Рушылдық дерті

Кеше ғана Әуесбайдың Қанаты «Астана» телеарнасына тікелей эфирге шақырды. Профессор Мырзакелді Кемел ағамыз бар екен, үшеуіміз прагматизм туралы әңгіме қозғадық. Қазаққа өте керек тақырып. Тарихымызға қарасақ- прагматик халықпыз, яғни әр шаруасын есептеп, уақытын текке кетірмей, бос даурықпай, мал-дүниесін шашпай мыңдаған жылдар тезінен өткен, «судың да сұрауы бар» дейтін өркениеттің өкіліміз. Өкінішке қарай Советтік эксперименттер тұсында жаңа шаруашылық құрылымына күшпен өттік, ал күшке салған уақытта халық көп дағдысынан, соның ішінде рационалды дүниелерінен айрылып қалатыны хақ.
Осылай әңгіме-дүкен құрып отырмыз, анда-санда телефон арқылы көрермен де қатысуда. Бір кезде кезегі келген адам телефон соғып, үлкен кіріспе жасап, соңында «Жамбыл Артықбаев Абылай туралы жазғанда Бөгенбай батырды атап, Қабанбайдың бас батыр болғанын айтпайды, жалпы арғыншыл» деп бықсытып аяқтады. Тікелей эфир. Тақырып -прагматизм ! Бөгенбай мен Қабанбайдың қандай қатысы бар ? Міне, осыдан-ақ қазаққа прагматизм жетіспейтінін білуге болады. Неге жетіспейді ? Алдымен жарым естілік күшті болып тұр (қазіргі педагогикада толық ес, жарым ес, ширек ес деген ұғымдарды тұрақты түрде қолданған дұрыс). Есі толық болса адам тікелей эфирді, оны тамашалап отырған халықты сыйлау керек. Екіншіден, бос отырған, сөз қуған, сол себепті көштің соңында қалған, жұрттың бәріне ызалы ма дедім, әйтпесе шаруаның адамы өз тіршілігімен жүрсе керек еді. Үшіншіден, үзіп-жұлып болмаса мандытып жүйелі оқымаған, үстірт адам екен дедім, әйтпесе менің кітаптарымнан Қабанбайға қатысты талай дүниені табар еді. Жақында ғана бір жігіттер Төле би туралы не жазғаныңыз бар, бізге беріңіз деген соң комптен жинасам 40 бет болды, Қабанбай туралы да соншама табылар еді.
Сонымен, қойшы, «ит үреді, керуен көшеді» деп үйге келдім. Ұмытқандай едім, ФБ-ты ашсам «Адай батыр» деген елді шулатып жатыр. Бұл не қаптап кеткен трайболизм ?
Трайболизм – өрісі тар, деңгейі төмен адамдардың дүниетаным алаңы. Біз таза туыстыққа негізделген рулық қауымнан сонау неолит дәуірінің басында шығып кеттік. Қазақтың руы – ол әкімшілік-территориялық, одан қалды саяси бірлестік. Біз «первобытный род» дегенді «ру» деп аудардық та, алғашқы қауымдық бірлік деңгейінде қабылдаймыз. Кез келген үлкен руды алып қараңыз- ішінде кім жоқ, қазақтың басқа руларынан кіргендерді айтпағанда, ондаған өзге этностардың өкілдері бар ! Иә, ру атауы сақталады, мысалы Кете, Адай, Қызай, Алтай атаулары бірнеше мың жыл өмір сүруі мүмкін, бірақ ішкі құрамы ылғи да өзгеріс үстінде болады. Мысалы, Қарағандыда кеше ғана ортамызда жүрген 300 мың неміс қазір Алманияда, өткен аптада болып келдім. Олардың орнына алыс-жақыннан өзге адамдар келіп қоныстанды, енді өздерін «қарағандылықтармыз» дейді. «Қарағанды» атауы мыңдаған жылдар әкімшілік-территорялық бірлік есебінде өмір сүре береді. Сол сияқты Тоқтар қожаның баласы Жанжігіттің тұқымымыз, Байжігітпен туыспыз деп сонау Тәжікстаннан Лақай ағайындар Найманға қосылып жатыр. «Елге ел қосылса- құт» ! Қазақ тіршілігінің осы заңдылығын 1930 жылдардың басында Мұстафа Шоқай Зәки Уалиди кітабына рецензиясында жазған еді. Іздеген адам менің парақшамды ақтарса болады.
