байқауымша, өзі ғана ақылды,
Барша қазақ ақылынан ауысқан.

Қазағымның сенсіз таңы атады,
Ру деген жеті атасы, Отаны!
Сен сияқты жетесіздер, қарағым,
Тексіздердің қатарына жатады.

Жеті ата!
Мұндай салт жоқ әр елде,
Таба алсаң мойындайын, дәлелде.
Менің елім, Қазақ елі, тек қана –
Қаны таза бір ұлт болса әлемде.

«Таза қанды ұлтпыз» деген дүр-сініп,
Өздері «арии», өзгелерді құлсынып,
Ерекше ұлт болмақ болған құлшынып,
Немістің де сағы бүгін жүр сынып.

Бұл қазақта елден ерек талғам бар,
Сол дәстүрді ғасырларға жалғаңдар.
Бізге үлгі бола алмайды, қарағым,
Өз әкпесін, қарындасын алғандар.

Бәлкім, пәни дүнеде аз күндік,
Еуропаңнан аз ойнадық, аз күлдік,
Еркекке — еркек, әйелге — әйел үйленген.
Бізге үлгі бола алмайды азғындық.

Еуропаңда әке ұлынан суысқан,
Он алтыда шығарады уыстан.
Ал қазақтың ауыл түгіл аймағы,
Аға, әкпе, іні, бауыр — Туысқан!

Алашымды рушыл деп даттайды,
Жүзге бөліп, жүзін «отқа қақтайды»,
Таза қанды ұлт қалпында сақтаса,
Бұл қазақты рушылдық сақтайды.

Рушылдық дерт дегенге сенбеңдер,
Салт- дәстүрін жоғалтпайды көргенді ел.
Бүкіл қазақ бауыр туған! Тек қана,
Бөліп алып, билеуге жол бермеңдер!

Әділбек Қаба