Құрылысты оңтайландыратын жоба Жамбыл жерінде бастау алады
Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы іссапары кезінде «Arai Plaza» бизнес орталығында жұртшылықпен жүздесті. Президент өз сөзінде өңірдің әлеуметтік дамуы және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша тоқталды.
— Аймақтың өнеркәсіптік және аграрлық мүмкіндіктері зор. Дегенмен аймақ республикалық бюджетке айтарлықтай тәуелді болып отыр. Облыстағы орташа жалақының мөлшері – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі – 112 мың теңге.
1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жамбыл облысының кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын.
Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Жақында өткен Ұлттық инвесторлардың кеңесінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 35-40 пайызға жеткізуді тапсырдым. Бұл мақсатты орындауға әр аймақ үлесін қосуы керек, — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ Президент қарапайым заттар экономикасына да басымдық берді. — Мемлекет «қарапайым заттар экономикасын» несиелеуге 600 миллиард теңге бөлді. Бұл Елбасының бастамасы болатын. Сондай-ақ экспортты қолдауға 500 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы экспортерлерге жеңілдіктермен несие беруге, экспорттық тасымалдарды сақтандыруға және өзге де шараларға жұмсалады.
Мен жуырда өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінде Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырмалар бердім. Оның қатарында орта және шағын кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, олардың мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысуына жол ашу керек. Олардың көлемі 14 триллион теңге.
Менің тапсырмаммен Үкімет Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жасауда. Жаңа кәсіпорындарға 3-5 жыл аралығында инвестициялық салық несиелері беріледі. Бұл кәсіпорындардың нарықтағы орнын бекемдеп, өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартады. Сондықтан облыс әкімдері жергілікті компаниялардың осы жобаға белсенді қатысуына жағдай жасау керек. Мемлекет қаржы беріп отыр, енді кәсіпкерлердің белсенділігі керек. Жергілікті әкімдіктер жер телімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге инфрақұрылымдар жеткізіп, әкімшілік кедергілерді болдырмау үшін жұмыс істеуі қажет.
Әкімдер және кәсіпкерлермен ортақ талқылаған тағы бір мәселе – ол құрылыс жұмыстарының ұзақ жүруі, әсіресе бюджеттік жобалардың созылуы. Сондықтан менің тапсырмама орай әлеуметтік, тұрғын үй, транспорттық нысандардың инфрақұрылымдары құрылысын жүргізуде жаңа бастамалар енгізу үшін Жамбыл облысы пилоттық облыс болып анықталды. Бұл жоба аясында бюджеттік, сатып алу, жобалық-сметалық құжаттар және өзге де құжаттар оңтайланады. Пилоттық жоба биыл бастау алады. Аталған жоба Жамбыл облысында ойдағыдай жүзеге асса, тәжірибе өзге де облыстарға таратылады.
Үкімет пен облыс әкіміне тапсырмамды жұмысында басшылыққа алуын тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.
Төлен Дедек