Тіпті енді түп атаны қуалайтын болсақ Найман ру емес, рулардың бірлестігі. Әуел баста оғыздың сегіз тайпасы бас қосқан, оған ғұндардан қалған рулар (Бағаналы, Балталы, Қызай), одан кейін Қидан (Қытай) рулары кірген, сөйтіп мемлекет құрған. Өкіреш (Бұқа) туралы аңыз сонау Оғыз қаған заманынан бар, ал оз заман біздің пайғамбарымызға дейінгі 3400 жыл дейді Әбілғазы хан. Тарихқа қызығып бара жатсаң, басқа шаруаң жоқ болса, Лондонға барып архивтен Оғыз қаған жырының ескі нұсқасын қара, ол нұсқаның басында тұрған Өкіреш суретін қара, сонау Испаниядағы Campo de Borja ауылына барып, олардың неге қызық бұқаны герб ретінде пайдаланып отырғанын зертте. Мүмкін олар да Өкірештің тұқымы болар ?! Бірақ есіңде болсын, одан бері Найман құрамы жүз рет ауысты, сенің тегің Өкірешке еш қатысы жоқ, басқа бір атадан болуы әбден мүмкін. Өзің даттап отырған Бөгенбай батыр Өкірешке сенен көрі жақын шығар, қайдан білесің ?! Қанжығалы әуел баста Қаңлының жығалы тобы болған, яғни билеуші тобы, оның бір шеті Саха (Кангалас), екінші шеті Түркияда. Ал Қаңлы Оғыз ханның заманынан белгілі. Оғыз қаған жырында әуелі Ұйғыр аталады (тоғыз оғыз), одан кейін осы Қаңлы елі. Қанжығалы Арғынның Бес Мейрам емес, Жеті Момын одағының ішінде, яғни оғыздан қосылған рулардың арасында жүр, осыдан-ақ көп тарихты аңғаруға болады.
Адайдың тарихының да бұралаңдары көп, оны да кезінде сахада, алтай-кіжіде, арғын-алтайда, бағаналыда түпкі ата ретінде жүрген Елтай (Елдей) батырды мысал қылып жаздым. Осы сияқты тарих әрбір үлкен руда бар.
Жалпы елге айтарым, ең алдымен жеті атаңды біл, жеті атаға бекем бол, «арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-ай» деп жүре бер ! Әрине, талай мың жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан ру атауларынан бір жолата қол үзу мүмкін емес, үзбеу де керек шығар. Бұл әсіресе қазақтың өз ара туыстығын, сәйкестігін сақтауға пайдалы, себебі негізгі рулардың бәрі де бір-бірімен нағашы-жиен, құдандал, бірі қайын жұрт, бірі күйеу деген сияқты. Осыған байланысты қалыптасқан, бірін-бірі танымайтын адамдарды, қауымдарды жақындастырып, туыстастырып жіберетін тамаша әзіл- қалжыңдар, ойындар бар. Өрісі тар, деңгейі төмен, қалжың түсінбейтін, бәрін шын көретін дүлейлерге ру мәселесіне араласуға жол бермеу керек. Ал ғылыми жағын кәсіби тарихшыларға тапсыру керек, себебі қазақ руларының тарихын білмей қазақтың жалпы тарихын жазу да қиын.
Қазіргі күні қазақтың сүйенері де, дәріптейтіні де жеті ата болғаны дұрыс. Жеті ата – қазіргі күні тек мәселесіне де, әлеуметтік ұжым мен шаруашылық дамуға да жақсы негіз бола алатын институт. Барлығымыз да қазақтың баласымыз !

 

Жамбыл Артықбаев

Шабден Омаралиев фб парақшасынан